• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
04 Тамыз, 2015

Балаларды қорғау – баршаға ортақ

367 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Балаларға қатысты зорлық-зомбылық, қатыгездіктің алдын алу мәселелері бойынша мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың ынтымақтастығы туралы» тақырыбында брифинг өтіп, онда балаларға көрсетілетін зәбірлер мен зорлық-зомбылықтардың алдын алу мәселелері жан-жақты талқыланды. Бұл жолы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдына «SOS Қазақстанның Балалар ауылы» корпоративтік қорының директоры Батырхан Женалаев, «SOS Астананың балалар ауылы» бағдарламасының директоры Зәуреш Арыстанова және ҚР БҒМ Балалар құқығын қорғау комитетінің бас сарапшысы Гүлмира Құлсариева шықты. Реті келгенде айта кету керек, «SOS балалар ауылы» 132 елде болса, Қазақстан оның құрамына 1993 жылдан бастап кірген. Қазіргі таңда балалар ауылдары Астана, Алматы және Теміртау қалаларында жұмыс істеуде. Балалар құқығын қорғау комитетінің бас сарапшысының сөзіне қарағанда, жалпы елі­мізде бүгінгі таңда балалар мәсе­ле­лерімен айналысатын 400-ге тарта әртүрлі қоғамдық бірлестік тіркелген. Балалар құқығын қорғау комитеті жанынан үкіметтік емес ұйымдардың үйлестіру кеңесі де жұмыс істейді. Оның құрамына 37 ҮЕҰ кіріп отыр. Сондай-ақ, бұл қоғамдық бірлестіктер кәмелет жасына жетпегендер істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрамында екендігін де айта кеткен жөн. Аталған орган Үкімет жанынан құрылған, барлық үкіметтік емес ұйымдармен меморандумдарға қол қойылған. «Еуразия – Орталық Азия» қоры арқылы балалар үйінен шыққандардың өмірге бейімділігі жөніндегі әлеуметтік зерттеулер орын алғандығы да аталмай қалмады. Сонымен қатар, «Зияткерлік еңбек одағы» қоғамдық бірлестігі тарапынан балалар еңбегін қанауға жол бермеу мақсатында жыл сайын «Бала еңбегімен күрестің 12 күні» ұлттық кампаниясы жүргізіліп келеді. «Әйелдер лигасының шығармашылық бастамасы» қоғамдық бірлестігімен отбасыны қолдау бағдарламасы да жүзеге асырылуда екен. «SOS Қазақстанның Балалар ауылы» корпоративтік қорының директоры Батырхан Женалаевтың айтуынша, балаларға қарсы зорлық-зомбылық пен қатыгездік мәселесі әлемде өткір тұр. Мұндай проблема тек мемлекетке ғана қатысты емес, сонымен қатар, қоғамды да толғандырар мәселе. Сондықтан да үкіметтік емес ұйымдар мен коммерциялық емес секторға үлкен үміт артылып отыр. Сөз реті келгенде, қор директоры өзі басқаратын қордың халықаралық ұйым құрамына кіргенімен, қазақстандық балалардың болашағы үшін жұмыс жасап жатқандығын алға тартты. Ол аталған қордың 1993 жылы құрылғандығын, ал 1997 жылдан Алматы қаласындағы алғашқы балалар ауылы ашылғанын, бүгінде олардағы балалар саны 67-ден 1200-ге дейін көбейгендігін атап өтті. Енді бұл балалар 22 жоба мен бағдарламалар арқылы қорғалуда екен. Оның сөзіне қарағанда, балаларды қорғауға арналған бірқатар заңдар да қабылданған. Ал «SOS Астананың балалар ауылы» бағдарламасының директоры Зәуреш Арыстанова өз кезегінде балалар ауылы мен үйлерінде орын алып жатқан жағдайлардың барлығына мониторинг жүргізілетінін, балаларға көрсетілген зорлық-зомбылықтар мен қатыгездіктерге қатысты мәліметтер базасы бар екендігін де ортаға сала кетті. Елордадағы балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесі бәсең тартқанын жеткізген З.Арыстанова мұндай келеңсіздіктер тұрмысы нашар отбасыларда жиі көрініс беретініне назар аударды. Сондықтан осындай зорлық-зомбылықтардың алдын алу үшін көптеген шаруаларды атқару мәселесі күтіп тұр. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».