Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатына қатысқан Білім және ғылым министрлігінің, Балалар құқын қорғау комитетінің бас сарапшысы Ержан Жиренбай бүгінгі таңда республика көлемінде балалардың құқықтарын қорғау саласында 400-ге жуық қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар және кәмелетке толмағандарды бейімдейтін 18 орталық жұмыс істейтіндігін мәлімдеді. Бүгінде бұл орталықтарда 3 838 жасөспірім тәрбиеленіп жатқан болса, оның ішіндегі 487-сі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар екен. Ал 3 254-і қараусыз және панасыз қалған жеткіншектер, 51-і өмірдің қиын жағдайына тап болған балалар және 46-сы девиантті мінез-құлық балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдарына жіберілетін жасөспірімдер санатына ілінген.
Қоғамдағы балалардың құқын қорғау қызметі азаматтық сектор өкілдерінің атсалысуы тиіс маңызды шаруалардың қатарына жататындығын атап өткен Ержан Сапарұлы, елімізде осы күндері 5 миллонннан астам кәмелет жасына толмаған балалар тұратындығын тілге тиек етті. Оның 2,5 млн.-ы мектеп жасындағы оқушылар болса, 2 миллионға жуық бала мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер. Ал 300 мыңдайы орта арнаулы білім ошақтарындағы жастар. Сарапшының айтуынша, осы жасөспірімдер құқының қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанда құзырлы органдар мен тиісті мекеме мамандары жұдырықтай жұмылып еңбек етіп жатқан көрінеді. Соның бір айғағы ретінде, Білім және ғылым министрлігінің жетекшілік етуімен қоғам арасында түрлі профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, бүгінге дейін БҰҰ-ның жанындағы ЮНИСЕФ Балалар қорымен бірлесе отырып соңғы 6 жыл ішінде елімізде 7 бірдей әлеуметтік зерттеу шаралары жүргізілген. Оның нәтижесінде, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам белсенділерімен ел ішінде қылаң беріп қалатын келеңсіздіктер саны біршама азайған.
– Бұл сөзімізді жуырда ғана Бас прокуратура қызметі жариялаған ресми мәліметтер де растай алады. Айталық, ағымдағы жылдың 6 айында кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған құқықбұзушылық 28,8 пайызға дейін төмендегені біздің жыл сайынғы жұмысымыздың оң нәтиже беріп жатқандығының айқын көрінісі. Сондай-ақ, жасөспірімдерге көрсетілетін зорлық-зомбылық құқық бұзушылығы да 9,2 пайызға азайған. Салыстырмалы түрде алсақ, 2014 жылдың сәйкес мерзімінде бұл сан 3 908 болса, осы жылы 2 795 оқиға тіркелген, – дейді сарапшы.
Соңғы кездері олар бұл мәселенің түйінін тарқатуда бірнеше бағыттар бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, жоғарыда аталған әлеуметтік зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша республика көлемінде бірнеше семинар-кеңестер ұйымдастырылып, ол жерлерде арнайы методикалық оқулық, әдістемелік құралдар мен әралуан тақырыптық жадынамалар үлестірілген. Сондай жиынның бірі – алдағы қазан айының орта шенінде Өскемен қаласында республикалық деңгейде өтеді деп жоспарлануда. Оған еліміздің ұстаздар қауымы мен балалар құқын қорғауға мүдделі мекемелердің мамандары және халықаралық деңгейде жұмыс істейтін ЮНИСЕФ қорының сарапшылары қатысады деп күтілуде.
Брифингте жасөспірімдер құқының қорғалуын қамтамасыз ету жолында уақыт өткен сайын тиісті заңнамалар да заман ағымына сай жетілдіріліп жатқандығы айтылды. Яғни, қолданыстағы Қылмыстық кодексте жасөспірімдерге қарсы жасалған қылмыс үшін жауапкершілік күшейтілген. Мұндай кәмелет жасқа жетпеген жеткіншекке көрсетілген зорлық-зомбылық пен жыныстық сипаттағы кез келген іс, бала ұрлау фактісі, еркінен тыс күштеп ұстау немесе құлдыққа жегу сынды әрекеттерді жасаған жанды 20 жылға дейін бас бостандығынан айырып, оны өмір бойы қандай да бір лауазымдық қызметтерге тағайындалудан шеттетілетіндігі заң жүзінде бекітілген.
Осылайша, заңнамалық тұрғыда бектілген нормативтік-құқықтық актілердің негізінде бала құқын қорғаумен шұғылданатын қызметкерлер әр тоқсан сайын аймақтарда арнайы рейдтік шаралар ұйымдастыруды дағдыға айналдырған. Құқық қорғау саласының мамандарымен бірлесе отырып, «Түнгі қаладағы балалар», «Жеткіншек» сынды профилактикалық шаралар мен «Мектепке жол», «Қайырымдылық» секілді науқандық жұмыстар өткізіліп келеді. Осындай алдын-алу әрекетінің әр жылдардағы саны бүгінге дейін 5 мыңға жуықтап, арнайы рейдтер аясында 7 мыңнан астам әлеуметтік нысандар да мұқият назарға алынған.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
журналист.