• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Ақпан, 2015

Мақсат – тәуелсіздікті мәңгілік ету

527 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назар­баевтың Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзі жүрегінен төгіле шықты. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетті. Иә, Тәуелсіздік бізге ешқандай көктен түскен құдіреттің сыйы емес һәм азаттық жолы – азапты. Ал оны сақтап қалудың одан да бетер қауіп-қатерлі екенін қазіргі әлемдік дамудың өзі көрсетіп отыр. Тамылжыған тамыз айының соңындағы Ұлытаудағы ұлт туралы толғанысында Елбасы Н.Ә.На­зар­баев туған Отанымыздың гео­саяси тұрғыда қиын­дығын қи­сынды қылып айтса, одан кейінгі Қазақстан халқына арналған «Нұрлы Жол» Жолдауында елі­міздің геосаяси шиеленістердің эпицентріне өте жақын жатқан аймақ екеніне баса назар аударды. Ал Қазақстан Рес­пуб­ликасының Тәуелсіздік күніне арнал­ған салтанатты жиында «Нұр­лы Жол» Жаңа Экономикалық Саяса­ты ­жа­һандық сын-қатерлерге ла­йық­ты жауап болып табылатынын айрықша ­атап өтті. Басқаша айтсақ, әлемдік ­саясатта кез келген уақытта оқтын-оқтын болып тұратын ­сая­си­ ойын­дар мемлекет тізгі­нін ұс­таған билеушінің бойы­нан қиядағыны көріп, алыстағы­ны болжайтын дара бітімді, харизматикалық тұлғаға тән көптеген меритократиялық қа­сиеттерді талап етеді. Олай дей­тініміз, Қазақстанның геосаяси орналасуы жағынан ғасырлар бойы шеккен азабы шаш-етектен. Дауылпаз ақын, жаужүрек батыр Махамбетше айтсақ, «Бұл қонысқа қондырған, ата-бабам оңбасын, таңда сират басында». Қазақ халқында бағзыдан келе жатқан «Көршіні Құдай қосады» деген қанатты сөз бар. Қысқартып айтсақ, Қазақстанның экономикалық жағынан тұйық кеңістікте орналасуы өз алдына, әлемдегі алып мемлекеттердің қатарына кіретін ұлы көршілерінің ырқында кетпей, дербестігін сақтап, мемлекеттілігін нығайтуы – Мәңгілік Ел болуға ұмтылған Елбасының, ұлт элита­сының, ұлт асылдарының мәңгілік саяси ұстанымы. Өмір – күрес. Өмір – тартыс. Өмір – бәсеке. Бұл – тіршілік заңы. Күрес, тартыс, бәсеке тоқтаған жерде өмір тоқтайды. Алаш көсемі Ә.Бөкейхановша айтсақ, «таласып-тартыспаған кісіге де, халыққа да тәмам қасқырдың арасында бәйге жоқ». Иә, әлемде геосаяси ойындар әдеттегідей тоқтаусыз жүріп жатыр. Бұ­рын бабаларымыз ғасырлар бойы ұлт азаттығы жолында қа­нын тө­гіп, жанын берсе, ен­дігі күрес, ендігі мақсат – тәуел­сіз­дікті мәңгі­лік ету. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қайтсем Қазақ елін мәңгілік мемлекетке айналдырамын?!» дейтін аса ұлы мемлекетшіл мүдде жолында тынымсыз ізденіс үстінде жүрген халқымыздың парасатты перзенті. Мәңгілік Ел болуды көздеген мемлекет, алдымен өз тек-тамырының тереңнен тартатынын және ата-бабасының өте бай тарихы бар екенін есінен бір сәт те шығармауы тиіс. Ұлттық идеяның өзегі – ұлт тарихында. Мұны Елбасы бұл жолы да анық аңғартты. Құдай қаласа, Қазақ мемлекеттілік тарихына арналған бірнеше даталық мерейтойлардың мемлекет деңгейінде аталып өтетініне ерекше тоқталып, Алаш баласының рухын асқақтатты. Жаңабек ЖАҚСЫҒАЛИЕВ, тарих ғылымдарының кандидаты. ОРАЛ.