• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ата заң Бүгін, 09:05

Ата заң жобасы: Талқылаудан – байыпталу кезеңіне

20 рет
көрсетілді

7 ақпанда Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның тоғызыншы отырысы өтіп, жаңа Ата заң жобасына қатысты ұсыныстар кеңінен талқыланды. Сарапшылар болашақ Конституцияға енгізіліп отырған өзгерістердің мәні мен мазмұнын түсіндіріп, жаңа жобаның артықшылықтарын атап көрсетті.

Мәдени құндылықтарға нұқсан келмейді

Ел азаматтары мен сарапшылардың Конституциялық реформаға қатысты ұсыныстарын талқылаудың белсенді кезеңінен өтіп, енді оларды нақты жүзеге асыру жұмыстары басталады. Бұл туралы комиссия отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин айтып, әлеуметтік желілерде туындап жатқан сұрақтар мен пікірлерге қатысты өз ойын білдірді.

Мемлекеттік кеңесші атап өткендей, жаңа Ата заңның мәтіні жарияланғаннан бері қоғамда қызу талқылау жүрді. Отан­дастарымыздың конституциялық рефор­ма­ға қатысты белсенділігі әртүрлі плат­фор­маларда көрініс тауып, мыңдаған ұсы­ныстар қабылданды.

«Ел азаматтары е-Otinish және e-Gov платформаларындағы «Конституциялық реформа» арнайы бөлімі арқылы жаңа Конституцияға қатысты ұсыныстарын жол­дап жатыр. Бір апта ішінде 4 мыңнан аса ұсыныс келіп түсті», деді ол.

Сонымен қатар отырыста әлеуметтік желілерде конституциялық өзгерістерге қа­тысты сұрақтар мен пікірлердің кезде­се­тіні айтылды. Е.Қарин бұл мәселеге де кеңі­нен тоқталды. «Әлеуметтік желілер арқылы да пікір білдіріп жатқан адамдар бар. Мағынасы шамамен мынадай: «Жаңадан велосипед ойлап тапқанша, дамыған елдердің тексерілген, уақыттың сынынан өткен, жұмыс істеп тұрған Конс­ти­туцияларын неге жай ғана көшіріп алмай­сыздар?» деді ол.

Мемлекеттік кеңесшінің пікірінше, мұн­­дай сұрақтар қойылса, демек қоғамда аз болса да осылай ойлайтын азаматтар бар екенін көрсетеді. Белгілі бір топтың көз­­қарасын білдіреді. Сондықтан ол өзге елдің Конс­титуциясын неге жай ғана кө­ші­­ріп алуға бол­майтынын түсіндіріп кетті.

«Бірін­шіден, Конституция – әр елдің айнасы. Өзге елдерде біздің мәдениетке, құн­ды­лықтарға сай келмек түгілі, мүлдем жат, қайшы нормалар бар. Біз оларды қалайша қабылдауымыз керек? Біз, керісінше, жаңа Ата заңда төл мәдениет пен құндылықтарға қарама-қайшы ке­ле­тін дүниелерге тосқауыл қойып отырмыз. Екіншіден, бірдей мәтін бірдей нәтиже бермейді. Сондықтан ең бастысы, мәселе мәтінде емес, ондағы норма­лар­дың қалай жүзеге асырылатынында. Үшін­шіден, біз өз тағдырымыз бен бола­ша­­ғымызды өзіміз анықтаймыз», деп нақты және объективті себептерді алға тартты.

Е.Қарин сондай-ақ Ата заңның жаңа мәтініндегі жаңа ұстанымдар мен нормалар басқа елдерге үлгі де, бағдар да бола алатынын жеткізді.

«Кейінгі уақытта цифрландыру, цифр­лық технология секілді мүлде жаңа бағыт­­тардың дамып, өркендеуіне байланысты көптеген мемлекет тиісті нор­ма­­ларды конституциялық-құқықтық жүйе­ге енгізуді ойластырып жатыр. Біздің ел алғашқылардың бірі болып цифр­лық деректерді қорғау нормасын Конституцияға енгізіп отыр. Яғни жаңа мәтіндегі жаңа ұстанымдар мен нормалар басқа елдерге үлгі де, бағдар да бола алады», деп атап өтті ол.

