Тәубе! Төрткүл дүниеге төбе билік айтқан Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы табысты өтіп жатыр. Оны әлемнің танымал саясатшылары да, дуалы ауыз сарапшылары да бірауыздан айтып та, дәлелдеп те келеді. Халықаралық мәртебелі ұйым – ЕҚЫҰ-ның құрылғанына 35 жылдың өрмегі ауыпты. Содан бері бұл беделді Ұйымға 35 мемлекет төрағалық еткен екен. Олардың арасында дүние жүзіндегі дамыған демократияның көшбасында тұрған, ғасырлар бойы әлемдік саясат сахнасының шешуші ойыншылары атанған беделді де белгілі мемлекеттер бар. Сонда, ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен мемлекеттер тарихында бәрінен жас тәуелсіз мемлекет – Қазақстан төрағалығы шоқтығының биік болуы қалай? Бұл кездейсоқтық па, әлде заңдылық па?!
Оны толық түсіну үшін тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бірегей басшылығымен Қазақстан Республикасының жиырма жылға жуық жүріп өткен тәуелсіздік жолының тарихын таразылауға тура келеді. 1991 жылдың сарша тамызы жетпіс жыл бойы дәуірлеген Кеңестер Одағының дәм-тұзының таусылар сәті жақындағанын таныта бастады. 19 тамыз төңкерісшілерінің (ГКЧП) қорқақ қимылы қиюы кеткен Одақтың енді қисыны келмейтінін көрсетті. Бірақ оның осыншама тым жылдам “жан тапсыра” қоятынына ешкім сенбеген де еді. Сол жылдың 8 желтоқсанында Одақ құрамындағы үш славян мемлекетінің басшылары Беларусьтің Беловежье қорығында басқосып, басқа ешбір мемлекет басшыларына ескертпестен-ақ КСРО-ның ыдырағаны және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрылғаны туралы мәлімдеме жасады. Беловежье келісімінің бет-пердесін ашып, ақиқатын айтар болсақ, бұл Одақ құрамындағы басқа мемлекеттерге үш славян мемлекеті тарапынын жасалған ашық сепаратистік қадам болатын.
Шын мәнінде мәселе ушығып кете жаздады. 13 желтоқсанда Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары – Н.Назарбаев, С.Ниязов, И.Каримов, Р.Набиев, А.Ақаев Түркіменстан астанасы Ашғабадта бас қосты. Түркіменстан тарапы алдын ала дайындалған Орталық Азия мемлекеттері конфедерациясын құру туралы келісімнің жобасын талқылауды ұсынды. Сол бір аласапыран шешуші сәттердің оқиғасын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “На пороге ХХІ века” атты кітабында былай деп еске алады: “Сегодня многие забыли ситуацию тех лет, но мы действительно стояли на пороге создания двух союзов – славянского и тюркского с подключением Таджикистана. Я приложил максимум усилий для того, чтобы предотвратить сценарий формирования тюркского и славянского союзов на территории бывшего СССР. К чему бы мы пришли сегодня, через несколько лет, если бы такие союзы оформились, просто трудно себе представить”.
Иә, қылышынан қан тамған темір тәртіптің күшімен ғана тұрған кешегі қызыл империя аумағында діні басқа, ділі басқа бір-біріне қарама-қайшы екі одақ құрылғанда не болатын еді? Бетін аулақ қылсын, Еуразия кеңістігі тарих доңғалағын теріс айналдыратын текетірес аймағына айналатын еді. Сұңғыла саясаткер, дарынды дипломат Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында бұл сұмдық сценарий тарих сахнасына шықпай қалды. 1991 жылдың 21 желтоқсанында Н. Назарбаевтың бастамасымен Одақ құрамынан шыққан тәуелсіз мемлекеттер басшылары Алматы қаласына жиналып, 9 республика басшысы Алматы декларациясына қол қойды. Сөйтіп, толыққанды жаңа құрылым – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы өмірге келді. Кейіннен ТМД-ға басқа мемлекеттер де қосылды.
