• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Ақпан, 2015

Екі қолға – бір жұмыс

571 рет
көрсетілді

Елді еңбекпен қамту қалай жүзеге асуда? Елімізге ауыр салмағын сездірген 2008 жылғы әлемдік дағдарыстан кейін халықты еңбекпен қамту ісін жүйелеп, қолға алу мақсатында Елбасының тапсырмасына сәйкес Үкімет «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын әзірлеген болатын. Бұл бағдарламаның тиімділігі салған беттен өз көрінісін берді. Бағдарлама алғашқы жүзеге асырылған жылдың өзінде еліміз бойынша көптеген жұмыс орындары құрылды. Ол кейінгі кезде жиілеп кеткен әлемдік, өңірлік дағдарыстардан қарапайым халықты қорғаудың, әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандырудың өзіндік бір тиімді тәсіліне айналды.

Бағдарламаның 2014 жылғы орындалу қорытындысы

 «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» шараларын республикалық қаржыландыру көлемі 2014 жылы 94,5 миллиард теңгені құрады. Бағдарламаға қатысуға тілек білдірушілердің саны аталған жылы 212,7 мың адам болды. Олардың 193,7 мыңы бағдарламаның қатысушыларына айналды. Бағдарламаға қатысушылар арасында әлеуметтік келісімдерге қол қойған жұмыссыздар саны – 113 191 адам (58,4 пайыз), өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 79 308 адам (40,9 пайыз). Ал 1240 адам (0,6 пайыз) ішінара жұмыспен қамтылды. Бағдарламаға қатысушы 29 жасқа дейінгі жастар үлесі 43,5 пайызды құрап, 84,269 адамға жетті. Әйелдердің үлесі 48,2 пайыз (93 309 адам) болды. 2014 жылдың ішінде бағдарламаны жүзеге асыру аясында 167,2 мың адам жұмысқа орналастырылды. Оның 92,2 мыңын ауыл адамдары құрады. Соның ішінде 151 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, мемлекеттік шаралар қолдауынсыз, яғни нарықта бар бос жұмыс орындарына 87,3 мың адам тартылды. Бағдарламаның аталған бағыты жұмыс берушінің қажет ету аясында еңбек ресурстарын шоғырландыру мәселесін қарастыратындығы белгілі. Осы істі жүзеге асыру үшін бағдарламаны жүзеге асыру ісі қолға алынғаннан бері 5 377 пәтерге есептелінген 1 337 үйдің құрылысы қолға алынды. Мұның 1 225-ін жеке тұрғын үйлер, 100-ін көппәтерлі үйлер құрайды. Сонымен қатар, 12 жатақхана бар. 2015 жылдың 1 қаңтарында 1 295 үйдің (4 884 пәтер) құрылысы аяқталды. Бағдарламаға қатысушылар мен олардың отбасылары 1 244 үйге (4 729 пәтерге) немесе іске қосылған тұрғын жайлардың 96,1 пайызына орналастырылды. 42 үйдің (493 пәтердің) құрылысы жалғасуда. 2011-2014 жылдар аралығында 16,1 мың адам көшірілді. Мұның 3 456 адамы 2014 жылы қоныс аударды. Жалпы, көшірілгендердің 7,8 мыңы еңбек жасындағылар болса, олардың 6,1 мыңы немесе 78,3 пайызы жұмысқа орналастырылды. Көшірілген отбасыларға жол шығындары үшін 26,5 миллион теңгенің субсидиясы төленді. Сөйтіп, қарастырылған қаржының 97,7 пайызы игерілді. Сұңғат Әліпбай, Амангелді Қияс (инфографика), «Егемен Қазақстан».