Мемлекеттік кеңесші Конституцияның 21-бабының 1 және 2-тармақтарында жеке өмірге қол сұқпау құқығына, жеке және отба­сы құпиясының болу құқығына, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеу мен пайдаланудан қорғау құқығына заңмен кепілдік берілетінін айтты.

«Яғни цифрлық кеңістікте жеке деректерді қорғауды адам құқық­тарын қор­ғаудың жаңа өлшемі ретінде тұңғыш рет Конституцияда белгілеп отырған елдердің біріміз. Бұл – жаңа Конститу­ция­ның болашаққа бағытталғандығының тағы бір дәлелі», деп нақтылап өтті ол.

Е.Қариннің айтуынша, аймақтың құқық жүйесіндегі үлкен жаңашылдық – әйгілі Миранда ережесінің конститу­ция­­лық деңгейде бекітілуі. Бұл өзгеріс азамат­тар­дың құқықтық тұрғыдан қорғалуын арттырып, құқық қорғау органдарының қызметіне жаңа талаптар қояды. 

Сөз бостандығына кепілдік беріледі

Мемлекет басшысының ел дамуының стратегиялық бағдарына негізделген саяси реформаларының нәтижесінде мемлекетте әділетті әрі ашық қоғам қалыптасты. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.

«Азаматтардың Ата заңның әрбір жолына үңіліп, оның мазмұны мен бола­шақ­тағы ықпалын терең пайымдауы – қоғамның саяси мәдениетінің кемел­ден­генін әрі азаматтық жауапкершіліктің артқанын айқын аңғартады», деді ол.

Үкімет басшысының орынбасары қоғам­да бұл мәселеге қатысты әртүрлі көз­қарас бар екенін атап өтіп, олардың ешқайсысы ескерусіз қалмайтынын жет­кізді. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде мемлекет кепілдік беретін білім беру мен ден­саулық сақтау саласындағы әлеуметтік мін­деттемелер қысқартылады деген жаң­сақ пікірлердің таралғанын тілге тиек етіп, олардың шындыққа сәйкес кел­мейтінін айтты. Сонымен қатар жаңа Конс­титуция жоба­сының преамбуласы мен бірінші бабында еліміздің әлеу­меттік мем­лекет мәрте­бесі нақты айқын­дал­ға­ны­на назар аударды.

Мәдениет және ақпарат министрі Конституция жобасының 32 және 33-баптарында азаматтардың ақысыз меди­циналық көмек пен бастауыш және орта білім алу құқықтары сақталғанын ерекше атап өтті. Сонымен қатар ақылы ме­ди­циналық көмек алу құқығы аза­мат­тардың денсаулығын сақтаудағы мүм­кін­діктерін кеңейтетін маңызды норма екенін айтты.

Сонымен қатар ол бірқатар ұғымды нақтылау жөнінде ұсыныстарын білдірді. Атап айтқанда, 33-баптағы «бастауыш және орта білім» тіркесін «жалпы орта білім» немесе «орта мектеп» ұғымымен алмас­тыру қажеттігін айтты. Себебі құқық­тық тұрғыда білім туралы құжат тек 9 және 11-сыныптардан кейін беріледі.

Сондай-ақ жоғары білім алу құқығын тек мемлекеттік жоғары оқу орында­ры­мен шектемеу қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, қазірде барлық мем­ле­кеттік жо­ғары оқу орындары ком­мер­циялық емес акционерлік қоғам мәр­те­бе­сінде жұ­мыс істейді және азаматтар мем­ле­кет­тік грантты жекеменшік университеттерде де пай­далана алады.

А.Балаева жаңа Конституция жобасында дін мен мемлекеттің аражігі нақты ажы­ратылып, білім беру мен тәрбие жүйе­сінің зайырлы сипаты айқын­дал­ғанын айтты. Бұл көпконфессиялы қоғам­да келісім мен тұрақтылықты нығай­туға ық­­пал етеді.

Сөз бостандығына қатысты мәселеге де тоқ­талған А.Балаева жаңа Конституция жо­басы халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, сөз бостандығына кепілдік бере­­тінін айтты. Мәдениет және ақпарат министрі журналистердің ашық хатына бай­ланысты медиақауымдастықтың үндеуі­мен мұқият танысқанын айтып, бұл түзетулер ешқандай жағдайда сөз бос­тан­­дығын шектеуге әкеп соқпайтынын жеткізді. 

