• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Тамыз, 2015

Жаңа экономикалық шаралар – ұлттық мүддені қорғау

412 рет
көрсетілді

Бүгінде әлем экономикасы өте күрделі жағдайды бастап кешіп отыр. Оған белгілі бір дәрежеде шикізат көздерінің құнсыздануы, атап айтқанда, мұнай бағасының құлдырауы да себепкер болуда. Бұл ахуалдың әлемдік рынокқа өз тауарларын шығаратын біздің елімізді де айналып өте алмасы анық. Осыған орай Қазақстан Үкіметі ел экономикасының одан арғы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін теңге бағамының еркін айналымын қамтамасыз ету сияқты нақты қадамдарға барып отыр. Бұл мәселені қалың жұртшылық қалай қабылдауда? Үкімет не істеуде? Төмендегі материалдарда міне, осы жөнінде айтылады.

Баға қатаң бақылауда

Бағаның негізсіз өсуіне, әсіресе, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің және қызметтердің бағасының қымбаттауына жол бермеу туралы Үкіметтің тапсырмаларына сәйкес Алматы қаласында бағаға мониторинг жасау және инфляциялық үдерістерге тосқауыл қою жөніндегі Жұмыс тобының белсенділігі арттырылды. Сонымен бірге, қаланың барлық аудандарында Жұмыс тобының қызметі жандандырылды. Олардың қызметіне құқық қорғау органдарының мамандары тартылды. Мониторинг әлеуметтік маңызы бар 33 азық-түлік тауарлары бойынша жүргізілуде. Мониторингке сәйкес, 20.08.2015 және 21.08.2015 мерзімі аралығында бағаның өсуі байқалмады. Бірқатар тауар­лардың бағасы Ұлттық экономика министрлігі бекіткен бөлшек сауда бағасынан төмен болды. Сауда кәсіпорындарының қоймаларындағы күнделікті жеткізілетін (нан, сүт өнімдерін) тауарларды есептемегенде азық-түлік тауарларының қоры 1,5-2 аптаға жетеді. Сонымен қатар, көкөніс өнімдері орталықтарында сауда логистиканы толтыру жөнін­дегі жұмыс басталды. Сондай-ақ, жанар-жағармай өнімдерінің бағасына да мониторинг жасалуда. Алматы қаласы бойынша, барлығы 229 АЗС жұмыс істейді. Өткізілген мониторинг қорытындысы бойынша, қаладағы жанар-жағармай бағасы Энергетика министрлігі белгілеген бұрынғы деңгейінде қалған. Бүгінгі күнге дейін қала­­ның мұнай базаларындағы жинақталған қордың көлемі қаладағы АЗС-тердегі қорды есептемегенде 46,3 мың тоннаны құ­райды. Мұнай өнімдерінің қоры қала сұранысын 2 апта бойы толық қамтамасыз етуге жетеді. 21.08.2015 жылы жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша 19.08.2015 жылғы мерзімде қолма-қол шетел валютасы: АҚШ доллары бағамының өсуі: сатып алу – 20, 94%, сату – 21,15 %; Еуро курсының өсімі: сатып алу – 24, 09%, сату – 24,0%; Ресей рублі бағамының өсуі: сатып алу – 15,36%, сату – 20,52 %; Алматы қаласында 630 айырбас пункті тіркелген. Ұлттық банктің Алматы филиалының ақпараты бойынша, айырбас пункттеріндегі жұмыс қалыпты режімде жүргізілуде, шетел валюталарына деген тапшылық жоқ. Бұл мәселелердің бәрі сағат сайын бақылауға алынған.  «Егемен-ақпарат».  

