Қазақстандықтар мен Достастық елдерінің өкілдері Елбасымызды құттықтауда
Мемлекет басшысының атына Елорда күніне және Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мерейжасына байланысты Қазақстан азаматтары мен ұйымдарынан көптеген құттықтау жеделхаттар мен хаттар келіп түсуде.
“Сіз біздің республикамыздың дамуына және өркендеуіне баға жеткізгісіз үлес қостыңыз, Сізді – Елбасы деп тану, сондай-ақ, Сіздің атыңызбен халықаралық деңгейдегі жаңа университеттің аталуы – Сіздің қызметіңізге берілген лайықты баға”, – деп жазады Қазақстан Республикасының халық әртісі, 94 жастағы ақсақал Ораз Әбішев.
Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері, өскемендік Бошай Кітапбаев Тұңғыш Президентке деген жүрекжарды тілегін білдірген хатында: “Еліміздің бүгінгі өркендеуі, тәуелсіздігіміздің тұғырлануы, елдігіміздің әлемге жария болуы – Сіздің арқаңызда! Бейбіт еліміз дамып, өркендей берсін!”, – деп жазады.
Белгілі қоғам қайраткері Мақтай Сағдиев те Мемлекет басшысын 70 жасқа толған мерейтойымен ағынан жарыла құттықтапты: “Жетпіске әркім келеді. Бірақ тағдырдың жазуымен, тәңірдің сыйымен Қазақ елі тарихының ең бір толағай тұлғасына айналған Сіздің жетпісіңіздің жөні бөлек. Өйткені, тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихы түгелдей Сіздің есіміңізбен байланысты. Жастайыңыздан атқа қондыңыз. Үлкен шыңдалу мектебінен өттіңіз. Сөйтіп, тарихтың сын сағаты соққанда туған халқыңыздың көреген көшбасшысына, тұғыры биік қайраткеріне айналдыңыз. Халқыңызды талқысы мол қиындықтардан алып шығатын, нұрлы болашаққа бастайтын тарих таңдауы Сізге түсті”.
Көптеген құттықтаулар еңбек және соғыс ардагерлерінен келді. Олардың қатарында Жамбыл облысынан Ұлы Отан соғысының ардагері А.Өтеулин, Астанадан тыл ардагері Айман Нұрқасымова, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қазығұрт ауданының құрметті азаматы Едіген Жүнісбеков, Алматы облысындағы Райымбек ауданының құрметті азаматы Совет Оразаев, Оралдан Темірболат Құбашев, астаналық зейнектер Социал Құмартегі және Қызылордадан Т.Сырлыбаев бар.
Президентті “Астана қаласындағы зейнеткерлер қоғамы” қоғамдық бірлестігінің директоры Алла Пусторжевская құттықтады. “Уақыт Сіздің дана көрегендігіңізбен 1998 жылы астананы Қазақстанның орталығына ауыстыру туралы батыл шешіміңіздің дұрыстығын дәлелдеді. Әлемдік дағдарыстың ауыр жылдарында қатал дала төсінде, облыс орталығы – Ақмолада қысқа мерзімде, сөз жоқ, ғажайып, бейне-бір ертегідегідей Сіздің арманыңыздағы қала орныққаны таңдандырады”, – делінген оның хатында.
Алматы қаласынан хат жолдаған Сұлтан Жиенбаев Елбасының елорданы Арқа төсіне көшірудегі ерлігіне ризалығын былай жеткізіпті: “Кезінде астананы Алматы қаласынан Ақмолаға ауыстырудың мәнін көп адам түсінбеді, бірақ уақыт бұл шешімнің орынды болғанын дәлелдеп берді. Бұл мәселеде Сізді саз батпақтың үстіне керемет қала тұрғызған І Петрмен ғана салыстыруға болады”.
Атыраудан соғыс және еңбек ардагері Оңайбай Көшеков, еңбек ардагері Амангелді Селбаев және композитор Илья Жақанов ұжымдық құттықтау жолдаған. “Бүгінде сан-салалы дамуымыздың өрлеуіне басшылық етіп, Қазақстанның беделін бүкіл әлемге танытып, болашағымызды жарқын етіп, ұлтымыздың шын мәніндегі кемеңгер көшбасшысына айналдыңыз. Біз Сіз бастаған тарихи ұлы істердің ортасында жүргенімізді мақтан тұтамыз және бар күш-жігерімізді Сіз көрсеткен міндеттерді орындауға арнаймыз”, – делінген хатта.
