• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
29 Маусым, 2010

АТА САЛТЫМ – ҚАЗЫНАМ

547 рет
көрсетілді

Жаздың жайма-шуақ күндерінде Талдықорған қала­сын­да аудандардың мәдени күндері шымылдығын ашты. Дәстүрлі мерекенің тұсаукесерін өткен жылы бас жүлдені иеленген Аспантаулар өлкесінің жұртшылығы – райым­бектіктер бас­тап, шаһар халқы мен қонақтарды өлең мен жырдың ақ бесі­гінде тербетіп, салт-дәстүрдің мәйегін ұсынумен ерекшеленді. Шара қаладағы “Үш бәйтерек” және “Даңқ” ескерт­кіштеріне гүл шоқтарын қоюдан басталып, аудан азамат­тары С.Сейфуллин атындағы облыстық кітапханада оқырмандармен жүздесіп, Мұқағали, Бердібек, Сағат, Еркін, Баққожа, тағы басқа таланттарының өмірі мен шығармашылығы жайлы кеңінен әңгімеледі. “Ата салтым – қазынам” бағдарламасымен қаз-қатар тігіл­ген үйлердегі ұлттық қолөнер, дәстүр жалғастығы өрнек­телсе, “Хан Тәңірі” әуендері қала халқының көңі­лінен шықты. Сон­дай-ақ, қуанса бала қуансын демекші, облыстық мүмкіндігі шек­теулі балаларға арналған оңалту орталығындағы бүлдір­­шін­дерге аудан жұртшылығы атынан сыйлық тапсырылып, мұнда да сәбилер назарына әуезді ән ұсынылды. Жастардың сауық кеші мазмұнды болып, ауыл мен қалалықтар бір-бірімен жақын­дасты. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы. БІЛІМ МЕН ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ Облыстық мәдениет орталығында “Кәсіптік білім және бизнес: серіктестер сұхбаты” деген тақырыпта аймақтық форум өтті. Оны ұйымдастырушылар облыстық білім басқармасы, “Ақтөбе облысы кәсіпкерлері мен жұмыс берушілері одағы” біріккен қоғамы және Ақтөбе қала­сының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі. Аймақтық форумға Ақтөбенің жоғары оқу орын­дары мен колледждерінің, Ресей және Чехия жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Форумның мақсаты – Қазақстанның 2008-2012 жыл­дарға арналған техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту­дың мемлекеттік бағдарламасының міндеттерін жүзеге асыруға ынталы тараптарды тарту, оқу орындары­ның түлектерін жұмысқа орналастыру және кадрларды даярлаудың деңгейін көтеру мәселелерін шешуде жұмыс берушілер мен білім беру мекемелерінің ынтымақтас­тығына қол жеткізу. Осы шараның аясында өткізілген “Білім. Жұмыс. Мансап-2010” атты көрмеде шетелде білім алу жайында кеңес берілді, облыстың іргелі кәсіпорындарының қаты­суымен жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Үздік ұстаздар он екі номинация бойынша марапатталды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.