Сынақтан өтетінімізге сенемін

Нұрғали БИҒАЗИЕВ, кәсіпкер, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты. Әлем экономикасындағы ауыртпалық ауылға де келіп жетті... Социалистік жүйенің жемісін 70 жыл бойы жеген халыққа нарық экономикасына, оның оқтын-оқтын соғып тұратын дауылы мен дабылына бой үйрету оңай дейсіз бе? Дегенмен, көңіл қуантарлығы бүгінде ауыл халқы кешегідей емес, қоғамдағы жаңа өзгерістерге бейімделіп алған. Осы арада ашып айтатын бір жайт бар: ауылдағы ағайындар ара-тұра қамшылап тұрғанды жақсы көреді. Кешегі теңге дағдарысы самарқаулана бастаған жерлестерімнің ісіне жақсы мағынада түрткі болды. Әңгіменің ашығы осы. Елге жол тартып бара қалсам, көңілім толып қалады. Ауылдың төңірегінде көз қуантып әжептеуір малдар жайылып жүреді. Бірден жаның жадырайды. Ірі қара өсіріп, оны бордақылау, одан тұқым алу, етін жеп, сүтін ішу – біздің қанымызбен келген қасиет. Ата кәсібімізден ешуақытта қол үзбейік. Сонда ғана елдің болашағы зор болады деп ойлаймын. Сонда ғана халқымыз дағдарыстың ащы дәмін татпайды. Осы арада Елбасымыз Нұр­сұлтан Назарбаевтың жергілікті билік басшыларына күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасын қадағалау туралы айтқан тапсырмасы көңілге қонады. Ауыл жұрты момын. Тек атқарған ісін ғана біледі. Теңге құлдырауын пайдаланып, өтпелі сәттің оңтайлы сәтін өз пайдасына жарата қалғысы келетіндер бар. Шынайы өмірде оны көріп те, байқап та жүрміз. Президентіміздің бұл тапсырмасына жергілікті билік органдары аса мұқият болады ғой деген ойдамын. Бұл сынақтан да өтерміз... АЛМАТЫ.

