Қазақстандықтар және әлем жұртшылығының өкілдері Елбасымызды құттықтауда
Мемлекет басшысының атына хат-хабарлар келіп түсуде. Өздерінің хаттары мен жеделхаттарында Қазақстан Республикасының ресми адамдары, азаматтар мен ұйымдар мерейжаспен және Елорда күнімен шынайы құттықтауларын жеткізген.
Президент поштасына құттықтаулар Астанадан Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші шақырылымының депутаттары – Рысты Жұмабековадан, Лилия Мусинадан, Роза Қуанышбаевадан келді.
Астана қаласынан “Вайнах” этномәдени орталығы АҚ-тың мүшелері: “Біз, елордадағы чешендер мен ингуштер Сіздің ұлттық саясатыңызды қызу қолдаймыз. Өйткені, біз үшін Қазақстан жаппай қуғын-сүргін жылдарында, шын мәнінде тек пана болып қана қойған жоқ, біз үшін және біздің ұрпағымыз үшін Отанымызға айналды”, – деп жазады.
“Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізді туған күніңізбен және Астана күнімен құттықтаймын. Сізге халық игілігі жолындағы президенттік қызметіңіздің ұзақ болуын тілеймін”, – деп жазады Батыс Қазақстан облысындағы Зеленов ауданында қарттар мен мүгедектер үйінде тұрып жатқан Зинаида Зимина. – Бізге көрсеткен қамқорлығыңызға және үнемі назарда ұстайтын көңіліңізге қарттар атынан рахмет”.
Батыс Қазақстан облысынан келген келесі хатты да Шыңғырлаудағы интернат үйінде тұратын зейнеткерлер Мариям Галиева, Мария Добрицова, Бақыт Ізтілеуова, Александр Костюк және Бақтыбай Елеусізов жолдапты.
Мемлекет басшысын А.В.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің оқытушылар қауымы мен тыңдаушылары, Астана қаласының Успен кафедралдық шіркеуінің бірінші настоятелі, архимандрит Серапион (Дунай), жыр жолдарын жолдаған Сейіт Қайыровтар құттықтады.
“Біз өзіміздің оқу орнымызды мысал ете отырып, Сіздің мүмкіндігі шектеулі балаларға қаншалықты зор қамқорлық көрсетіп отырғаныңызды жақсы білеміз, – делінген Петропавл қаласындағы есту қабілеті төмен балаларға арналған мектеп-интернат тәрбиеленушілері, мұғалімдері және директоры Ж.Тәжин қол қойған жеделхатта. – Бізде осындай балаларды оқыту мен тәрбиелеуге арналған жақсы материалдық-техникалық база бар. Біз заманауи есту аппараттарын қолданамыз. Балаларға оларды барлық мүшесі сау адамдардың қатарына қосатын операциялар жасалады. Мектеп-интернат түлектерінің мемлекеттік грант бойынша жоғары оқу орындарында оқуына мүмкіндік бар. Бұл олардың қоғамға бейімделуіне жол ашады. Біз Сізді жақсы көреміз және келешегіміздің кемел болатынына сенеміз”.
Президентті Алматы қаласынан соқырлар мен көздері нашар көретіндерге арналған республикалық кітапхананың ұжымы, Маңғыстау облысындағы денсаулық сақтау ардагерлер қауымдастығының төрағасы Сәбит Кузанов, Қазақстан Республикасы диабеттер қауымдастығының атынан Н.Тукалевская, сондай-ақ Көкшетаудан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Арқа ажары” газетінің бас редакторы Жабал Ерғалиев және Қазақстан Жастар конгресі құттықтаған.
Шығыс Қазақстан облысы, Көкпекті ауданындағы медицина қызметкерлерінің ұжымы Мемлекет басшысына еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне көрсеткен ұдайы қамқорлығы үшін алғыс айта келіп, былай дейді: “2010 жылы ауысымда 150 адам қабылдайтын емханасы бар 100 адамға арналған жаңа орталық аудандық аурухананың құрылысы аяқталатыны бұл қамқорлықтың жарқын көрінісі болып табылады. Аурухана қазіргі заманғы диагностикалық аппараттармен, техникамен және жабдықтармен жарақтандырылған”.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа денсаулық, ұзақ ғұмыр және игілік тілеген құттықтаулар Өскеменнен экономика ғылымдарының докторы У.Әлімбетов пен техника ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері О.Ханнан, Алматыдан Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Б.О.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығының директоры М.Алшынбаевтан, Маңғыстау облысынан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген геолог-барлаушысы Тұрсынғали Көшеновтен келіп түсті.
