• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Сәуір, 2015

Сөз сойыл №5

974 рет
көрсетілді

Әзіл - оспақ, сын - сықақ

Нөл Нөл домаланып жүріп-жүріп, соңғы кездері мән-мағынаға қызыға қарайтынды шығарған. Өзі арқаға тіркеліп күн кешсе де мағыналы сан­дардың арасына түскенде «қазандай қабілетім –  қаңбақ құрлы бағаланбай кем болдым» деп күрсініп те қоятын. Көңілі көкке өрлеген нөл көкейінде көгендеулі жатқан ішкі ойын орайлы сәтте ақтарып салып, өзгелерден ұтымды кеңес сұрастырды. – Сан біткеннің кез келгені дәрежеге шықса лезде молайып өсіп кетеді. Мен неге ол тәсілді пайдаланбай кем қаламын? Менің де өсіп-өніп, көзге ілініп, жоғарылағым келеді. Осыған байланысты көп болып көмектесіп, былай нетіп жіберсеңіздер... Нөлді желкесіне мінгізген сал­мақ­ты сан бұл ойды естігенде қуан­ғаннан үш домалап, оны ортаға алды да, сәл ойланып оң пікірін ортаға салды. – Шынында да осы нөл қашанғы бізге масыл болмақ? Жас талаптың жақсы ниетін ескеріп, дәреже беріп, өз алдына жеке қойып көрейік. Сан­дар үшін дәрежеден асары жоқ. Нөлде дәреже алса, мүмкін мағы­на­лы сандар қатарына қосылып қалар. Бұл пікірді өзгелері қоштап іле жөнелді. Салмақтының нұсқауымен нөлді кезек-кезек жабыла дәрежеге шығарды. Ары көрді, бері көрді, көп айналдырды. Нөлдің шекесіне тақ санды таңды. Одан кейін жұп санды тіркеді. Тіпті, болмаған соң апарып көп санды жапсырды. Бұдан да түк шықпады... Есекке алтын алқа тақсаң да ол болмысынан аспайды дегендей, мықты сандар жабылып, нөлді қанша дәрежеге шығарса да ол сол нөл күйінен өзгермей, домаланып қала берді. Не десе де, нөлдің аты нөл ғой, жазған! Мағрипа ЖЫЛҚЫБАЕВА. АЛМАТЫ. *Құттықтаймыз! Сатирик Һәм журналист Әзірбайжан Қонарбаев 1970 жылы Әл-Фараби атындағы ұлттық университетті бітірген соң, жарты ғасырға жуық Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір» газетінде қызметтер атқарды. Оның қаламынан елуден аса поэзиялық, прозалық, сатиралық және тарихи-танымдық, шежірелік кітаптар жарық көрді. Сатиралық шығармалары «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш» сияқты басылымдарда үзбей жарияланып келеді. «Жаймабазар», «Ойбай ғана құдай-ай», «Түрлі-түрлі Тәнтанай» атты сатиралық кітап­тардың авторы. Ол «Егемен Қазақстан» газетінің «Сөз сойыл» әзіл-сықақ отауының жеңімпазы. Жетпіс жастан желдей есіп өткен газе­тіміздің белсенді авторы Әзекеңе шығармашылық табыстар тілейміз! Қыңыр үйрек-айқайшы Айқайшы көп арамызда, Барды «жоқ» деп жылаған, «Саңылау» сап санамызға Жамау-жасқау құраған. Оны ауызға қақпан құрып, Желкесінен тоқпақта, Жалған сөзден сақтандырып, Тілін бұрап оттатпа. Той-садақа, жиындарда, Саясатқа соқтырма. Қиюы қашқан қиын жанға, Жолдас болып көп тұрма. Ашықауыз арандатар, Күл шашады талайға. «Қоңыр үйрек» арам қатар, Алды-артыңды абайла. Сот, прокурор  болсам деп... Телевизор, тоңазытқышты жөндеуші, Жан