• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
09 Шілде, 2010

ИСПАНИЯ — ТҰҢҒЫШ РЕТ ФИНАЛДА

596 рет
көрсетілді

Осы күндері ОАР-де өтіп жат­­қан әлем чемпионатының аяқта­луы­на санаулы күндер қал­ды. Енді екі күннен кейін бір ай бойы мил­лиондаған жанкүйерлер­дің ұйқы­сын алған дүбірлі до­да­ның ең үздік командасы анық­та­лады. Бұл мәрте­белі атақты сәрсенбі күні екінші жар­тылай финалдық матчта Гер­ма­нияны жеңген Испания құра­ма­сының Голландиямен сарапқа салатыны белгілі болды. Ал Германия мен Испанияның арасында өткен матчтың тағдырын жалғыз ғана доп шешіп берді. Кездесудің 73-ші минөтінде “Барсе­ло­наның” қорғаушысы Карлес Пуйольдің баспен соққан добына “неміс мәши­несі” жауап қайтара алмады. Бұл ойында Гер­маниядан гөрі испан аяқдоп шеберлері лайықты түрде жеңіске жетті деуге болады. Өйткені, не­містердің тактикасын өздеріне қарсы қолданған “қызыл фурея” жігіттері бүкіл ойын бойы Гер­манияның шабуыл жасауына мүмкіндік бермей, сауатты қорғана жүріп, Нойердің қақпасына бір­неше қауіпті жағдай жасай алды. Соның нәти­жесінде ойын­ның аяқталуына 17 минөт қалғанда бұрыштан берілген допты баспен соққан Пуйольдің голы испандарға жеңіс сыйлады. Жалпы, осы кезге дейін Германия мен Ис­пания әлем чемпионаттарында үш рет кездесіпті. Оның екеуінде 1966 және 1982 жылдары “неміс мәшинесі” Пиреней түбегі командасын екі рет 2:1 есебімен ұтса, 1994 жылы олармен 1:1 есе­бі­мен тең түскен екен. Ал басқа жарыстарды қоса есептегенде қос команда 20 рет кездесу өткізіпті. Соның 8 ойынында Германия жеңсе, 6 кездесуде Испания ұтыпты. Тағы 6 матч тең есеппен аяқталыпты. Екі команданың соңғы кездесуі 2008 жылы өткен Еуропа чемпионатында болған. Сол кезде финалға шыққан Германия мен Испания арасында өткен ойын 0:1 есебімен соңғы­ла­рының пайдасына шешілген болатын. Тағы бір айта кететін нәрсе, Германия осымен 3 рет қатарынан жартылай финалға шығып отырса, Испания 1950 жылдан кейін екінші рет ақтық сынға жолдама беретін кездесуге қатысыпты. Қазір екі ел құрамаларының биылғы жар­ты­лай финалдық матчына баға беріп жатқандар көп. Соның ішінде қос команданың бас бапкер­ле­рінің берген пікіріне келер болсақ, Германия­ның бапкері Йоахим Лев Испанияның қарсылас таңдамайтынына көзі жеткенін, “қызыл фуреяны” әзірге тоқтататын команданың әлемде жоқ екенін, Испания кездесуде қорғаныс пен шабуылды сауатты өткізіп, Германияның тактикасын өздеріне қарсы қойға­нын айтса, “қызыл фуреяның” бас бапкері Висенте дель Боске осы кез­десудің алдында бә­рінің Германияға сенге­нін, бірақ та Испания ойын бары­сын­да олардан да мықты екенін дә­лел­дегенін, енді финалда Голлан­дияны ұтса, діттеген мақсаттарына жете­тінін жеткізді. Енді чемпионат айналасында бо­лып жатқан оқиғаларға келер бол­сақ, жоғарыда аталған құрамалардың ойыны ең көп жанкүйерлер тамаша­лаған матч ретінде саналып отыр. Дурбан қаласының “Мо­зес Мабида” ста­ди­онында болған бұл кездесу 60 мың 960 адам­ның көз ал­дын­да өткен екен. Осы матч­ты тамаша­ла­ған­дардың қата­рында Испания ханшайымы Со­фия, Герма­нияның жаңа сайланған прези­ден­ті Крис­тиан Вуль­ер, канц­лер Ан­гела Мер­кел де болып­ты. Ал әлем чем­пио­на­ты­ның ақ­тық айқасы­на осы­лар­дан басқа тағы бір­­неше елдің мемле­кет басшыла­ры қаты­са­ды деп кү­тілуде. Олар­дың ара­сында ОАР пре­зи­денті Джей­­коб