• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Маусым, 2015

Ендігі меже – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы

1568 рет
көрсетілді

Ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақсат тұтқан Қазақстан жаңа талаптардың үдесінен шығуды басты міндет санайды. Осы ретте жетуге тиіс негізгі межелердің бірі – әлемдегі белді ұйымдардың стандарттарына сай болу. Бұл тұрғыда еліміздің тәжірибесі айтарлықтай жоғары деңгейде. Тіпті, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіміздің өзі көп жайттан хабар береді. Сондай-ақ, таяуда ғана Дүниежүзілік сау­да ұйымына кіру жөніндегі келіссөздерді сәтті аяқтадық. Енді Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) бет бұрып отыр. Жарқын болашаққа ұмтылған ел ғана осылай барар жерін айқындап, басар қадамын нақтылайды. Осыған орай біз ЭЫДҰ-ның мақсаты, әлемдегі орны және оған мүшелікке өтудің берер пайдасына тоқталуды жөн санадық.   Басты бағдар айқын Қазіргі таңда Қазақстанның даму қарқыны өзгелер қызыға қарайтын деңгейде. Бұған Елбасымыздың сара саясаты мен стратегиялық бағдарламаларының арқасында қол жеткізіп отырмыз. Олардың бірі – «Қазақстан-2050» Стратегиясы. Бұл – әлемдегі ең озық 30 елдің қатарына қосылу мақсатын айқындаған дамудың кешенді бағдарламасы. Екіншісі – Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауы. Бұл құжат біздің постиндустриалдық қоғамға қарай жасаған қадамдарымыздың «жол картасы» іспетті. Себебі, ол белгіленген тапсырмаларды нақтылап қана қоймай, еліміздің дамуын бағалауға мүмкіндік беретін негізгі индикаторларды бекіте түседі. Осы тұста Елбасы басты бағдар ретінде ЭЫДҰ-ға мүше елдердің қағидаттары мен стандарттарын пайдалануды ұсынды. Өйткені, экономикалық дамуда аталған ұйымның талаптары жігерімізді жанып, ынтамызды арттыра түседі. Мәселен, ЭЫДҰ-ға мүше елдердегі ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) жылдық өсімі 4 пайыздан кем болмауы тиіс. Дегенмен, бұл талапты біздің ел үшін аса қиын деуге келмейді. Сондай-ақ, инвестицияның көлемін 30 пайызға дейін арттыру да негізгі міндеттердің бірі болып саналады. Бүгінде шағын және орта кәсіпкерліктің өндіретін өнімі Қазақстанның ІЖӨ көлемінің 25 пайызын құрайды. Жоспар бойынша 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 50 пайыздан кем болмайды. Алайда, экономиканың қуат сыйымдылығын екі есеге төмендету қажет. Осы ретте еңбек өнімділігі сынды маңызды көрсеткішке еріксіз назар аударамыз. Келтірген деректерден алға қойған мақсаттарымызға жоспарлы түрде қадам басып келе жатқанымызды байқауға болады. Мәселен, Қазақстан экономикадағы еңбек өнімділігі бойынша әлемнің алдыңғы 50 елінің қатарына кірді. Ал оның өсімі жөнінен озық 20 елдің ішіндеміз. Бұл жолда Ресей, БАӘ сынды бірқатар елді басып озғанымызды айта кеткен жөн. Егер өндеу өнеркәсібі бойынша еңбек өнімділігі туралы айтар болсақ, біз ЭЫДҰ-дағы алдыңғы қатарлы елдермен арамызды айтарлықтай қысқарта алдық. Инвестициялар және даму министрлігі келтірген деректерге сүйенсек, 2008 жылы өнімділік ЭЫҰД-ның деңгейімен салыстырғанда, 29 пайызды құраған. Ал 2014 жылы аталған көрсеткіш 43 пайызға жетті. Жалпы, бүгінгі таңда әлем бо­йынша инвестиция тартудың маңызы айрықша. Бұл ретте Қазақстанның ұпайы түгел. Себебі, еліміз шетелден тікелей инвестиция тарту жөнінен көшбасшы елдердің бірі. Тәуелсіздік жылдарында экономикамызға 200 млрд.