Осылай аталған байқау мемлекеттік тілдің өзге этностар арасында қолданылу аясын кеңейту мақсатын діттеп, облыс орталығындағы «Достық үйінде» ұйымдастырылды. 17 үміткер қатысқан сайыс Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналды. Оларға «Тіл – татулық тірегі» тақырыбында бейнеролик әзірлеу, мемлекеттік тілді қаншалықты дәрежеде меңгергенін айғақтайтын эссе жазу және арнайы билеттер бойынша дайындалған сұрақтарға жауап беру талаптары қойылды.
– Байқау мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, қазақстандық патриотизмді насихаттауға, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін оқып-үйренуге деген ынта-ықыласын арттыруға бағытталған, – деген еді сайыс алдындағы сұхбатында «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Дина Әбілмәжінова.
Сайыскерлер «ә» дегеннен-ақ өздерінің жарысқа тыңғылықты дайындалып келгендерін байқатты. Қай-қайсысы болсын өзін және отбасын, жұмыс орны мен тұрғылықты жерін қазақ тілінде жатық таныстырды. Десек те, бірінші сында Жамбыл ауданынан келген Екатерина Қалижанованың озық шыққаны байқалып тұрды. Мектепте іс қағаздары маманы болып жұмыс істейтін ол қазақ тілін жастайынан біліп өсіпті. Қазақ отбасына келін болып түскеннен кейін ұлттық салт-дәстүрлерді бір кісідей меңгеріп алғанға ұқсайды.
Одан Ғ.Мүсірепов ауданының атынан сынға түскен ұлты әзербайжан Айгүл Уәлиева да қалыса қоймаған тәрізді. Оның мемлекеттік тілдегі білім ошағында еңбек етуі қазақ тілін еркін білуіне көп септігін тигізген сыңайлы. Эссе жазу, сұрақ-жауап тапсырмалары да мүлтіксіз орындалып, қазылар алқасына жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтау оңайға түскен жоқ.
Сайыс қорытындысы саралана келе, петропавлдық Виктория Говорухина бас жүлдені талассыз жеңіп алды. Олай болатын реті бар. Ол М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітіріп, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын алып шыққан. Бірінші, екінші орындарды облыс орталығының намысын қорғаған Ульяна Габрикова мен Николай Тихненко иеленді. Үшінші орынды айыртаулық Надежда Батенова мен Ғ.Мүсірепов ауданының өкілі Айгүл Уәлиева бөлісті. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
– Жақында Елбасымыз Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының басталуын жариялап, оның мәре алуы біздің облыста да кеңінен атап өтілді. Жергілікті Ассамблея құрамындағы 23 этнобірлестік мерейлі шараларға белсенділікпен атсалысып келеді. Біз Тәуелсіздігімізді, ынтымақ-келісімімізді нығайтуға арналған құндылықтарымызды қашанда биік қастерлейміз, – деді сөйлескенімізде жарыстың бас жеңімпазы В. Говорухина.
Ол енді Астанада өтетін конкурста өңіріміздің намысын қорғайтын болады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.