Президент поштасында еңбек ұжымдарынан көптеген құттықтаулар бар. Олардың қатарында Үлбі металлургиялық зауытының ұжымы, “Семей мәшине жасау зауыты” АҚ, сондай-ақ, Өскемен қаласынан “Кэмонт” АҚ жұмысшылары мен Петропавл қаласынан “Винзавод” ЖШС еңбеккерлері бар.
Құттықтау жеделхаттарын “Қазфосфат” ЖШС басқарма төрағасы Мақсұтбек Есенов пен бас директоры Мұқаш Искандиров, “Востокмашзавод” АҚ бас директоры Леонид Бердус, Маңғыстау облысынан еңбек сіңірген мұнайшы Қуанышнияз Тоқпанов, “Азиа-авто” АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Анатолий Балушкин мен осы АҚ-тың президенті Ержан Мандиев жолдады.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашев былай деп ой толғапты: “Мемлекетіміздің мүддесі үшін нағыз тарихи шешімдер қабылдап келесіз. Сіздің қол жеткізген жетістіктеріңіз тек қана Қазақстан халқының емес, мұсылман және түркі тілдес елдердің де ортақ мақтанышына айналып отыр. Оған біз куәміз. Бүгінгі жетістіктеріміз – ертеңгі толағай табыстарымыздың іргетасы. Оның абыроймен атқарылуы – Сіз бастаған Қазақстанның барша азаматтарының мәртебелі міндеті”.
“Менің анам Ресейде тұрады. Мен Қазақстан туралы, шығармашылығымды жүзеге асыра алатын менің қалам Ақтау туралы оған айтқанымда, ол қуанады. Менің анам маған:
– Вера, шын мәнінде, сен ұлы елде өмір сүріп жатырсың! – дейді.
Мен осындай елде тұрып жатқаныма бақыттымын және мұндай бақытты менің балаларым да сезінсе екен деймін”, – деп жазады Ақтау қаласынан Вера Биндюг.
Мемлекет басшысының атына хаттар Маңғыстау облысындағы балалар құқығын қорғау жөніндегі департамент директоры Клара Шкодинадан, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі, Ақтау қаласының құрметті азаматы Жәмила Ғабитовадан, экономикалық лицей директоры Людмила Рябовойдан, сондай-ақ бокстан әлем чемпионы Ердос Жаңабергеновтен келді. Олар: “Біздің еліміздің және сүйікті елордамыз – Астананың жаңғыруы, экономикалық, саяси және әлеуметтік саладағы жетістіктер ауқымы мақтаныш пен патриотизм сезімін тудырмауы мүмкін емес. Ең бастысы, Сізге – біздің Президентімізге – Елбасына алғысымыз шексіз”.
“Елімізде Сіз орнатқан бейбітшілік пен келісім арқасында әрбір қазақстандық әр салада өзінің қабілетін танытып, жемісті еңбек ету мүмкіндігіне ие болды. Сіздің сарабдал саясатыңыздың шапағаты тиген көптің бірі мен соңғы 20 жылда 5 роман жазып, жарыққа шығардым. Көп көңілінен шыққан көркем шығармаларымның алды Парижде, Мәскеуде, соңы Орта Азия республикаларында жеке кітап болып шығып, әлемнің әйгілі әдебиетшілерінен жоғары баға алды. Сол жетістіктерім үшін Сізге, Сіздің елімізді өркендеткен дана саясатыңызға қарыздармын. Олай дейтінім, Отанымыз 20 жылда 20 ғасырлық табысқа жетпесе, кейбір елдер құсап береке, бірліктен айырылып қалса, мұншалықты өнімді еңбек ете алмас едім”, – дейді өзінің Елбасына Алматыдан жолдаған құттықтау хатында жазушы Сәбит Досанов.
“Қазрена” Қазақстанның ғылыми-ағартушылық компьютерлік желісін пайдаланушылар қауымдастығының атынан Нұрсұлтан Әбішұлын мерекесімен директор Борис Жапаров құттықтайды. “Сіздің халықаралық ауқымдағы стратегиялық мақсаттарға жетудегі жоғары беделіңіздің, алғыр да дана саясатыңыздың арқасында біздің қауымдастық мақсаты Орталық Азия мен Закавказье елдерінде ғылым мен білім саласын қолдау болып табылатын НАТО-ның Ғылым комитетінің “Бейнелік Жібек жолы” жобасына қатысатын болдық”, – делінген оның хатында.