Мәселенің үлкені отандық өндіріске қолдау көрсетуде

Еркебұлан ІЛИЯСОВ, «Кентау трансформатор зауыты» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңы. Оңтайсыз жекешелендіруден тек Қазақстан емес, кешегі КСРО сенімді алып мемлекеттің уығын құраған ірі кәсіпорындар шалғымен орған құрақтай баудай түсіп, жаппай жабылып жатқан кез. Тікелей Мәскеуге қараған Кентау трансформатор зауытының жағдайы да мүшкіл. КСРО Ауыр машина жасау министрлігі 300-ге тарта зауыт, кәсіпорын басшыларын жинап алып, «енді бізде хал жоқ, өз күндеріңді өздерің көріңдер», деп ноқталарын түріп қоя берген. Кешегі өндірістер орталығы Кентаудың жүні жұлынған тауықтай сықпыты кеткен. Ереуілдеген кеншілер әкімшілік үйін басып алып, одақтық маңызы бар жолды жауып әлек. Кентау трансформатор зауытының қарызы басынан асқан, құлаған кәсіпорынның қарақшысындай қалқайып отырған 25 жастағы жігіт Серғазы Күнтуаров бір күні есіктен Сайдулла Қожабаев кіріп келгенде өлгенім тіріліп, өшкенім жанғандай қуанып кеттім дейді. Осылайша, зауыттың жаңа тарихы 1997 жылы Alageum Electric холдингтік компаниясының негізін қалаушы Сайдулла Қожабаев келген кезде басталды. Бүгінде КТЗ Қазақстанның ауыр машина жасау саласындағы бренді десек болады. «Кентау трансформатор зау­ыты» АҚ Қазақстан Респуб­ликасының тарихында тұңғыш рет салмағы 110 тонна, кернеуі 110кВ, қуаты 63000 кВА электр­лі машиналардың сериялы өндірісін жолға салды. Қазақстандық электрэнергетикада жаңа дәуір басталды. Мұндай кластағы және қуаттағы трансформаторларды игеру – «КТЗ» АҚ ұжымының үлкен жетістігі мен жеңісі. Әсіресе, бұл маңызы аса зор оқиға «КТЗ» АҚ-тың 55 жылдығы қарсаңында болғаны көңіл сүйсіндіреді. Әйтсе де, әлемдік дағда­рыстың салдары кеше ғана көрші елдердің көзқұрты болған Кентау трансформатор зауытына зардабын тигізбей қойған жоқ. Бұл жағдайды Елбасы бизнес өкілдерімен өткізген кездесуде назардан тыс қалдырмады. Осыған байланысты біз Кентау трансформатор зауыты дирек­торлар кеңесінің төрағасы Еркебұлан Ілиясовтың ойын білген едік. – Кеңесте Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Кентау трансформатор зау­ытын айрықша атады, – деді Еркебұлан Ілиясов. – Расында, еліміздің доллар бағамын мейлінше ұстап тұруынан кәсіпкерлер зиянға шықтық. Қазақстан әлемде мыс, темір және мырыштан ірі экспортшы ретінде болғанымен әлем нарығындағы күрделі жағдайларға байланысты біз табыс жағынан қиындыққа ұшырадық. Мұның салдары бюджет түсімдеріне де салмақ түсірді. Егер біздің кәсіпорынның тарихына үңілер болсаңыз, биылғы жылы Қазақстанға Украина, Қытай және Ресейден ірі көлемде трансформатор өнімдері тасымалданды. Импорттың өткен жылдарға қарағанда көбейгендігін, бағасының төмендігін байқауға болады. Мысал ретінде айтар