• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:25

Журналистикадан – елшілікке

10 рет
көрсетілді

«Egemen Qazaqstan» газеті – есімі елге танымал талай майталман түлеп ұшқан алтын ұя. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де еңбек жолын осы газеттен бастап, журналистиканың мәртебелі мектебінен өтіп, кейін сыртқы саясат саласына бет бұрған дипломатия саласы мамандарының бірі – Гүлсім Еңсепова.

Гүлсім Бақытқызының журналис­тикадан дипломатия саласына келуінің өзіндік жолы бар. Атырау өңірінің тумасы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түскенде болашақта халықаралық сая­сат саласында еңбек етемін деп ойламаса керек. Талапты жас студент кезінен-ақ «Социалистік Қазақстан» газетімен қоян-қолтық байланыс орнатып, өндірістік тәжірибеден өтіп, редакция басшылығының назарына ілігеді. Қарымды жазу қабілетімен сол кездегі газеттің бас редакторы Көрік Дүйсеев, оның орынбасарлары Сарбас Ақтаев, Әбіраш Жәмішев, жауап­ты хатшы Мыңбай Ілесов, оның орынбасары Совет Шиманбаев, бөлім меңгерушілері – Қойшығара Салғараұлы, Жанат Елшібек, Ербол Шаймерден, Нұриден Муфтах, Әділ Дүйсенбек, Құлбек Ергөбек, Аян Нысаналы, Жұмабек Кенжалин сынды көрнекті қаламгерлердің сеніміне ие болады. Оның ішінде Нұриден Муфтах Гүлсім Еңсепованы өз қарамағына алып, кеңес құрылысы бөліміне штат­қа тілшілік қызметке тартады.

Газетте алты жылдан аса еңбек еткен Г.Еңсепова қоғамдағы өзекті, көпті толғандырған мәселелерді қозғаумен қатар, халықаралық тақырыптарда да батыл қалам тербеді. Бұл мақалалары аяғын тәй-тәй басқан жас мемлекет үшін өзектілігімен қоса тақырыптарының тартымдылығымен де көптің есінде қалды. Бұған қоса сыртқы саясатқа жауапты лауазымды тұлғалардан, елшілерден де газет бетінде тікелей сұхбаттар ұйымдастырды. Соның арқа­сында журналист Сыртқы істер министрлігі басшылығының көзіне түсіп, еліміздің тұңғыш Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменовтің бұйрығымен 1993 жылы дипломатия саласына біржола ауысты. Бұған оның халықаралық саясаттан хабардар болуы, қазақ және орыс тілдерімен қатар, неміс тілін меңгергені себепшілік етті. Алғашқыда министрліктің баспасөз қызметінде еңбек жолын бастаған Г.Еңсепова кейін ЮНЕСКО-мен мәдени байланыс­тар бөлімінде үшінші хатшы, араға жыл толмай жатып Қазақстанның Гер­маниядағы елшілігіне баспасөз-атташе ретінде Бонн қаласына жұмысқа жіберілді.

Шетелде тәжірибесін шыңдап, абыроймен елге келген соң Гүлсім Бақытқызы Сыртқы істер министрлігі жанынан шығатын «Дипломатия жаршысы» журналының қазақ бөлімін басқарды. Кейін білімін жетілдіру мақсатында СІМ жанынан ашылған Дипломатиялық академияға оқуға түсті. Академияда оқи жүріп, ағылшын тілін меңгеріп, неміс тілін кәсіби деңгейде тереңдете түсті. Кейін Мәскеуде РФ СІМ Дипломатия-лық академиясын да тәмамдағанын айта кету керек. Осылайша, дипломатия саласына дендеп еніп, кәсіби халықаралық қатынастар мамандығын иеленген ол 1999 жылы сол кездегі Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы бұйрығымен Алматыдан Астанаға қоныс аударушылар қатарындағы мемлекеттік қызметкерлермен бірге елордаға көшіп келеді. Халықаралық құқық департаментінде жұмыс істеп, мемлекеттік келісімдер мен шарттарды әзірлеуге белсене қатысты. Кәсіби біліктілігінің арқасында Парламент Мәжілісінің Халықаралық қатынастар, қауіпсіздік және қорғаныс комитетіне консультант болып ауысып, үш жыл бойы көптеген заңды дайындау үдерісіне қатысып, «Дипломатиялық қызмет туралы» алғашқы заңның әзірленуіне тікелей үлес қосты. Алайда оның тәжірибесі мен әлеуетін жоғары бағалаған Сыртқы істер министрлігі басшылығы оны қайтадан дипломатиялық қызметке шақырып, 2003 жылы оны Мажарстандағы Қазақстан елшілігіне дипломат-екінші хатшы етіп жібереді. Бұл елде де екі жылдан аса уақыт қызмет атқарып, елге оралып, СІМ-нің Ресеймен қарым-қатынас басқармасында еңбек етіп, кеңесші дәрежесіне дейін көтерілді. Кейін Бақылау және құжат айналымы және Ақпаратты қорғау басқармаларының басшысы қызметтерін атқарды. Содан кейін Қазақстанның Беларусь еліндегі елшілігіне кеңесші лауазымында дипломат болып жемісті еңбек етті.

Алғашқы аяқалысын журналистикадан бастаған, ал бүгінде дипломатия маманына айналған Гүлсім Бақытқызы ешуақытта қаламын қолынан тастаған емес. Ғылыми жұмыстардан да қол үзбеді. Оның бір дәлелі – 2008 жылы «Фариза Оңғарсынова – публицист» атты кандидаттық диссертация­сын қорғап, филология ғылымдарының кандидаты атануы. Ал 2016 жылы «Фариза – көсемсөз патшайымы» атты кітабы, 2023 жылы публицистикалық мақалалары, сұхбаттары мен эсселері топтастырылған «Ұшқыр қалам» атты кітабы жарық көрді. 2024 жылы «Бал­ғын дауыс» деп аталатын кітабын балапандарға базарлық ретінде ұсынса, былтыр «Отыз жылдың ой-толғауы» атты кітабы көпшілік қолына тиді. Онда автор мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтановпен байып­ты сұхбаттасады.

Бүгінде кәсіби маман Л.Н.Гуми­лев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситеті журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінде доцент-прак­тик ретінде дәріс оқиды. Бір айта кетерлік жайт, оның отбасын «журналистер отбасы» деуге толық негіз бар. Жұбайы Сейсенхан Маханбет – бірқатар басылымды басқарған тәжірибелі журналист әрі кәсіби суретші. Перзенті Ақерке Сейсенханқызы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика факультетін үздік тәмамдап, қазір БАҚ саласында еңбек етіп жүр.

Бүгінде Г.Еңсепова – Сырт­қы істер министрлігінің саяси депар­тамен­тінде ТМД елдерімен байланыс басқармасында кеңесші. Дипломатия саласындағы ұзақ жылғы еңбегі еленіп, «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бұдан басқа халықаралық және салалық төсбелгілері де бар. Ол  – I сыныпты кеңесші дипломатиялық ранг иесі. Сыртқы істер министрлігі саласында 33 жыл  өтілі бар дипломат – мемлекеттік тіл мен мәдениеттің насихатшысы.

Соңғы жаңалықтар