Академик Ғайрат Сапарғалиев өз құттықтауында былай деп жазады: “Сіз – жаңа мемлекетті құрушысыз. Сіздің идеяңыз бен іс жүзіндегі басшылығыңыз арқасында Қазақстан өркендеді. Халық ерен жетістіктердің бәріне Сіздің идеяңызбен және іс жүзіндегі басшылығыңызбен қол жеткізді. Сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы, халықаралық деңгейдегі танымал саясаткерсіз”.
Сондай-ақ, Түркістан қаласында тұратын ардақты ақсақалымыз, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Рахманқұл Бердібай өзінің жеделхатында Елбасын мерейтойымен қызу құттықтай келе, ақ батасын былайша ақтарыпты: “Халқымызға аса қадірлі, дарынды Президентіміз Нұрсұлтан! Мерейтойың құтты болсын! Өмір-жасың ұзақ болсын! Алға қойған мақсаттарың орындала берсін!”
ҚР Ұлттық ғылым академиясының академиктері Серік Қирабаев пен Әлия Бейсенова да Мемлекет басшысын жетпісті бағындырған мерейлі күнімен құттықтап, жеделхат жолдапты. “Тәуелсіз Қазақстанның орнығуы мен бүгінгі жеткен биігі түгелдей Сіздің адал еңбегіңіз. Халқыңыз құрметтеп, Елбасы атандырды. Ұзақ өмір сүріп, еліңізді алға бастай беруіңізге тілектеспіз”, – деп жазады академиктер.
“Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің еңбек жолыңыз – өз халқына, оның мүддесіне мінсіз қызмет жасаудың жарқын мысалы. Сіз – жаңа қоғамдық құрылыс, жаңа мемлекет, жаңа Қазақстан құрған Елбасысыз. Сіздің президенттік қызметіңізді әлем жоғары бағалады, біздің халқымыз өз болашағын Сізбен байланыстыра қарайды”, – деп жазады Қарағанды қаласының құрметті азаматы С.Досмағамбетов.
Елорда күнімен және Президенттің мерейжасымен әлеуметтік және білім саласының қызметкерлері құттықтайды. Олардың қатарында Алматы қаласының балалар құқығын қорғау жөніндегі департаментінің қызметкерлері, “Коррекциялық педагогика ұлттық ғылыми-практикалық орталығы” ММ ұжымы, КСРО медицинасының үздігі Құлтас Әшірбаев, Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданындағы Бескөл орта мектеп-гимназиясының ұстаздары, Астана қаласындағы интернат-үйінің директоры Б.Нарбаев, ОҚО балалар құқығын қорғау жөніндегі департамент директорының міндетін атқарушы Д.Мәуленов, Қостанай қаласы орта мектебінің түлектері, Бесқарағай ауылындағы балалар бақшасы тәрбиеленушілерінің ата-аналары бар.
Өз құттықтауларын, сондай-ақ М.Оспанов атындағы қоғамдық қор, Қазақстан халқы Ассамблеясының Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы бойынша Қоғамдық кеңесінің төрағасы Анатолий Еременко, “Жасыл ел” жастар еңбек отрядтары республикалық штабының жетекшісі Искандир Салиходжаев, Ақмола облысындағы “Халыққа қызмет көрсету орталығы” ММ ұжымы, Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қордың президенті Елдар Қонаев жолдаған.
Мемлекет басшысының атына көптеген хаттар мен жеделхаттар қарапайым қазақстандықтардан – Талдықорғаннан Шахназар Ерланұлы, Алматыдан Нұртілеу Бәтірұлы, Павлодардан Серғазы Қырықбаев, Ақтау қаласынан Еламан Оңдағанов, Маңғыстау облысынан Шынар Кендінқызы, Жолдасбек Ынтымақов, Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласынан К.Естаева, Алматыдан Ермек Қайыңбайұлы мен Светлана Сағындыққызы, Өскеменнен Еркеш Бейсенова, Семей қаласының тұрғындары Г.Богомолова мен Б.Ботантаева, көп балалы отбасы Қалтаевтар, Итеғұловтар, Қапышевтар, Ыдырысовтар отбасынан, Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданының тұрғындарынан, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы, Шемонаиха ауданындағы “Қамысты” шаруа қожалығының жетекшісі В.Акуловтан келді.
Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданынан Аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы, еңбек ардагері Тұтқан Мырзаханов, Ұлы Отан соғысының ардагері Байғанбек Құдабаев, жазушы Қалибек Алтыбаевтар да жеделхат жолдап, Мемлекет басшысын аудандағы ақсақалдар атынан құттықтапты: “Биылғы жылы Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы ретінде биік тұғырға көтерілді. Азия, ТМД елдерінің арасында алғашқы болып Еуропа төріне шықты. Батыс та, Шығыс та мойындап, санасатын, құрметтейтін ел болдық. Бұл – елдің Тұңғыш Президенті, ұлтымыздың ұлы перзенті, адамзат тарихынан лайықты орын алатын – Сіздің ерен еңбегіңіздің нәтижесі”.
