...Бұл күні бұл елде жыламаған адам жоқ шығар-ау. Өйткені, италиялықтар өте қызуқанды халық. Қуанышына теріс келсе, мемлекеттің саясатына қарай бермейді. 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасына капиталистік елдердің бойкот жариялағанына қарамастан, Патрица Олива қашып келіп, біздің Серік Қонақбаевқа тиесілі тәжді еліне алып кеткенде әуежай басына адам сыймай қалыпты дейді. Патрица қасқаны бүкіл қалаларында кортежбен алып жүріп, ұлан-асыр той жасағанын баспасөз арқылы білген едік. Оливаның жеңісін бүкілхалықтық тойға айналдырған еді италиялықтар.
Сөйткен халық сүйікті құрамасының, әлем чемпионы атағының ыстық-суығы басыла қоймаған құрамасының алғашқы сында жер қапқанын кешірер ме екен?! Дзамбротта жыласа да. Кәрі көкжал Канноваро екі етегі жасқа толып еңіресе де. Гаттузо мен Де Росси қолын жүрегіне қойып кешірім сұраса да. Әй, қайдам...
Италия құрамасы Словакия құрамасынан 2:3 есебімен жеңілді. Витек – 25 және 73, Ди Натале – 81, Копунек – 89, Квальярелла 90+2минуттарда гол соқты.
2006 жылы әлем чемпионы атағын жеңіп алған Италия құрамасында 1974 жылдан бері плей-офф сынынан өтпей қалу деген болмаған. Сондықтан, италиялықтардың жеңетініне ешкімнің шүбәсі жоқ еді. Құр аттай сыдыртып келесі кезеңде Голландияға қарсы ойнайды, оны да жолда қалдырады дескендер болған. Өйткені, әдетте италиялық футболшылар чемпионатты сүреңсіздеу бастап, уақыт өте келе қызатын. Бұл жолы Италия білгенінен жаңылды. Ал, словактардың жағдайы сол мезгілде қатар ойнаған Парагвай – Жаңа Зеландия ойынына байланысты еді. Топтан бұзып-жарып шығу италиялықтар қақпасына көбірек гол соғуға міндеттейтін.
Бірінші таймның алғашқы минуттарының бірінде Словакия қақпашысы Муканың тұсынан ысқырып өткен доптан кейін жанкүйерлер италиялықтар қарсыластарын тақымға басып әкетердей көрген. Бірақ, бірінші таймда олар бұдан өзге қауіпті сәт туғыза алған жоқ.
Есесіне Маркетти қақпасының алдында ала шаң көтеріліп жатты. Сондай қауіпті кезеңдердің бірінде Гаттузо орны толмастай қателік жіберді. Ол сыртқа тепкен доп Витектің аяғына тиді. Құдай қай тұстан несібе береді деп қақпа маңын торуылдап жүрген оғлан айып алаңынан қақпаның сол жақ бұрышын шоршытып түсірді...
Журналистерге берген сұхбатында Италия құрамасының енді бұрынғы бас бапкері Марчелло Липпи өзін кінәлады: “Мен бар жауапкершілікті өз мойныма аламын. Егер ойыншылар осындай жауапты кездесуге жүректері суылдап, тізелері дірілдеп шығатын болса, бапкердің оларды дұрыс дайындай алмағаны ғой. Яғни, бәріне мен кінәлімін”, деді М.Липпи. Бұлайша ағынан жарылудың өзі үздік құраманың қан сорғалаған жарасын жалап жаза алмайтындығы анық.
Сөйтіп, елдеріне басы салбырап қайтқан француздардың соңынан италиялықтар ілесті.
Ал, Парагвайға Жаңа Зеландиямен жан қинамай тең ойнаса да келесі кезеңге өтуге жеткілікті еді. Солай болды. “Ғ” тобында плей-оффқа Парагвай мен Словакия құрамалары өтті. “Е” тобында голландиялықтар келесі кезеңге билетті күні бұрын алып қойғандықтан Камерунмен ойын аса маңызды емес еді. Солай бола тұра кездесу 2:1 есебімен голландиялықтардың пайдасына шешілді. Ван Персидің 36-минутта соққан голына құрлықтағы үздік шабуылшылардың бірі Это’О 65 минутта жауап берген. Бейбіт тарқайды деп күтілген ойынды Хюнтелер голландиялықтардың пайдасына шешті.
Жапондар мен даниялықтардың жеңгені келесі кезеңге өтуі тиіс болатын. Жапондардың айы оңынан туып тұр екен. Еуропаның құрамасы оң-солын бажайлап, олпы-солпы тұстарын жөндеймін деп жүргенде, алмас қылыштай жарқылдаған жапондар олардың қорғанысын сетінетіп жіберді. Хонда, Эндо және Окадзаки соққан голға Томассон бір голмен ғана жауап бере алды. Осылайша жапондар да кетіп бара жатқан пойыздың соңғы вагонының үзеңгілігіне аяқ салды.
Бақтияр ТАЙЖАН.