Қазақта «ер жігіт елге болсын дейді» деген жақсы тәмсіл бар. Өзінде барды өзгемен бөлісіп, кейіндеп қалғанды ілгері сүйрейтін көкірегі ояу көпшіл жандарға арнап берілген баға. Осындай «бірді екеу етсем, екіні елмен бөліссем» деп жүрген азаматтардың бірі – Құсман Шалабаев.
Ол Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап жеке кәсіппен айналысып, бизнесте тапқан табысын елдікті, бірлікті насихаттайтын жобаларға жұмсауды жолға қоя білген жан. Құсман Кәрімұлының патриоттық рухты тәрбиелеуге қосып келе жатқан үлесі – бір төбе, ардагерлер мен көпбалалы отбасыларға демеу болып, қайырымдылық шараларын тұрақты өткізіп жүрген ісі – бір әлем. Атажұртын аңсап келген қандастарымыздың басын қосып, қазақтың ортақ мәдени қазынасына перзенттік үлесін қосуға мүмкіндік беретін сондай бір игі шаралардың бірі – патриоттық әндер шырқалатын рухани концерт. Міне, 14 наурызда Өмірбек Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында өткізілетін мәдени шара қарсаңында Құсман ШАЛАБАЕВТЫ әңгімеге тартқан едік.
– Құсман аға, жат жұрттан туған Отанына оралған қандастардың басын қосып, патриоттық әндер шырқалатын рухани кешті ұйымдастыру идеясы қалай пайда болып еді?
– Қазақтың аталы сөзі бар «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген. Қай мемлекетке бармаңыз, қазақ басқа елдің мәдениеті мен өнерін, өмір сүру дағдысын жетік меңгеріп алса да, оның табиғаты, мінезі мен рухани болмысы қашанда қазақ болып қала береді. Еңбек етудегі тәсілі, адаммен қатынастағы мәнері мен тілді қолдану машығы өзгеруі мүмкін, алайда, оның ішкі жан дүниесі мен табиғи болмысы, тектік өзгешелігі мен рухани жады әйтеуір туған топырақтың құнарына, ата-бабасы ту тігіп, кіндік қаны тамған жердің қасиетіне ұқсап тұрады.
Еліміз Тәуелсіздік алып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған дара жолына түскелі бері әлемнің әр пұшпағына тарыдай шашылған қаншама қандастарымыз туған топыраққа келіп, тамырын терең жая бастады. Егемендіктің алғашқы жылдарында атбасын атажұртқа бұрған бауырларымыз сол кезеңнің қиыншылығы мен қанағатын бірге бөлісіп, осынау «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманға жетер жолды бірге қатар жүріп өтті. Ел қатарлы елдіктің туы биік желбіресе екен деген ниетпен қам-қарекет қылды. Шүкір, қазір сол кезде сырттан келген қазақтар өз ішімізге сіңіп, өз Отанында өмір есігін ашқан жаңа буын өкілдерін тәрбиелеп отыр.
Міне, «Өз елің – өзекке теппес» деген тәмсілді ұстана отырып, кешегі келген қандастар мен келешекте туған топыраққа аяқ басар өз тумаларымыз Қазақ елі дейтін өз Отанына еркін сіңіп, елдіктің керегесін кеңейту мен Қазақстан дейтін жас мемлекеттің даңқын бірге асыруға, ұлтымыздың келешегі үшін «бір жеңнен – қол, бір жағадан – бас шығаратындай» бауырмалдыққа шақыру және бірлік пен ынтымақты насихаттау мақсатында осындай патриоттық жобаны қолға ала бастаған едік. Аяқалысы жаман емес, жылдан-жылға көрермендер саны да, қатысушылар құрамы да ұлғайып, көптеген игі жақсылардың жылы лебізіне қанығып келеміз.
– Осы жоба аясында «Мәңгілік ел», «Еліме келіп елеулі болдым», т.б. секілді өзіңіз жазған бірқатар әндердің шырқалып жүргеніне куә болдық. Осы «Мәңгілік ел» әніңіз туралы айта кетсеңіз?
– Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылдың 17 қаңтарында Қазақстан халқына жасаған Жолдауында: «Мәңгілік Ел – ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екендігін барлығымыз білеміз. Біз бұл арманды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік елдің іргесін қаладық. Мен қоғамда: «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауалдың жиі талқыға түсіп жүргенін естіп жүрмін, біліп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар етіп ұлтты ұйыстыратын, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы!» деген болатын. Бұл кездейсоқ туған ой емес. Қашанда тыныштығы тұрақтылыққа жалғасып, берекесі мерекеге ұласқан елдің, сондай барақат күй кешкен қоғамның ниеті, ойтүрткісі бұл. Міне, бұл осы тірлігімізге тәубе етіп, келер ұрпаққа бүгінгі арман-тілек пен баға жетпес байлықты аманат ету, ата-бабаның рухынан нәр алып, қазіргі таңда қайта жанданған қасиетті «Мәңгі ел» ұғымын болашаққа табыстау ниетінен туған ән еді. Әрине, Президентіміздің бастамасы мен бағдары үлкен шабытпен қолға қалам алуға мәжбүрлегенін баса айтқым келеді.