Ал Шымкент қаласынан тілек білдірушілер – облыстағы Азаматтық альянс президенті К.Алипова, Балалар құқығын қорғау департаментінің директоры Ғ.Жүсіпова, Саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының директоры, белгілі ақын Х.Есенқараева және әлемге әйгілі гимнаст Ә.Юсупова: “Қазақстан халқының дамыған елдермен иық тіресіп, озық ұлт өкілдерімен терезесі теңелгенін әрбір қазақстандық Елбасының көрегендікпен жүргізген сара саясатының арқасында келген бақ деп біледі”, – дейді құттықтаушылар.
Қазақстанның халық әртісі, белгілі сазгер Базарбай Жұманиязов та ақтарылып шыққан ақ тілегін жеделхат арқылы жолдай отырып: “Дәуірдің ғұлама, дархан данасы, қазақтың бағына туған құдіретті қыраным, тоқтама, самғай бер, самғай бер!”, – деп жігерге толы сөз арнапты.
Тағдыр тауқыметімен дүниенің түкпір-түкпіріне тарыдай тарап кеткен, Атажұрттан жырақ жүрсе де ондағы жаңалыққа құлағын түріп, елеңдеп отыратын қандастардан да құттықтаулар көптеп келуде.
Солардың бірінде: “Мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасының аясында Моңғолиядағы қазақтардың мәдениетін зерттеу, жинақтау, қайта жаңғыртуда дәйекті шаралар жүзеге асырылса екен. Халқыңызбен бірге бақыт пен берекеге кенеле беріңіз”, – деп тілек білдіріпті Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан ұстаз Ғазиза Сағдолдақызы.
Мемлекет басшысының поштасына кеңейтілген корреспонденциялар ТМД елдерінің ресми адамдарынан, азаматтар мен ұйымдардан келіп түсті.
Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федералдық Кеңесінің төрағасы С.М.Миронов Мемлекет басшысын 70 жылдық мерейжасымен шын жүректен құттықтады. “Федералдық Кеңесте Сізді Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың барлық саласын одан әрі дамытуға үлкен үлес қосқан дана мемлекет қайраткері ретінде жақсы біледі, – деп жазады өзінің құттықтау жеделхатында С.М.Миронов. – Сіздің өмірлік және мемлекеттік қызметтегі мол тәжірибеңіз Ресей мен Қазақстанның стратегиялық әріптестігін алға апаратынына, ШЫҰ, ҰҚШҰ, ЕурАзЭҚ, Кеден одағы, өзге де халықаралық ұйымдардың аясындағы интеграциялық үдерістер мен одақтастық өзара іс-қимылды тереңдете түсетініне сенемін”.
Украина Министрлер Кеңсесінің атынан және жеке өз атынан Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевты мерейтойымен Украина Премьер-Министрі Н.А.Азаров шын жүректен құттықтады: “Сізді Украинада өз еңбегімен және қайратты күш-жігерімен, бастамашылдымен және табандылығымен Қазақстан Республикасын дамытуға, сондай-ақ өзара тиімді халықаралық ынтымақтастықтың белсенділігін арттыруға баға жеткізгісіз үлес қосқан көрнекті мемлекет қайраткері, талантты ұйымдастырушы және басшы ретінде біледі және құрметтейді. Сіздің халықтың игілігі жолындағы белсенді және табысты қызметіңіз өз Отанына қызмет көрсетудің үлгісі болып табылады”. Украина Үкіметінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық, ұзақ бақытты ғұмыр, отбасылық қуаныш, бейбітшілік пен жаңа жетістіктер тілеген.
Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов Нұрсұлтан Назарбаевты 70 жылдығымен шын жүректен құттықтады. “Қазақ мемлекеттігінің барлық жаңа тарихы – шын мәніндегі ұлттың көшбасшысы, тәжірибелі, көреген саясаткер және мемлекет қайраткері, беделі Қазақстанның аумағынан тысқары жайылған Сіздің атыңызбен байланысты. Туған халқыңыз бен еліміз үшін президенттік екі онжылдықта Сіздің атқарғаныңыз үлкен әсер қалдырады, – деп атап өткен өз хатында бауырлас Татарстан басшысы. – Қазақстанның үні барлық кезде және халықаралық аренада салмақты шығады”. Р.Минниханов татарстандықтардың атынан және жеке өз атынан Н.Назарбаевқа көпғасырлық дәстүрлі достық пен Қазақстан мен Татарстан халықтары арасындағы туыстықты нығайтуға қосқан үлесіне шынайы құрметі мен дән ризашылығын айтқан.