“Біз өз елімізде Сіздей беделді көшбасшы барлығымен мақтанамыз, – деп жазады Алматыдан ұжымы атынан “С.М.Киров атындағы мәшине жасау зауыты” АҚ-тың бас директоры К.Усенко. – Біз Сіздің қарапайым еңбек ұжымынан шығып, лайықты өмір сүретін және еңбек ететін мықты мемлекет құрғаныңызды мақтан етеміз”.
Мемлекет басшысын өздерінің еңбек ұжымдары атынан “Богатырь Комир” БК бас директоры В.Щукин, Степногор тау-кен-химия комбинатының бас директоры Виктор Белоусов құттықтапты. Құттықтаулар сондай-ақ Өскеменнен “Қазцинк” ЖШС басшылары – президенті Николай Поповичтен, басқарма төрағасы Әлидар Өтемұратовтан және директорлар кеңесінің төрағасы Геннадий Зильбербергтен, сонымен қатар, “АрселорМиттал Қазақстан” АҚ-тың үкіметпен жұмысты үйлестіру жөніндегі директоры Арман Қашқынбековтен келді.
“Біздің бәріміз әртүрлі істермен айналысудамыз, алайда, бізді ортақ Отанымыз біріктіреді, – деп жазады “Павлодарлифт” ЖШС ұжымы атынан В.Котов. – Сіздің бастамаңыздың, қолдауыңыздың, көмегіңіздің арқасында, Қазақстан бүгінде әлемнің ең жылдам дамушы елінің біріне айналды”.
Қазақстан католиктерінің архиепископы Томаш Пэт былайша толғанады: “Сізді шын жүректен құттықтай отырып, бүкіл елімізді Сіз үшін, Папа ІІ Иоанн Павел 2001 жылы қабылдауда дән разы бола отырып жеке Сізге қарата айтқандай: “Қазақстан, Сені Жарылқаушым қолдасын!” деген ғибадат сөзімен ақжолтай бата беруге шақырамын”.
Нұрсұлтан Әбішұлын Алматы облысынан Югайлар отбасы, Астанадан Ардақ Құбашев пен Томирис Мұхитова, Қарағанды облысы, Шахтинск қаласынан Гүлнәр Нұрділләқызы, сондай-ақ Ернар Оразалин, Хатшыбек Әбдіхалықов, Жантас Раштановтар құттықтады.
“Мен ғажайыпқа сенемін. Нұрсұлтан Әбішұлы, мен Сізді біздің туған күнімізге қонаққа шақырамын. Мынадай таңғажайыпты елестетіп көремін: кенет есік ашылады да, Сіз кіріп келе жатасыз! – деп жазады 6 шілде күні 10 жасқа толған Диана Бурова. – Мен де өзімнің алтын адам туралы ертегідегі сүйікті кейіпкерім Соня секілді “ХХІ ғасырдың алтын адамы” – Сізді, Нұрсұлтан Әбішұлы, кездестіретініме сенемін”.
Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың атына шетелдерден оны мерейтойымен құттықтаған хаттар мен жеделхаттардың түсуі жалғасуда.
Украинаның 1994-2005 жылдардағы Президенті Леонид Кучма мерейжас иесін жылы лебізбен құттықтап, Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық, сарқылмас оптимизм, қажымас қайрат және Қазақстан мен Украина халықтары достығының бұдан әрі нығая түсуін тілейді.
Мемлекет басшысын Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшілер де құттықтады.
Үндістан елшісі Ашок Саджанхар өз хатында Н.Ә.Назарбаевтың “Қазақстанның қарыштай өсуі, дамуы және гүлденуіне қосқан үлесі шынында да аса зор және бірегей” екенін айта келіп, “АӨСШК-ні құрушы ретінде Сіз Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақтылықтың дамуында биік белестерге көтерілдіңіз. Сіздің мұнай қорын және “Болашақ” бағдарламасын құру сияқты бастамаларыңыз Қазақстан үшін өте тиімді әрі пайдалы екенін көрсетті”, – деп атап өткен.
Украина елшісі Н.Ф.Селивон Нұрсұлтан Назарбаевты мерейтойымен және Астана күнімен құттықтаған. Хатта Қазақстанның тұрақтылығы және тыныштығымен ерекшеленіп отырған бүгінгі әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі екені айтылады. “Мұның барлығына Сіздің кемеңгерлігіңіздің және ұлт Елбасы атағына лайықты түрде ие болған мемлекет қайраткері ретіндегі тәжірибеңіздің арқасында жету мүмкін болды”, – делінген.
Вьетнам Социалистік Республикасының елшісі Ву Тхе Хиеп өз хатында Нұрсұлтан Назарбаевтың атына “мерейлі мерейжасқа байланысты ең жақсы және жүректен шыққан құттықтауларын” жолдайды. Елші Вьетнамда Н.Ә.Назарбаевтың “Қазақстан халқының лидері, ұлы жаңартушы және қазіргі Қазақстанның қайта өрлеуі мен гүлденуіне, сонымен қатар өңірде және әлемде бейбітшілік, қауіпсіздік және ынтымақтастықты қамтамасыз ету үдерісіне асқан зор үлес қосқан және қосып келе жатқан әлемдік деңгейдегі көрнекті саяси қайраткер” ретінде танымал екені атап айтылған.
Грузиядағы Украина елшісі Василий Цыбенко Н.Назарбаевқа жолдаған құттықтауында: “Үлкен де күрделі жолды Сізбен бірге жүріп өткен, ең ауыр сынақтарға төтеп берген қазақстандықтар өз Отанын және өз Елбасын мақтаныш етуге барлық жағынан қақылы”, – деп жазады.
Ресей Федерациясының Өнеркәсіп және сауда министрі В.Б.Христенко Қазақстан Президентіне туған күнінде бұдан да өзге үлкен жетістіктер тілеп, “Сіздің иығыңызда өз еліңіздің қарышты дамуы салмағының ауыр жауапкершілігі жатыр ғой”, – дейді.
РФ ФЖ Мемлекеттік Думасындағы РФКП фракциясының жетекшісі, РФКП ОК төрағасы Геннадий Зюганов өзінің құттықтау жеделхатында “Посткеңестік тарихтың күрделі кезеңінде аса кемеңгер, белсенді және баршаға сыйлы адам басқарған Қазақстан Республикасының жолы айрықша сәтті болғанын” атап айтқан.
Нұрсұлтан Назарбаевты Ресей Президенті жанындағы Азаматтық қоғам институттарының дамуына көмек және адам құқықтары жөніндегі Кеңес төрағасы Э.Памфилова, Ресей Мемлекеттік Думасының тұрақты даму жөніндегі шағын комитетінің төрағасы, Социалистік Еңбек Ері, РҒА академигі М.Ч.Залиханов, танымал мүсінші З.К.Церетели және танымал киноактер Армен Джигарханян мерейжасымен құттықтап, алда да табыстар тілейді.
Мәскеу және күллі Ресей Патриархы Кирилл өз хатында Нұрсұлтан Назарбаевты мерейжасымен құттықтап, еліміз қол жеткізген зор табыстарды атап өткен. “Бүгінде Қазақстан рухани-адамгершілік құндылықтары елдің толыққанды ілгерілеушілігіне сай келетін мемлекет үлгісі бола алатынына мен куәлік етемін” делінген патриархтың құттықтауында.
Ресей мүфтийлері кеңесінің төрағасы Р.Гайнутдиннің хатында: “Сіздің Қазақстан Республикасы басшылығындағы жиырма жылдан астам қызметіңіз, Сіздің бастамаларыңыз, Сіздің жаныңыздың елгезектігі, сөздеріңіз бен мемлекет істеріндегі өмірлік тәжірибеге құрылған пайымды парасатыңыз Сізге деген шынайы сыйластық пен бүкілхалықтық құрметті оятты”, – делінген.
Нұрсұлтан Назарбаевты мерейтойымен және Елорда күнімен құттықтаған көптеген хаттар белгілі корпорациялар мен компаниялардың жетекшілерінен және өкілдерінен келіп түсті.
Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті Томас Мироу өзінің және өзінен бұрынғы әріптестерінің Нұрсұлтан Назарбаевты әрдайым жақсы дос, сенімді әріптес және Қазақстанның дамуына өздерінің атсалысуларын лайықты бағалай білетін жан ретінде танығанын жазады.
“Шеврон” корпорациясы атынан Н.Ә.Назарбаевты Дэвид О’ Райли құттықтап, мерейтой иесіне “Қазақстан Республикасының баянды болашағын қалау жөніндегі жұмысында ұзақ та саламатты ғұмыр және бақыт” тілейді.
Адриаан Ван дер Меер Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың басқарушылар кеңесінің атынан Нұрсұлтан Назарбаевты мерейжасымен құттықтап, Қазақстан Президенті ұсынған елді дамытудың тұжырымдамасына өзінің қолдау білдіретінін жеткізеді.
“Итера” директорлар кеңесінің төрағасы И.В.Макаров Нұрсұлтан Назарбаевқа компания басшылығы мен ұжымы атынан шын жүректен шыққан және игі мақсаттарды жүзеге асыру жолында табыстар мен сәттіліктер тілеген құттықтауларын жеткізген.
Токио-Мицубиси Банкінің басқарма төрағасы Кацунори Нагаясу Мемлекет басшысын мерейжасымен және біздің еліміз қол жеткізген зор жетістіктермен құттықтайды. “Біздің банк үшін Қазақстанмен өзара қарым-қатынасты нығайту басым мақсат болып табылады. Біз алдағы уақытта да Қазақстанның дамуына қуана-қуана түрлі көмек көрсететін боламыз” делінген хатта.
“Русал” компаниясының бас директоры О.Дерипаска өз құттықтауында Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі – “биік адами аңсарларға риясыз қызмет етудің жарқын үлгісі” екенін атап өткен.
“Қазақстан Республикасы басшылығындағы Сіздің сан қырлы қызметіңіз мақсатқа жетудегі табандылықтың, биік патриоттық сезімнің, азаматтық борышқа адалдықтың айшықты көрінісі”, – делінген Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жолданған Ресейдің “Внешэкономбанк” төрағасы В.А.Дмитриевтің құттықтау хатында.
“КонокоФилиппстің” директорлар кеңесінің төрағасы Дж.Малва Мемлекет басшысын мерейжасымен құттықтай келе, “компания Қазақстанның жетістіктерін және Сіздің еліңіздің қарқынды дамуы мен гүлденуіне қосып жатқан өз үлесін мақтаныш тұтатынын” атап айтқан.
“Би Джи Групп” компаниясының және жеке өзінің атынан Президент Н.Ә.Назарбаевты Франк Чапман құттықтады. “Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сізді өзіңіз қол жеткізген елеулі табыстарыңызбен құттықтағым келеді, – деп жазады Ф.Чапман. – Сіздің алысты көздеген көреген саясатыңыздың арқасында халықаралық инвесторларға Қазақстанда жұмыс істеуге мүмкіндік пайда болды”.
Өз кезегінде “Би Джи Казахстан” компаниясының президенті Марк Роллинз Мемлекет басшысын өзі басқаратын компанияның “алда да Сіз және Қазақстан Үкіметі қойған басым міндеттерді орындауға қолдау көрсете беретініне” сендіреді құттықтау хатында.
“ПетроҚазақстанның” сан мыңдаған ұжымы атынан Н.Ә.Назарбаевты компания президенті Вэй Юйсян құттықтады. Ол Қазақстан халқы өзінің көп жетістіктерін өз Президентінің, “бүгінгі елдің ұлт көшбасшысының” атымен байланыстыратынын айтады.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевты құттықтаған хаттар “Халықаралық Еуразия үйінің” атынан профессор А.Саркисяннан және Батум теңіз портының (Грузия) директоры З.Шургаиядан келді.
Н.Ә.Назарбаевты мерейжасы және Астана күнімен құттықтаған жылы лебізді құттықтаулар қоғамдық ұйымдардан да келіп түсті. Атап айтқанда, Коринф қаласының (Грекия) Понтийлық қоғамының төрағасы И.И.Шонустан, бұрынғы отандасымыз, Қарашай қоғамдық ұйымдары кеңесінің атынан құттықтаған Б.С.Байрамқұловтан келді.