-тан астам доллар салынды. Егер ДСҰ-ға мүшелікке өтетінімізді және қолайлы инвестициялық ахуал жасау мақсатында қолға алынған шараларды ескерсек, бұл цифрдың арта түсетініне еш күмән жоқ. Негізі ЭЫДҰ-ның стандарттары тек экономиканы ғана қамтымайды. Одан бөлек, сапалы білім мен тиімді мемлекеттік аппарат құрылымын жасақтауға дейінгі басқа да өзекті мәселелерді қарастырады. Сол себепті де Президент экономикалық дамудың негізгі тіректерінің қатарын дер кезінде жаңа Ұлт жоспарымен толықтырды. Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жос­пары – Елбасының игі бастамаларының бірегейі. Бұл стратегия «әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің сапына қосылу үшін не істеу керек?» деген сұраққа нақты әрі толық жауап береді. Олай дейтініміз, аталған жоспардағы алғашқы 15 қадам кәсіби мемлекеттік аппарат құруға негізделген, ал 19-ы құқықтың жоғарылауына арналған. Стратегияда индустрияландыру тақырыбына да көп көңіл бөлінген. Нақты айтсақ, 35-тен 84-ші қадамға дейін осы мәселе қамтылады. Ал қалған 16 қадам «біркелкілік пен бірлік» және «есеп беретін мемлекет құру» сынды маңызды бағыттар бойынша азаматтық қоғамның дамуына жігер беруді көздейді. Жаһандық деңгейдегі ұйым Жоғарыда айтылған деректерден кейін «Не себепті ЭЫДҰ-ның стандарттары Қазақстан үшін дамудың негізгі бағдары болады?» деген сұрақ туатыны заңдылық. Бұған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жауап берді. – Қазіргі таңда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдер даму бойынша іргелі көрсеткіштердің үлгісін паш етуде. Оған әлемдік ІЖӨ-нің 60 пайыздан астамын өндіретін 34 ел кіреді. ЭЫДҰ-ға мүше болудан үмітті тағы 6 ел бар. Олар: Бразилия, Қытай, Үндістан, Индонезия, Ресей және ОАР. Барлық мүше-мемлекет ауқымды жаңғырту жолымен жүріп өтті. Сондай-ақ, олар инвестиция, ғылыми зерттеулер, еңбек өнімділігі, бизнестің дамуы және халық өмірінің стандарты бойынша жоғары көрсеткіштерге ие. ЭЫДҰ елдерінің болашақ ұзақ мерзімді динамикасын қоса алғандағы индикаторы – біздің ең дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін жасап жатқан жұмыстарымыздың басты бағдары, – деді Мемлекет басшысы. Демек, алдымызда тағы бір күрделі тапсырма тұр. Қазақстан бұл мақсатқа қол жеткізу үшін даму қарқынын екі есе арттыруы тиіс. Ең бастысы, ЭЫДҰ-ның мүше-мемлекеттерге жаңа мүмкіндіктер беретін ынтымақтастықтың тиімді алаңы екенін жете түсінуіміз керек. Ендігі кезекте ұйымның тарихына көз жүгіртіп өтейік. Әр жылдарда даму құрылымы айтарлықтай өзгерістерге ұшыраған ЭЫДҰ соның нәтижесінде жаһандық деңгейге көтерілді. Ұйымның тарихы 1948 жылдан басталады. Дәл осы жылы Еуропалық экономикалық ынтымақтастық ұйымы құрылды (ЕЭЫҰ). Жалпы, бұл – соғыстан кейінгі Еуропаны қалпына келтіру міндетін арқалаған, дағдарыстан шығуды көздеген стратегиялық жоспар еді. Алайда, уақыт өте ұйымның бағыты мен міндеттері кеңейді. Үдей түскен жаһандану шартына сай бұл міндеттерді түбегейлі қайта қарау қажеттілігі туындады. Соған сәйкес 1960 жылдың 14 желтоқсанында Парижде ЭЫДҰ-ны құру туралы Конвенцияға қол қойылып, құжат бір жылдан кейін күшіне енді. Қызмет аясы кеңейтілген ұйымды құруға АҚШ ұйытқы болды. Себебі, Ақ үй атлантикалық бірлікті нығайтуға тырысып – саяси және Еуропа экономикасына ықпалын арттыру арқылы – экономикалық мақсаттарды көздеді. Осылайша, ЭЫДҰ НАТО-ның егізі ретінде құрылған еді. Уақыт өте келе саясиланған құрылым экономикалық бағытқа басымдық бере бастады. Бүгінгі таңда ЭЫДҰ жетекші индустриялық елдердің әлеуметтік-экономикалық қызметтерін үйлестіретін органға айналды. Ал оған мүше мемлекеттердің тізімі саяси ұстанымына қарамастан, артып келеді. Атап айтсақ, 2010 жылы ұйымға Эстония, Словения, Израиль және Чили қабылданды. Сондай-ақ, қазіргі таңда Бразилия, Қытай, Үндістан, Ресей, Индонезия және Оңтүстік Африка Республикасы ұйымға мүше болу үшін келіссөздер жүргізуде. Бұдан ЭЫДҰ-ның шын мәнінде ғаламдық құрылымға айналғанын көреміз. Одан бөлек, ұйым қарастыратын мәселелердің шеңбері кеңейіп, білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, мемлекеттік басқару және аймақтық даму, ғылым мен ақпараттық байланысты дамыту сынды салалар қамтылды. Себебі, барлық елдің жаһандану мен ғылыми-техникалық үдерістің артықшылығын пайдалануы – ЭЫДҰ-ның басты ұстанымы. Ал бұл үшін әлемдік нарықтың мейлінше ашықтығы қажет. ЭЫДҰ Қазақстанға не береді? Соңғы жылдары ЭЫДҰ пікір алмасу аясын кеңейту саясатын қарқынды жүргізуде. Бұдан Қазақстан да шет қалмақ емес. Еліміз 2011 жылы ұйым қатарына қосылу туралы ниет білдірді. Содан бері құрылымға мүше-мемлекеттермен өзара тығыз қарым-қатынас орнатып келеміз. Сондай-ақ, қазіргі таңда ЭЫДҰ-ның 12 комитеті және 3 жаһандық форумымен белсенді ынтымақтастық орнаттық. Осыдан екі жыл бұрын, яғни, 2013 жылы ұйым кеңесі тарихында тұңғыш рет өздеріне басым елдермен ынтымақтастықта жекелеген мемлекеттік бағдарламалар дайындауды ұсынды. Алғашында оған 15 мемлекет тартылады деп жобаланды. Дегенмен, соңында тек төрт елге – Қазақстан, Таиланд, Перу және Мароккоға тоқтады. Осының ішінде өз еліміз туралы айтып өтейік. Бағдарламада реформа жүргізу және әлеуметтік-экономикалық дамудың басты салаларында ірі жобаларды іске асыру қарастырылған. Екіжақты ынтымақтастық мемлекеттік басқару жүйесі, білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және қазыналық саясаттағы бәсекеге қабілеттілікті арттырып, іскерлік ахуалды жақсартады. Сонымен қатар, Премьер-Министр Кәрім Мәсімов атап өткендей, «елдік бағдарламаны жүзеге асыру – Қазақстанның 2050 жылға дейін әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру жолында ЭЫДҰ мемлекеттерінің озық тәжірибелерін енгізу талпынысын айғақтайтын стратегиялық маңызды қадам». Жалпы алғанда, ЭЫДҰ-мен белсенді түрде ынтымақтасу Қазақстан үшін аса тиімді. Бұл халықаралық стандарттар мен талаптарға сәйкес ұлттық нормативтік-құқықтық және заңдық қорды жетілдіруге ықпал етеді. Қазақстан қызмет құжаттамасымен танысу мақсатында ЭЫДҰ-ның шексіз ақпараттық ресурстарын толыққанды пайдалануға немесе комитеттер отырыстарына қатысуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, ынтымақтастықтың жаңа үлгісі экономикалық дамыған әрі демократиялық реформаны ұстанып отырған мемлекеттің саяси беделі мен атақ-дәрежесін көтереді. Одан бөлек, бұл беделді ұйыммен ынтымақтастық орнату мемлекеттік басқарудың үздік тәжірибесіне жол ашып, ең озық стандарттарын енгізуге, елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға жағдай туғызады. Сол себепті, ЭЫДҰ – Қазақстан үшін саяси үлесақы мен нақты экономикалық тиімділікке қол жеткізу мүмкіндігі бар өте ыңғайлы халықаралық алаңның бірі. Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан».