• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
17 Ақпан, 2015

Қостанайлықтар «Біз – Жеңіс мұрагерлеріміз!» эстафетасын өткізді

242 рет
көрсетілді

ҚОСТАНАЙ. 17 ақпан. Қостанайдағы №6697 әскери бөлімше 1941 жылы 15 желтоқсанда Ақмола қаласында (қазіргі Астана қаласы) құрылған және Мәскеуден Берлинге дейінгі жауынгерлік жолдан өткен 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының жауынгерлік ту көшірмесін петропавлдықтардан салтанатты түрде қабылдап алды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының Жауынгерлік ту көшірмесін Астана қаласының жауынгер интернационалистері Мәскеу қаласынан елге жеткізіп, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5573-әскери бөліміне (Астана қ) мәңгілік сақтауға тапсырған болатын. Туды Қостанайда қабылдап алу салтанатына жастар, оқушылар, студенттер және Ұлы Отан соғысының , Ауған соғысының және тыл ардагерлері қатысты. 1941 жылы мектепті бітірген бозбалалар соңғы қоңырауды өткізе салып, таңертең майданға аттанған болатын. Соғыстың алдыңғы легінде кеткен әр үш бозбаланың елге біреуі ғана оралды. Әскери бөлімшенің сарбаздары қойған театрландырылған көріністен Ұлы Отан соғысының ардагерлері өздерінің жастық шағы тура келген сұрапыл жылдардың бейнесін танып, оны жылап отырып қарады. Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Мұрат Әтібиев: «Ұлы Отан соғысының тарихын бүгінгі жастар білуі тиіс. 72-ші атқыштар дивизиясы соғыстағы ерлік үлгісінің бірі. Соғыс тарихын білу жас ұрпақты патриотттыққа, отансүйгіштікке тәрбиелейді. Аға ұрпақ ерлігін құрметтейміз», деді. Жауынгерлік ту эстафетасының салтанатында соғыс ардагерлері Михаил Подоляков, Иван Котелевский, тыл ардагері Тілеуберген Әлиев тебірене сөйледі. Қостанайлықтар қабылдап алған 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының Жауынгерлік ту көшірмесін бүгін Ақтөбеге алып кетті. Онда «Біз – Жеңіс мұрагерлеріміз!» эстафетасы жалғасын тауып, ту көшірмесін ақтөбеліктер қостанайлықтардан қабылдап алады. Нәзира Жәрімбетова. Дерек, сурет: egemen.kz.