Нұрсұлтан Назарбаевтың мерейжасына сондай-ақ Татарстанның Тұңғыш Президенті Минтимер Шаймиевтен құттықтау хат келді. “Мен көп жыл бойы Сізбен – шын мәніндегі планетарлық деңгейдегі саясаткермен қызмет жасасу және араласу бақытын сыйлаған тағдырыма ризамын, – деп жазады Минтимер Шаймиев. – Мен бізді тек іскерлік қана емес, сол сияқты достық, біздің халықтарымыздың арасындағыдай бауырластық қарым-қатынастар байланыстыратынын мақтан тұтамын. Татарстан үшін ең қиын саяси кезеңде Сіз түсіністік танытып, белсенді қолдау көрсеттіңіз. Сіз посткеңестік кеңістіктегі жаңа геосаяси жүйенің құрылуына зор үлес қостыңыз. Сіз Қазақстанның гүлденуін қамтамасыз еттіңіз”. Минтимер Шаймиев Қазақстан Президентіне зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр, сергектік пен оптимизм, барлық ойға алғандарының орындалуын тілеген.
Біздің Мемлекетіміздің басшысын 70 жылдық мерейжасымен шынайы ықыласты және шын жүректі құттықтауларын Ресей Федерациясы Есеп палатасының төрағасы С.В.Степашин жолдаған. С.В.Степашин өз хатында Нұрсұлтан Назарбаевты елдің келбетін мүлде өзгерткен ауқымды реформалар мен жаңғыртуларды жүзеге асыру бағытын жиырма жыл бойына батыл және мақсатты түрде жүргізіп келе жатқан қазіргі заманғы көрнекті мемлекет қайраткері деп атаған.
Нұрсұлтан Назарбаевтың атына оның 70 жылдығымен құттықтау жеделхаттары ЕурАзЭҚ ПАА жауапты хатшысы П.Б.Зверевтен, Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федералдық Кеңесінің мүшелері В.Б.Рушайло мен В.С.Бабичевтен, ТМД атқарушы комитетінің төрағасы-атқарушы хатшысы С.Лебедевтен келді.
ҰҚШҰ-дың бас хатшысы Н.Бордюжа Н.Ә.Назарбаевтың 70 жылдық мерейжасы құрметіне орай жолдаған өзінің құттықтау хатында былай деп жазады: “Сіздің ҰҚШҰ-дың жұмысына, оның беделін арттыруға байланысты мақсаттар мен міндеттерді алға жылжытудағы өзекті мәселелерді іс жүзінде шешуде көрсеткен ұдайы және белсенді көмегіңізге дән ризамын. Шын жүректен шыққан және шынайы ықыласқа толы құттықтауым мен Сіздің көп қырлы қызметіңізде жаңа табыстар тілеген игі тілегімді қабыл алыңыз”.
Ресей Федерациясының Челябі облысының губернаторы М.В.Юревич Қазақстан Президентін мерейтойымен құттықтады: “Біз Сіз арқылы тек көреген саясаткерді ғана емес, қазақ халқының лайықты ұлын танимыз. Сіздің іске деген мемлекеттік қадамыңыз, көрегендік пен патриотизміңіз Қазақстан Республикасының одан әрі дамуына қызмет ететін болады”.
Біздің Мемлекетіміз басшысының атына ұжымдық құттықтаулар ресейлік ғалым-экономистер кеңесінің отбасынан – Г.Е.Лашшина, Д.В.Валов, Т.Д.Валова мен М.Д.Валовадан келді. “Сіздің өміріңіз кітапқа тұрарлықтай. Бұл барлығына тек қана еңбегімен және талантымен жеткен нағыз адамның тарихы”, – деп жазады ресейлік ғалымдар.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты 70 жылдық мерейжасымен ықыласқа толы құттықтаулар Украинадан – Синельниково қаласының басшысы А.Н.Матвеевтен және Днепродзержинск қаласының құрметті азаматы О.Н.Мороздан келіп түсті.
Ресейдің Астрахань облысындағы қазақтардың, “Жолдастық” қазақ мәдениеті мен тілі қоғамы және Қазақ мәдениетін дамыту қоры атынан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты мерейжасымен Астрахань қаласының тұрғыны Н.Искаков құттықтаған.