• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Наурыз, 2015

Басты бағыт – балаларды қорғау

199 рет
көрсетілді

Кеше Ақордада еліміздің Мемлекеттік хатшысы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі Юрий Оксамитныймен кездесті. Мемлекеттік хатшы Ю.Ок­сами­т­ныйды лауазымға тағайын­далуымен құттықтап, Қазақстан мен ЮНИСЕФ арасындағы табыс­ты ынтымақтастықтың жалға­сатынына сенім білдірді. Сон­дай-ақ, Г. Әбдіқалықова әлемдегі және еліміз­дегі балалардың жағдайын жақсар­тудағы ЮНИСЕФ-тің маңыз­ды рөлін, БҰҰ-ның даму мақ­сатындағы көмек көрсету жөніндегі Негіздемелік бағдарламасын орын­дау бойынша еліміздегі мемле­кеттік органдардың белсенді жұ­мысын атап өтті. БАҚ өкілдеріне берген сұх­батында Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев аталған министрлік БҰҰ-ның Балалар қорымен 1992 жылы шартқа қол қойғандығын айта келе, осы шарттың аясында көптеген ауқымды жұмыстар атқарылып жатқандығын хабарлады. 2012-2014 жылдарға арналған екі жылдық бағдарлама бар болатын, соның барысында тек қана Білім және ғылым министрлігі емес, сонымен қатар, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, Әділет министрлігі және Ішкі істер министрлігі белсенділік танытты. Сонымен қатар, БҰҰ Балалар қорының Қазақстандағы өкілі Ю.Оксамитный соңғы жиырма жыл ішінде Қазақстан өзге де ел­дермен серіктес болып келе жат­қандығын айта келіп, бірігіп жасаған жұмыстар нәтижесінде жаңа туған нәрестелер мен балалар өлімінің азаюына қол жет­кі­зілгеніне және денсаулық сақ­тау мен білім беру саласында жетіс­тіктер бар екеніне тоқталды. Бас­ты бағыттардың бірі де балалар құқығын қорғау турасындағы бірлескен шаралардың арқасында жүзеге асырылып жатқандығын басты назарда ұстаған ол, қазіргі таңда серіктестік барысында кезекті бес жылдық бағдарлама жасалып жатқандығын атады. Қазіргі таңда ЮНИСЕФ-пен өзара байланыс арқылы және 2010-2015 жылдарға арналған Елдік бағдарламаның барысында отбасы мен қоғамның әлеуетін нығайту, әлеуметтік және басқару саясатын әзірлеу, әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру бойынша іс-шаралар табысты жүзеге асырылуда. Бағдарлама басымдықтарының бірі Оңтүстік Қазақстан және Шы­ғыс Қазақстан облыстарының, бұ­ған қоса, Семей сынақ алаңы мен Арал аймағындағы балалардың жағ­дайын жақсарту болып табылады. Кездесуге қатысушылар балаларды қорғаудың өзекті мәсе­лелерін, білім беру, денсаулық сақ­тау және әлеуметтік даму сала­лар­ындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Бұл орайда әнші, қазіргі уақытта Ұлттық комиссияның жаңадан қосылған мүшесі болып отырған Қарақат Әбілдина қоғамдағы әйелдердің орны мен рөлі турасындағы ойымен бөлісті. Елбасының «Отбасы – басты құндылығымыз» деген сөзін мысалға келтірді. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».