болсақ, 2014 жылы біздің зауыт 23471 трансформаторды нарыққа шығарса, биыл мықтағанда 11 000 трансформаторды өндіріске бере алдық. – Трансформатор зауыттары көрші Өзбекстан, Ресейде бары белгілі. Шыршықтағы зауыт аяғынан тұрып кете алмағанымен Ресей бәсекеге қабілетті ел. Қазіргі жағдай қалай? – Бар мәселе осында. Ресей өнімдері біздің тауарларымызды өз ел нарығында шетке ысырып тастады. Соның салдарынан Ресейге экспорттайтын өнімдеріміз 47 пайызға қысқарды. Тауар өтпегеннен кейін жұ­мыс­шыларымызды қысқартуға мәжбүр болдық. Ал мемлекетке 30 млн. теңгенің салығы төленбеді. Мұның бәрі кеше ғана әлемдік нарыққа кіруге жағдайы жетіп тұрған кәсіпорын үшін оңай емес. Қазірдің өзінде Ресейдегі әріптестеріміз өз өнімдерінің 28 пайызға қымбаттағанын айтып отыр. Әлі де баға көтерілетіндігін хат арқылы білдіріпті. – Мұндай жағдайда не істемексіздер? – Бізге Үкіметтің көмегі жетіспей жатыр. Мәселен, Алматы қаласының әкімдігі 2014 жылы универсиада өткізу және «Көк жайлау» нысандарына байланысты электр жабдықтауға мемлекеттік сатып алуды өткізді. Бұл жоба бойынша 110 кв қуат күші бар 4 трансформатор сатып алынуға тиіс болатын. Сметалық құжат бойынша 4 трансформатор үшін бюджетте 871 млн. теңге қаралды. Ал біз­дің КТЗ-ның трансформатор­ла­ры бар болғаны 537 млн. теңге болатын. Айырмашылығы бақандай 434 млн. теңге Бірақ, тапсырыс берушілер бізді аттап кетіп, шетелдік тауар жеткізушілерінің жетегінде кетті. Біздің отандық жобалаушылар мен тапсырыс берушілеріміз шетелдік жеткізушілердің мүддесін қорғау арқылы ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсанда қабылданған №1363 қаулысын аяққа таптады десе де болады. Бұл жағдай бірінші рет қайталанып отырған жоқ. Компания ақпараты бойынша, 2014 жылғы тамыз айын­­да «Ембімұнайгаз» АҚ мұ­най-газ кәсіпорны «Ақтау­ОйлМаш» ЖШС-дан (нарықта өзін «ҚазМұнайГаз» холдингі­нің кәсіпорны ретінде көрсе­туші) трансформаторлар мен жиынтықты трансформатор қо­салқы стансаларын жеткі­зуге ұзақ мерзімді шарт жасасады. КТЗ мамандары аталмыш кәсіпорынның айтылған жаб­дықтардың кейбір түрлерін ешқа­шан да өндірмегеніне назар аударды. Оларды өндіру «АқтауОйлМаш» ЖШС қам­тамасыз ете алмайтын мүлдем өзгеше жабдықтар мен өндіру жағдайын талап етеді. Елбасының отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде талай түйткілдердің түйіні тарқатылды. Енді өзімізбен деңгейлес шетелдік кәсіпорын өнімдеріне емес, бәсекеге қабі­летті отандық кәсіпкерлерге басымдылық беріледі. Бұл біздің сөне жаздаған үмітімізді қайта жандырды. – Әңгімеңізге рахмет. Отан­дық кәсіпорындардың мемлекет қамқорлығын шын сезінуіне тілектеспіз, әлемдік нарықтағы орындарыңыз биік болғай. Әңгімелескен Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.