Ширек ғасырға жетеқабыл уақыт аралығында, даму заңдылығымен қарасақ тым қысқа мерзім ішінде осындай экономикасы тұрақты, ілгері дамуы нақты қалыптасқан, өзі құралпы республикалардан оқ бойы алға озған мемлекетті әлемге паш етіп, дамыған елдердің өзі мойындайтын мығым елге айналдырған Елбасының ерен еңбегі мен сарабдал саясаткерлігі, кең көлемде қарағанда әлем картасында алысқа айбар, жақынға сес боларлық келешегі кемел елдің бүгінгі қадамы мен ертеңгі бағдары мені шынайы қуантты әрі тәнті етті. Сондай тебіреністің жетегімен осы «Мәңгілік Ел» әні дүниеге келді. Оны қазірде халқымызға белгілі опера әншісі Талғат Күзембаев орындап жүр. «Еліме келіп елеулі болдым» деген ән де осы бүгінгі өмірді, оның қазаққа берген жақсылығы мен қайталанбас мүмкіндігіне тәубе етуден туындаған. Оның сыртында жуырда жазған «Ұлыларды ұлықтау» дейтін толғау да түп тамырымызды тура тауып, ұлттық ұстынымызға қайта оралған тарихи кезеңнің болмысын сипаттайтын дүние.
– Ол қандай толғау? Тақырыбын аша түсу үшін шамалы таратып айтсаңыз?
– Сонау сақ дәуірінен бастап, ғұндардың ерлік ісі, Дешті Қыпшақ даласындағы дербестікті тізбелей келіп, берідегі Алтын Орда дәуірі, Шыңғыс ханнан бастап, Керей-Жәнібек, Әбілқайыр мен Абылай хан, олардан кейінгі бодандықтың ноқтасына басы сыймаған Кенесары хандарды тізбелей келіп, сол хан бабаларымыздың «қасқа жол», «ескі жол», «есті жол» деп ұстанған тәлейлі де тағдырлы жолдары мен игі бағдарының бүгінгі жалғасы іспетті «Нұрлы Жолмен» жалғасатын толғау. Бұл толғауды қазір Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші-жырау Ақан Әбдуәлі бауырымызға тапсырдық. Бұйыртса, жуырда қалың тыңдарман қауымға жол тартпақ.
Рас, V ғасырдан аса тарихы бар деп бүгінгі ғалымдар айтып отырған Қазақ хандығында талай қолбасшы, талай сұңғыла хан өткен, біз соның ішінен қадау-қадау дара тұлғаларын ғана атап айттық. Егер бәрін толғауға арқау етер болсаңыз, онда «Қырымның қырық батыры» секілді таңды-таңға ұрып, қона жатып айтатын өте көлемді дастан болар еді.
– Биылғы патриоттық жобаның тағы бір ерекшелігі бар көрінеді. Атап айтсақ, дәстүрлі шараға айналып келе жатқан бұл концерттік бағдарлама аясында биылдан бастап мүшәйра өткізіледі екен...
– Иә, ол рас. Биылғы жыл еліміз үшін маңызы салмақты мерейтойлық жыл болғалы тұр. Үстіміздегі жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Ата заңымыздың 20 жылдығы секілді тарихи мейрамдар рет-ретімен атап өтіледі. Осыған орай біз де өзіміздің жалпыұлттық жобамыздың бағдарламасына қазақтың киелі өнері – поэзияны қосып отырмыз. Мүшәйраның бір ерекшелігі, оған тек 40 жасқа дейінгі ақындарымыз қатыса алады. Және талапқа сай – олар шеттен келген қандас ақындар болуы керек. Ойымыз – Тәуелсіздік алғаннан бастап атажұртын аңсап келген бауырларымыздың рухани бұла күшін анықтау, Отанына деген сүйіспеншілігі мен махаббатын салмақтау, жас ұрпақ бойында патриоттық рухты қалыптастыру еді. Жүзден жүйрік шыққан таланттарымызға марапат көрсетіп, ел алдында абыройын асқақтатсақ па дейміз. Бұдан өзге де қазақпен қазақты жақындастыратын ерекше жоралғылар мен ұлттық сананы бекемдей түсетін кәделі шараларды атқармақпыз.
Әңгімелескен
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».