бітіріп қара тасты өңдеуші. Шаштаразшы, етікші мен сағатшы, Ескілердің көзін ашып емдеуші. Бұларға да оқу, тоқу бар бүгін, Аз ғана күн тоқып алар барлығын. Ал, бірақ та біздің байғұс балалар, Көрсете алмай келе жатыр нарлығын. Сот, прокурор, ревизор арманы, Үміт шіркін уақытын жалмады, Дипломды ту көтеріп келгенмен, Ұят боп жүр құр далада қалғаны. Бәріне де таныс керек деседі, Және де бар «подаркінің» есебі. Автогараж күзетшісі болып жүр, Заңгерлікті бітірген жас кешегі. «Цветной қатын» Қызыл-жасыл кигені, Інжу-маржан сүйгені! Бриллиант, алтын болмаса, Басын төмен имеді. Ол бір байдың қатыны, Дүние қоңыз – ақылы. «Джип» болмаса басқаға, Тиген емес тақымы. Долларменен сөйлеген, Теңгеге көңіл бөлмеген. Министр, әкім болмаса, Сәлемдесіп көрмеген. Мұның жыры жетеді, Көлбең-көлбең етеді! Әкесінің бірақ та, «Қарттар үйі!» – мекені». «Біреудің қаңсығы, біреудің таңсығы» Біздің Бипыл жеңгей, «Кәсіпкер сиқыр» жеңгей, Әнге басып не түрлі, Төркін жұрты секілді Түркияға шауып барады, Есік-тесігін тауып барады. «Хан базары» – «барахолка», Көңілі алып-ұшып алауланып, Таңдап тұрып тауарды алып, Тиын-тебенге сатып алады, Қос қоянды бір оқпен, Көздемей-ақ атып алады. Сосын барып елге қайтады Тауарын мақтап жөндеп айтады. Бір теңгесі мың теңге болып, Ағыл-тегіл жыр теңге болып, Ымпыртныйды өткізеді, Қарызға да жазып бере қояды, Келісімге келе қояды, Жетер жеріне жеткізеді. Сонымен Бипыл жеңгей, Із-түзі білінбес сиқыр желдей Түркияға тағы бара жатыр, Жеңіл барып, ауыр қайтады, Нанбасаң қара да тұр. «Желтый газет» «Қатын өсек, еркек өсек» аралас, Ұя бұзар ұятсыздық жалаңаш. Барды «жоқ» деп бадырайтып жазады, Алқаштардың сөздеріндей шала мас. Бір бетінде «жар іздеуші» – жарнама, Бір бетінде «еске алулар» зарлама. Бір бетінде өзін-өзі мақтаған, Бір шалдың жүр «романы» жалғама. Бір бетінде «өсек жыры» шалқиды, «Махаббаттың» мұңы да бар әр қилы. «Кәрі қыздың құпиясы қандай?» деп Бір «шүйкебас» сызылтыпты ән-күйді. Ұшырадық «желтый газет» дертіне, Қызыл-ала, көз тоймайды көркіне. Ақша қуған құлды еркіне жіберсең, Деген бар «ғой күнде тышар бөркіне...» «Жұлдыз» Бір әнші қыз сахнада жаңғырып, Қызыл-жасыл тұла бойын жандырып, Өзіне өзі қол шапалақ ұрады, Жылмаң қағып көрсетеді сан қылық. Залдың іші аянышпен қарайды, Өліп-өшіп уақытты санайды. Бұл шіркіннің «крышасы» кім екен, Қапелімде кете қойса жарайды... Микрофон көтеріп тұр шоқтығын, «Махаббат» деп көкіректен төкті мұң, Сан жетпейтін аспандағы жұлдыздан, Сахнаның «жұлдыздары» көп бүгін. Азапқа түскен жан Орысша өскен келін, Қазақшаға қайбір епті... Жатарда атасына – «Жатқан жеріңіз жайлы болсын», депті. Демократия заманы, Не десе де ерікті. Әйтседе ол «Жайлы жатып, жақсы тұрыңыз», Деп айтқысы келіпті. Ол ол ма, бір шала келін, «Тамақтың ұяты жоқ» дегісі келіп, Ол да қайбір епті, Келген қонақтарға – «Кушайте как бессовестные» депті. Кеше көрші қазаққа «Жеті нан» деп күлше берсем, Дегендей мені алдады, «Шетелдің нанын жемейміз» деп алмады. Қойсаңшы бұл кісілікті, Сөйтсек ол жеті нанды – «Вьетнам» деп түсініпті. Иә, біздің де бір дәрігер қыз Онда да орысша характір... «Между тері и мясо Ветер гуляет» деп қарап тұр. Бала бастық, шала бастық, Оның да орысша тоқпағы... Көзге түскен сүйелдей, «Молодецсің» деп мені мақтады. ...