• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
20 Маусым, 2015

Журналистер еңбегіне – лайықты баға

274 рет
көрсетілді

Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқа­лықованың төрайымдығымен Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы 2015 жылғы сыйлықтарын беру, гранттарын тапсыру және Алғысын жариялау жөніндегі қоғамдық комиссияның отырысы өтті. Қолына қалам ұстаған, өз­дері­нің ой қуаты мен тіл шебер­лігін өміріне серік еткен журналистер қауымы жыл сайын бір рет аталып өтетін кәсіби мереке – БАҚ күнін асыға күтеді. Отанға, елге, туған халқына жасаған еңбектері еленіп, марапат алып жатса, марқайған көңілмен бұрынғыдан да құлшына еңбектенетіні хақ. Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова отырыс­та сөйлеген сөзінде бұқаралық ақпарат құ­рал­дарының Қазақстан мем­ле­кеттілігін нығайтудағы маңызды рөліне тоқталып өтті. БАҚ өкілдерін келе жатқан кәсіби мере­келері – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен құттықтап, бұқаралық ақпарат құралдарының өз қызметтері арқылы халықты жұмылдырып, патриотизмді нығайту мен қоғамды ұйыстыра түсудегі рөлі ерекше екеніне мән берді. Елбасы жыл сайын жур­налис­термен жүздесіп, БАҚ қызме­тіне маңыз беріп отырады, елі­мізде арнайы орталық – Қазме­диа орталығы пайдалануға берілді, ал журналистер болса, билік пен халық арасындағы көпір тәрізді үлкен жұмыстарды атқаруда, дей келіп: «Елде жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси ре­формалар мен Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясында және «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауында ұсынған ауқымды экономикалық жоспарларды жүзеге асыру аясында бұл айрықша маңызды», – деп атап көрсетті. Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы бүгінде елдің алдында тұрған сая­си, экономикалық және әлеуметтік міндеттерді табысты орындау көп жағдайда қоғамның әлеуметтік бел­сен­ділігіне байланысты екеніне, ал оған ықпал етуде отандық БАҚ-тың маңызды рөл атқаратынына тоқталып өтті. – Мемлекет талантты журналис­терге және батыл ақпараттық жобаларды жүзеге асыру ісіне жан-жақты қолдау көрсетеді. Осындай қолдаудың маңызды бір тетігі жыл сайын Қазақ­стан Президентінің БАҚ саласындағы сый­лықтарын беру, гранттарын тап­сыру және Алғысын жариялау болып табылады, – деген Қоғамдық комис­сия төрайымы биыл комиссияның қарауына 81 ұсыным берілгенін, атап айтқанда, оның 64-і журналистерден, 17-і шығармашылық ұжымдардан, 29 ұсынымның баспасөзден, 44 ұсыным электронды БАҚ-тан, 8 ұсыным белгілі бір БАҚ атынан ұсынылмаған жеке үміткерлерден келіп түскенін жеткізді. Қоғамдық комиссия отырысы барысында журналистердің ма­те­риалдарының деңгейінің жоғарылығы, сондай-ақ, баспасөздің Қазақстан дамуының маңызды қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық ас­пек­ті­лерін жариялап, көрсетудегі үлесі атап өтілді. Талқылау қорытындысы бойынша, БАҚ саласындағы президенттік сыйлықтар мен гранттарды тағайындау ережесіне сәйкес, Қоғамдық комиссия ашық дауыс беру арқылы бұқаралық ақпарат құралдарының екі өкіліне сыйлық беру, екеуіне грант тапсыру және бірнеше шығармашылық ұжымға Президент Алғысын жариялау жөнінде Мемлекет басшысына ұсыным жасауға шешім қабылдады. Отырысқа комиссия мүшелері – республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының, шығармашылық одақтардың, журналистер қоғамдық бірлестіктері мен мүдделі мем­лекеттік органдардың өкілдері қа­тысты. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».