• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Ақпан, 2015

Қазақстан хоккейшілері – Универсиаданың күміс жүлдегері

220 рет
көрсетілді

АСТАНА. 15 ақпан. Испанияның Гранада қаласында өтіп жатқан қысқы Универсиада шеңберінде Қазақстанның хоккейден ерлер арасындағы студенттер құрамасы бүгін түнде финалда Ресей командасынан 1:3 есебімен ұтылып, күміс жүлдегер атанды. Бұл туралы Vesti.kz тілшісі хабарлады. Матчтағы есепті бірінші болып ресейліктер ашты. Олар 3-минутта Тимур Шингаревтің мергендігімен алға шықты. Арада 11 минут өткенде, есеп ұлғая түсті. Бұл жолы Егор Кривченко ерледі. Екінші кезеңде қарсыластар тағы бір шайба салып таблодағы көрсеткішті 3:0-ге жеткізді. Мұны Александр Торченюк жасады. Үшінші кезеңде біздің жігіттер бір шайбаның қарымтасын қайтарды. Жалғыз голды Владислав Елаков пен Герман Нестеровтан пас алған Ренат Сафин түсірді. Осы есеп матчтың соңына дейін өзгерген жоқ. Айта кетейік, Қазақстанның студенттер құрамасы мұның алдында, 2013 жылы өткен қысқы Универсиадада да күміс жүлделі болып еді. Сол жолы Италияның Трентино қаласында ойналған финалдық кездесуде Канада студенттерінен 2:6 болып ұтылғанбыз. Ал Гранадада мұның алдында Универсиаданың үшінші орны үшін Канада және Чехия таласты. Матч «Үйеңкі жапырағы» елі хоккейшілерінің айқын басымдылығымен бітті. Ойынның басында біраз қарсыласқан чехтар содан кейін ойын тізгінін қарсыластарына біржола беріп қойды. Нәтижесінде 2:6 есебімен ұтылды. Еске сала кетейік, Универсиадада Қазақстан студенттері күні бүгінге дейін 11 жүлде жеңіп алды. Олардың арасында 5 алтын, 6 күміс медаль бар. Спортшылар арасында Анастасия Слонова Универсиаданың екі дүркін чемпионы атанды. Ал турнирде Ресей құрамасы 20 алтын, 18 күміс және 18 қола медальмен оқ бойы алда келеді. Дамир Қожамқұл. Дерек, фото: Vesti.kz.