Орыс боп кеткен қазақтар, Жаныңды өстіп азаптар. Таң қалу Еңбегімді көп жылғы Шығарып едім баспадан... Құнды дүнием сол күйі, Ал авторы – басқа адам. Таң қалам-ау, Соттасып сандалам-ау. Заман лебі Кедей ұрласа бір қап бидай, Соңына түсер қырғидай... Байшыкеш ұрласа мың қап бидай, Қорғап соны, зырғиды-ай. Не істейсің? «Құдайменен ісі бардың, Пайғамбарда несі бар», Деген мақалды, Шығарғанның есі бар. Расында да, Әкіммен ісі бардың, «Замдарында» несі бар. Орынбасар ӘЛЖІК. ҚЫЗЫЛОРДА.

*Суретші көзімен

  Тірі адамды өлтіріп қойған... Мұғалім шәкіртіне сұрақ қойып отыр: – Сәкен Сейфуллин деген кім? – Ол, енді... белгілі атақты адам ғой. – Дәлірек айтқанда? – Ел үшін еңіреп өткен, дұрыс адам... – Ол кісі қашан, қалай қайтыс болды? – 1940 жылы Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапты. – Апырай, саған дауа жоқ екен. Бет аузың бүлк етпеді-ау. Сабақтың соңына дейін әкеңді шақырып кел! Ентіге басып баласымен бірге әкесі де келді. – Тыныштық па? – Қайдан тыныштық болсын. Мына бала­ңыз сабақтан түк татпайды. Өтірік айтады? – Сізді алдады ма? – Одан да зорын істеп отыр. «Сәкен Сейфуллин кім десем» – «атақты адам» деп анық жауап бермейді. «Қашан қайтыс болды?» десем: «1940 жылы, соғыста» дейді. Бұған не айтасыз? – Ой, көргенсіз-ай, мұның өзі маған ұқсап тумаған шайтан ғой, наға­шы­ла­рына тартқан ит. Басқасы басқа, тірі адам­ды өлтіріп қойғаны... қатты ұят бол­ған екен... Ант ұрғанның баласы-ау. «Қазақ­станның депутаты» деуге тілің келмеді ме?!. *Ауылдың айтқыштары «ТІЗІМДЕ БАР МА ЕДІҢ?..» Балуан Шолақ ауылының азаматы, әзілқой Төлеу Төкенұлы көнелеу «Ауди» көлігімен жолаушы тасымалдап, отбасына күнделікті қажет­ті азық-түлікті алып қайтуды да ұмыт­пайды. Бірде Шу шаһарының көк базарын­дағы дүкенде сауда жасағалы сөреге жақын­дамастан-ақ, бір сыған баласы қайта-қайта ақша сұрап, оның мазасын ала беріпті. Асып-сасатын Төлеу ме: – Сенің атың кім еді. Әйелім Бота жазып берген тізімде (азық-түліктің) бар ма екенсің, айта қойшы? – деп қағазына бір, сыған балаға бір қарап, жанында тұрғандарды қыран-топан күлдіріпті. Ұялғанынан сұрамсақ жүгермек дереу тайып тұрыпты. «ШЫРАҚШЫ» Төлебилік Ерғали жездесі Серғалимен орынды да жарасымды қалжыңдасып жүретінін байқайтынмын. Бірде екеуінің жолы түйісіп, Меркі жаққа құдалыққа барып қалмай ма. Кең де бай дастарқанның басында Ерғали сапарлас серіктерін таныстыру үстінде жездесін «шырақшы» қызметінде деп атап жібереді. Отырыстың «ащы сусыз» сәні келіспейтіндігі бесенеден белгілі. Құрақ ұша қызмет етіп жүрген жігіт Серғалиды шынында «шырақшы» деп қалған болу керек, бір емес, екі-үш мәрте айналып өтіп, өзгелердің ыдыс­тарын құрғатпай толтырумен жүреді. Кенезесі кеуіп, әбден шыдамы таусылған Секең қызметші жігіт жанынан өте бергенде, оның жеңіне жармаса кетіп, қайнысы Ерғалиды ала көзімен атып, «Мені шынында «шырақшы» деп қалдыңдар ма, ауылымдағы жар дегенде жалғыз электрикпін, андағыңнан маған да құй», – деп ыдысын тосқан екен... Мәкен УАҚТЕГІ. Жамбыл облысы. * Шымшыма шумақтар Сумаң сұмдық Қой соңында шындық жүр, Атқа мінді өтірік. Сумаң қағып сұмдық жүр, Лақ болып секіріп. «Намаз бұзылды» Көшедегі көз қысқан қызды көріп, Бір молдамыз өртеніп, қызды келіп. «Свежий огурчик» деп құшаққа алып, Бес мәрте намазын бұзды келіп. Амалың жоқ Қара қатын үстелде күл беттеніп, Әңгімесі айрандай ірмектеліп, Бастық болып отыр ғой амалың жоқ, Жалған күлкі, жатыр ғой құрметтеліп. Тірісінде тістесіп... Ақын еді, өлген бойда мақтадық, «Талант еді, өлді деуге батпадық». Тірісінде тірсегінен тістелеп, Күншілдікпен табаға сап қақтадық. Қыс келгенде айқай күлкі Ала бүлік, ақ түтін қар қыс түсіп, Төрт түлік мал төрт бүктелді бүк түсіп. Дегені болып жем сататын саудагерлердің, Жүз теңгесі екеу болды жұп түсіп. Жарлы жабықайға... Жер дауынан жел тұрып, дауыл соқты, Жерді сату бұл күнде ауыр соқты. Жер жәннаты алдымен «дөкейлерге», Шөп шықпайды, арызды төпей берме. Жемқорлар Күйі келген бурадай жынын шашып, Көп көзінше жұлысты, ырылдасып. Оңашада «олжаны» бөліседі, «Қағаздарын» сиқырлап, жымыңдасып. «Біреуге мал қайғы...» Үй бар еді салмай жатып құлаған, Опат болды тракторшы бір адам. «Адам емес, тракторым тас-талқан», Деп бастық жүр іштей тынып жылаған. Ит қосып қуады Пайдасы бар, билігі бар туысқан, Құшағында, шықпайды екен уыстан. Пайдасы жоқ жарлы менен жақыбай, Көрінгенде итін қосып қуысқан. «Зиял» адам «Зиял адам сөзі ғажап сынадай, Жан бар ма екен дүниеде мынадай...» Деп мақтаған зиялымыз қалада, Көрмегені – театр мен мұражай. «Акарашкі» Ертелі кеш тырқылдатып қазанды, Ет жемесе есі кетер қазақпыз. Ет бағасы «бақыртып» тұр базарды, «Акарашкі» құс етіне мазақпыз. Домбырамен «ащы болды» Бір күйшіміз кенеттен басшы болды, «Кәтеж» үйлі, жағдайы жақсы болды. Сахнадан шошынды шошаң қағып, Домбырамен арасы «ащы болды». «Байбол – Байшал» Талай қызық болып жатыр көз көрді, «Бал ұстаған бармақ ұстар» кез келді. «Комхозға» кеп бас бухгалтер болған соң, «Байбол» аты «Байшал» болып өзгерді. Ду қол шапалақ Жарлының қатыны сөйлеп еді, Аузына қақпақ қойып аштырмады. Байдың қатыны сөйлеп еді, Ду қол шапалақ тасқындады. Мұғалім – қолбала Сайлау болса үгітші, Мұғалімдер – «қолбала», Қарсы келсе – бүлікші, Бар жазығы сол ғана. Әзірбайжан ҚОНАРБАЕВ. Маңғыстау облысы. Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР