• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
16 Мамыр, 2015

Өнер арқауы – халық достығы

416 рет
көрсетілді

Ақтөбе қаласындағы Қазақ­­­­стан халқы Ассамблеясы ғима­ра­тын­да ХVІ «Қазақстан – достықтың мекені» атты халық достығының облыстық фестивалі өткізілді. Фестивальға облыстық Достық үйінің этномәдени бірлес­­тіктерінің шығармашылық ұжым­дары, ән-би ансамбльдері қатысты. Қазақстан халқы Ассам­блея­сының 20 жылдығына орай он алтыншы рет өткізіліп отырған фестивальдің мақсаты – өңірде тұрып жатқан этностардың тілі мен салт-дәстүрін, жалпы, қазақ­­стандық мәдениетті, рухани бірлікті, халықтар арасындағы дос­тық­ты, ұлттық төл мәдениетті қалыптас­тыру мен дамыту, насихаттау болып табылады. Мәдени шара­ның шымылдығын «Достық сазы» халықтық-фольклорлық ансам­блі «Ілме» күйімен ашты. Содан кейін сахнаға көтерілген әнші Гүлмарс Аманбаева Ғари­фолла Құрманғалиевтің «Сәлем» әнін сәніне келтіре шырқады. Фестивальдің салтанатты ашы­луында сөз алған облыстық мә­дениет, мұрағаттар және құ­жат­тама басқармасының басшысы Нәзира Табылдинова өңірде тоқсаннан астам ұлттың өкілдері тату-тәтті тұрып жатқанын, олар­дың тілін, салт-дәстүрін және өнерін сақтауға және дамытуға жан-жақты жағдай жа­салып отыр­ғанын тілге тиек ете келіп, бүгінгі мәдени шараның ма­ңызы зор еке­нін атап өтті. Фести­­валь­ға қатысу­шылардың өнер биі­гі­­не кө­те­ріле берулеріне сәттілік тіледі. Бұдан кейін сахнаға этномәдени бірлестіктердің өнерпаздары көте­рілді. Осындағы «Славяне» орыс этномәдени бірлестігінің әншісі Виктория Сурай орындаған «Земля Казахстана» әні туған жер­ге деген сүйіспеншілік сезім­ге бөледі. Одан кейін орталық­тың көркемөнерпаздар ұжымы бір­неше орыстың халық әндерін орындап, билерін биледі. Бабик Азизов жетекшілік ететін әзер­бай­жан­дардың «Азери» биші жігіт­тер тобы қызуқандылықпен шалт қимылмен орындаған «Кав­каз халқының билері» де көрермен көңілінен шықты. Ал, «Вяра» бол­гар этномәдени бірлес­­­тігінің төрайы­мы Анастасия Подо­льянова «Шат­тығым – әнім» әнін қазақша төгілт­кенде сүйсінбеген жан қалмады десе болады. Бір қызығы – бұл әннің сөзі мен әнін жазған да болгар ұлтының өкілі Наталья Бош­кова. «Шаттық» татар-башқұрт этномәдени бір­лесті­гінің әншілер тобы орын­даған татардың «Ай-жаным» және башқұрттың «Гүлнәзира» әндері де жүректерге жылы сөзім ұялатты. Одан кейін де облыс­тағы он тоғыз этномәдени бірлес­тіктердің өнерпаздары кезекпен сахна төріне көтеріліп, өнерлерін көрсетті. Бұл өңірде тұратын халық­тардың өнері бір арнада тоғыс­қан салтанаты келіскен шара ретінде көпшіліктің көңілін­де қалды. Сан тілде, алуан дауыс­та астасқан мәдени шара қызғылық­ты өткені соншама көрермен­дер қатары концерттік бағдар­лама аяқталғанша сиремеді.   Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.