Ой. Пікір. Ұсыныс

Қазақстанның тауар өндірушілері мен экспорттаушылары атынан жаңа экономикалық сая­сатқа және жаңа ақ­ша-кредит саясаты режі­­міне көшу туралы Үкі­мет пен Ұлттық банк қабыл­даған шешім­дер­ді толық қолдай­тыным­ды білді­ремін. Соңғы уақытта, қазіргі қалыптасқан эконо­микалық жағдайларда барлық отандық тауар өндірушілер мен экспорттаушылар біздің рынокта шетелдік бәсекелестер қысымын айтарлықтай сезініп келді. Оған біздің көршілеріміздің ұлттық валюталары бағамының төмендеуі себепкер болды. Оның өзі шетелдік тауарлардың неғұрлым төмен бағамен бізге қарай ағылуына апарып соқтырды. Біз өз өнімдеріміз импорттық тауардан айтарлықтай қымбат болған жағдайға тап болдық. Сондықтан да мен Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық банк қабылдаған шараларды уақтылы және дұрыс шаралар деп есептеймін. Қабылданған қадамдар отандық өндірушілерге өз позицияларын, бірінші кезекте, ішкі рыноктағы позицияларын нығайтуға мүмкіндік береді. Соған сәйкес бизнесті жүргізу жағдайлары жеңілдеп, осыған байланыс­ты барлық жұмыс орындарын сақтау мүмкіндігі туындайды.  Николай РАДОСТОВЕЦ, «Қазақстан Республикасының тауар өндірушілері мен экспорттаушылары одағы» республикалық заңды тұлғалар бірлестігінің президенті. *** Қазақстанның құ­ры­лыс салушылар ассоциациясы жаңа ақ­ша-кредит саясатына көшуге байланысты Үкімет пен Ұлт­тық банк­ке қолдау білді­реді. Мұны отан­дық құрылыс мате­риалдарын өнді­ру­де, қазақ­стандық маз­мұн­ды дамытуда, саланың бәсекеге қабілеттілігіне қолдау көрсетуде қажет­ті шара деп есептейміз. Сонымен бірге, жұмыс орындарын сақтауға және қазақстандық қызметшілерге әлеуметтік қолдау көрсетуді қамтамасыз етуге дайын екенімізді растаймыз. Айдын РАХЫМБАЕВ, «Қазақстанның құрылыс салушылар ассоциациясы» ЗТБ президенті. «Ембімұнайгаз» ЖШС Ұл­ттық банк пен Үкіметтің жаңа экономикалық саясатқа және жаңа ақша-кредит саясаты режіміне көшу туралы шешімін толық қолдайды. Экспорттық тауарларға деген сыртқы конъюнктура соңғы уақыттары нашарлай түсуде. Мұнайдың әлемдік бағалары барреліне 115 доллардан 48,5 долларға дейін, яғни іс жүзінде 2,5 есе төмендеді. Мұнай өнімдеріне бағаның айтарлықтай төмендеуі жағдайында бізде табыстардың елеулі түрде төмендеуі байқалды. Таяу уақыттары ірі мұнай өндіруші ел болып табылатын Ираннан санкциялар алынады деп күтілуде. Халықаралық рынокқа ірі ойыншы шығады, ал ол мұнай өнімдері бағасының кезекті төмендеуіне себепкер болмақ. Қалыптасқан жағ­дайда таргеттелген ва­люта сая­­­сатына кө­шу­ді мен дұрыс және уақ­тылы шара деп есеп­теймін. Бұл қадамдар Қазақстан эко­но­ми­касын, оның ішін­де, біздің кәсіп­орны­- мыз – «Ембімұ­най­­­газды» ­нығай­- ­туға жағдай жа­сайды. Қабылданған шаралар біздің өз жұ­мыс­шыларымызға әлеу­­- мет­тік қолдау көр­сету бойынша қабыл­даған барлық міндет­темелерімізді орын­дау­ға мүмкіндік береді. Осылайша, бізге штаттарды қысқартуға, сол сияқты, еңбекақыларды төмендетуге жол бермеудің сәті түседі.  Құрманғазы ЕСҚАЗИЕВ, «Ембімұнайгаз» ЖШС бас директоры. ***   Қазақстан экономикасындағы ірі саланың өкілі ретінде және өзімнің бизнес бойынша әріптестерімнің атынан Үкімет қабылдаған шараларды қолдаймын және оларды қалыптасқан жағдайда қажетті әрі өте уақтылы деп санаймын. Біз әлемнің көптеген елдерінде теріс эко­номикалық үдерістердің болып жатқанын көріп отырмыз, олар Қазақстанға да әсерін тигізеді. Мәселен, Ресей рубль бағамын төмендеткен сәттен бастап, Қазақстанның құс шаруашылығы саласы елеулі қиындықтарды бастан кешуде. Үкімет қабылдаған шаралар отандық бизнесті қолдауда дұрыс және уақтылы болып табылады. Бағамның айырмашылығынан міне, бірнеше айдан бері қазақстандық кәсіпорындарға өндіріс көлемін төмендетуге тура келіп отыр, ал 5-6 мың жұмыс орындары қысқарту қаупінде тұрды. Бірақ, қабылданған алдын алу шаралары бұл кері әсерлерді жұмсартуға жағдай жасайды. Отандық өнімнің импорттық өнімнен еш кем емес екенін және рубльдің теңгеге шаққандағы бағамы жоғары болған кезде бәсекелестікте ешқандай проблема туындамағанын атап көрсеткім келеді. Яғни, тең нарықтық жағдайда Қазақстанның құс шаруашылығы саласы шетелдік өнімге бәсекелес бола алады. Оның сыртында үстіміздегі жылы құс өсірушілер одағы әкелінетін құс етінің сапасын зерттеу үшін Астана мен Алматы рыноктарына талдау жүргізді. Сонда көптеген өнімдердің сапа жағынан біздікінен кем екені, бірақ баға айырмашылығына байланысты олардың бәрібір сұранысқа ие екені анықталды. Осыған орай Үкімет пен Ұлттық банк қабылдаған шаралар біздің құс шаруашылығы саласына елеулі қолдау көрсетпек. Біз осынау еліміз үшін күрделі уақытта қызметкерлерімізді барынша әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету үшін мүмкін дегеннің бәрін жасайтын боламыз. Оның сыртында еңбекақыны көтеру үшін қосымша шаралар кешенін қабылдап, бизнесті оңтайландырмақпыз. Көптеген сарапшылар әлемдік экономика жағдайының нашарлайтынын ертеден-ақ болжаған еді. Теріс тенденциялардың шиеленісуі біздің саламызға, әсіресе, елдің шекара маңындағы өңірлеріндегі өндірушілер үшін кері ықпалын тигізеді. Осыған байланысты біз қабылданған шаралардың маңыздылығын тағы бір атап өткіміз келеді. Серік ТОЛЫҚБАЕВ, «Өскемен құс фабрикасы» АҚ бас директоры.