Көпшіліктің ұсыныстары ескеріліп жатыр

Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов жаңа жо­баны жетілдіру барысы мен жалпы­ха­лықтық талқылау нәтижесінде енгізілген негізгі өзгерістер туралы айтып берді.

«Талдау көрсеткендей, ұсыныстардың бірқатары назар аударуға тұрарлық әрі баптардың мазмұнын толықтырады, кепілдіктерді күшейтеді, құқықтық нор­ма­лардың тұжырымдамасын жақ­сар­тады, сондай-ақ айқындық пен құқықтық нақтылықты арттырады», деді ол.

Дәлірек айтқанда, теңгені ұлттық валюта ретінде конституциялық тұрғыда бекіту ұсынысын жүзеге асыру үшін 2-бап жаңа тармақпен толықтырылды. Теңгені эмиссиялаудың айрықша құқығы Қазақстан Республикасына тиесілі. Спикердің айтуынша, азаматтардың өтініштерінде де осындай ұсыныстар болған.

Конституция жобасының азамат­тық мәселелеріне арналған 12-бабы да нақтылауды қажет етеді деген ұсы­ныс­тар бар. Атап айтқанда, 3-тармаққа Қазақстан Республикасының азаматы қос азаматтыққа немесе көп аза­мат­тыққа ие бола алмайтыны, ал өзге азамат­тықтың болуы заңда көрсетілген тәртіп пен шарттарға сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болатыны туралы норма енгізіледі.

Сенат жанындағы Инклюзия жөнін­дегі кеңестің төрағасы Ләззат Қалтаева жаңа жобаны қолдап, онда мүгедектігі бар азаматтардың құқықтары мен мүд­делері толық қамтамасыз етілгенін атап өтті. Онда адам құқықтары мен бос­тан­дықтарының ең жоғары құндылық екеніне маңыз беретінін айтты. Бұл қағида тікелей мүгедектігі бар адамдарға да қатыс­ты.

«Жаңа Конституция жобасы азаматтарды жасына, ауруына, мүгедектігіне немесе басқа заңды негіздерге байланысты әлеуметтік қамтамасыз ету кепілдіктерін қамтиды. Сонымен қатар мемлекет пен қоғамның мүгедектік мәселелеріне көзқарасы заңнамалық деңгейде ғана емес, іс жүзінде де тең құқықтарды мойындау мен тең мүмкіндіктер жасау қағидасына сүйенуі қажет», деді Л.Қалтаева.

Сондай-ақ комиссияның тоғызыншы отырысында Сенат төрағасының орынбасары Ольга Перепечина жаңа Консти­ту­ция өкілетті билікті күшейтіп, азамат­тар­дың сенімін арттыру мен жетілдірілген парламенттік мәдениетті қалыптастыруға бағытталғанын айтса, Қызылорда об­лысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев экология саласын­дағы жауапкершілікті күшейту мен қоршаған ортаны қор­ғау нормаларын Конституциялық дең­гейде бекіту қажет­тігін жеткізді. Бұл экологиялық ахуа­лы күрделі Арал маңы аймақтары үшін ерек­ше маңызға ие екенін айтты. Облыс әкімінің пікірінше, теңіздің тартылуы қоршаған ортаға ғана емес, аймақ халқы­ның өмір сапасына, денсаулығына және әлеуметтік жағдайына да тікелей әсер етіп отыр.

«Арал теңізінің тағдыры – бүкіл адамзат үшін ауыр сабақ. Оның салдарын біз әлі күнге дейін сезініп келеміз. Сондықтан мемлекеттің қолайлы қор­шаған ортаны қамтамасыз ету мін­детін, азаматтардың экологиялық қауіп­сіздікке қатысты құқықтарын Конс­титуциялық деңгейде бекіту – уақыт талабы», деді Н.Нәлібаев.

Ал Мәжіліс депутаты Максим Рожин жоба нормалары өндіріс орындарындағы адамдар үшін нақты өмірлік мәнге ие екенін тілге тиек етті. Бұған қоса жиында Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Айгүл Сәдуақасова, Мәжіліс депутаты, «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ жетекшісі Вера Ким, Ақтөбе облысы мәслихатының төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева сөз алып, реформа аясындағы өзгерістер мен жаңа Конституциясына енгізілген өзгерістер жайында пікірлерін ортаға салды. 

Соңғы жаңалықтар