Зу­ма, бұ­рынғы бас­­шысы Нель­­сон Ман­дела, Бразилия пре­зиденті Луис Ина­сиу Лу­ла да Силва, Ле­сото королі Летсия, Сва­зи­ленд королі Мсвати, Зим­баб­ве прези­ден­ті Роберт Му­габе, Кения президенті Мван Кибакен, Мозамбик президенті Арманду Гебуза, Габон бас­шысы Әли Бонго Ондимба, Комор арал­дарының президенті Ахмед Абдалла мен Маливи, Бурунди, Гана, Того, Буркина-Фасо, экваторлық Гвинея, Джибути сияқты елдердің басшылары бар. Биылғы Мундиальдің Голландия мен Испа­ния арасында өтетін ақтық сынының қалай аяқ­талатынын әзірше айту қиын. Әлем чемпионаты басталысымен қос команда да осал еместігін дәлелдеп келеді. Әсіресе, Голландияның биылғы жарыстағы нәтижелері назар аударарлықтай. Осы жылғы дүбірлі доданың ысқырығы естілісімен олар қарсыластар қақпасына 12 доп соғып, өздеріне 4 доп жіберіп алыпты. Ал Испанияның доп айырмашылығы – 7:2. Оның үстіне “қызыл фурея” өзінің алғашқы ойынында Швейцария­дан жеңіліп қалса, Голландия құрамасы ойын­дар­дың бәрін жеңіспен аяқтапты. Тағы бір айта кететін нәрсе, екі команда да әлем чемпио­нат­тарының тарихында ешқашан бас жүлдені жеңіп алған емес. Бірақ екеуі де мұндай додаларда лайықты деңгейде өнер көрсетіп келе жатқан құрамалар болып саналады. Осы жерде мысалға Голландия құрамасын алатын болсақ, олар әлем чемпионатының финалына екі рет – 1974 және 1978 жылдары жолдама алған болатын. Бір өкі­ніштісі, осы кездесулерде олар алдымен Герма­ния­дан, одан кейін Аргентинадан жеңіліп қалды. Сондықтан ер кезегі үшке дейін дегендей, Гол­лан­дия құрамасы биылғы мундиальде өткен ғасыр­да кеткен есені қайтаруға бар күш-жігерін салатыны сөзсіз. Дегенмен Испанияның да қара жаяу команда еместігін атап өту жөн. Қазір шыңдап келгенде екеуі де нағыз бабында тұрған командалар. Голландия құрамасында Уесли Сней­дер, Ван Перси, Аръен Роббен, атақты фут­болшы Йохан Кройффтың жиі ауызға алатын Дирк Кюйт есімді шеберлер болса, Испанияның сапында Хави Эрнандес, Давид Вилья, Фернандо Торрес, Иньесто сияқты жасындай жарқылдап жүрген ойыншылар бар. ҒІҒА мамандарының айтуынша, жоғарыда аталған футболшылардың арасынан биылғы жыл­дың үздік ойыншысы таңдалатын болады. Әзіргі үміткерлер қатарында “Интердің” жартылай қорғау­шысы Уэсли Снейдер мен “Валенсияның” өкілі Давид Вилья бар екен. Сөз орайы келгенде ҒІҒА биылғы әлем чемпионына 30 млн. АҚШ доллары көлемінде сыйақы тағайындап оты­р­­ғанын да атап өткеніміз жөн. Қазір мундиальдің жалпы сыйақы қоржыны өткен чемпионатқа қарағанда 60 пайызға өсіп, 420 млн. АҚШ дол­ла­рын құрап отыр. Осы соманың 24 млн. долла­рын күміс жүлдегер команда алатын болса, ширек финалға шыққан құрамаға 18 млн. доллар, 1/8 финалға қатысқан елге 9 млн. доллар, әлем чем­пио­натына жолдама алған командаға 8 млн. дол­лар беріледі деген дерек бар. Әзірше жоғарыда айт­қанымыздай, қай елдің чемпион атанатынын айту қиын. Мұның жауабын Германияның Оберхейм қаласындағы океанариумда тіршілік ететін сегізаяқ та беруге асықпай отыр. Бұған дейін Германияның өткізген ойындарының бәріне бал ашқан Пауль есімді сегізаяқ “неміс мәши­несінің” топтық кездесуде Сербия мен жартылай финалда Испа­ниядан жеңілетінін сездірген еді. Ал Гер­манияның жеңіске жеткен басқа ойындарында ол команданың туы жапсырылған жәшікті таңдап, соның үстіне жабысып жатып алған болатын. Дастан КЕНЖАЛИН.