Жетпіс жыл бойы бір орталыққа бағынып, экономикалық жағынан барынша шырмалған республикалардың еншілерін ала салысымен-ақ бірден төрт аяғын тең басып кете қалуы қиын болатын. Қанша күрделі болса да жас тәуелсіз мемлекеттер үшін бұрын қалыптасқан экономикалық байланыстарды сақтап, жаңа нарықтық қатынастарға ортақ рынокты сақтай отырып, бірте-бірте кірігу керек еді. Тәуелсіздік буына масаттанған кейбір республика басшылары мұны түсінбеді. Уақыт көп ұзамай-ақ олардың қателескендіктерін көрсетті. “Бөлінгенді бөрі жейді” дейтін халықтық қағиданы қатты ұстанған Қазақстан Республикасының басшысы бұрынғы одақтас республикалар арасындағы, әсіресе Ресей мен Қазақстан арасындағы сауда-саттық, тауар айналымы және басқа экономикалық қарым-қатынастың үзіліп қалмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. ТМД сол алып кеңістікті жаңа жағдайға бейімдеудің алғашқы қадамы болатын.
Тарих сахнасында бұл Достастық өзіне жүктелген жауапкершілік жүгін біршама атқарып та келеді. Мәселен, осы Достастық аясында 1992 жылы Ташкентте Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына кіретін 6 мемлекет арасында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) қол қойылды. ТМД саяси мәселелерді оңтайластыруда біршама тиімді орталық болғанымен, экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында әлсіздігін байқатты. Сондықтан, Еуразия кеңістігіндегі егемен елдерді өркениетті экономикалық интеграциялану баспалдағына бастайтын жаңа идея, тың бастама ауадай қажет еді.
Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылдың наурызында Мәскеудің мемлекеттік университеті оқытушылары мен студенттерінің алдында сөйлеген тарихи сөзінде тұңғыш рет Мемлекеттердің еуразиялық одағын құру туралы батыл идеясын жария етті. Елбасы өзінің бұл өміршең идеясын посткеңестік елдер аумағында тұрақтылық пен қауіпсіздікті, әлеуметтік-экономикалық модернизациялауды нығайту мақсатындағы егемен мемлекеттердің интеграциялану формасы ретінде айқындаған болатын. “Тарих бізге ХХІ ғасырға өркениетті жолмен енуге мүмкіндік беріп отыр. Біздің пайымдауымызша, посткеңестік кеңістік дамуының объективті қисынын және бұрынғы КСРО халықтарының ерік-жігерін бейнелейтін Еуразиялық одақ құру бастамасының интеграциялық әлеуетін жүзеге асыру соның әдіс-тәсілдерінің бірі болып табылады”, деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.
Жарты әлемді темір құрсауда ұстаған Одақтың құлағанына небары үш жыл толмай жатып, мемлекеттердің еуразиялық одағын құру идеясын күн тәртібіне шығару көзсіз ерлікпен пара-пар еді. Басқасын былай қойғанда, Елбасының жақын пікірлес әріптестері де бұл батыл идеяға бірден іш тарта қойған жоқ. Бодандықтан босап, енді ғана жеке отау құра бастаған кешегі одақтас республикалардың басшылары қайтадан одаққа бірігу идеясын түсіну түгілі, тіпті естігілері де келмегені сол кездің ащы шындығы болатын. Тоқсаныншы жылдардың жаппай егемендікке ден қойған, шымырқанған ахуалында утопия болып көрінген идеяның бітіспес қарсыластарымен қатар, іш тартқан жақтастарының да болғандығын атап өткен жөн. Қалай болғанда да Қазақстан басшысының батыл бастамасы жан-жақты қызу талқылауға түскендігі анық.
Бүкіл өркениет әлемі жаһандану үрдісіне түскен заманда “ортақ өгізден оңаша бұзау артық” тәсілімен оқшауланудың соңы өріс тарылтатын тығырыққа тірейтіндігін уақыт тынысы барған сайын дәлелдей бастады. ХХІ ғасырдың даму баспалдақтарында интеграцияланудан басқа балама жоқ. Оған бүгінгі әлем картасына қарап та анық көз жеткізуге болады. Кәрі құрлықтың озық ойлы адамдары үлкен қиыншылықтарды жеңе отырып, бірігу үдерісі қаншалықты күрделі болса да Еуропа Одағын құрды. Бүгінде 27 мемлекеттің басын қосып отырған бұл Одақ халықаралық сахнада өзінің белді де беделді орнын алып отыр. 1999 жылы Африка одағы дүниеге келді. Қазір бұл халықаралық ұйым 53 африкалық мемлекеттің басын біріктіреді. Латын Америкасының елдері де экономикалық интеграцияға ден қойған.
Нақ осындай жағдайда Еуразия Одағы посткеңестік кеңістік елдері арасындағы құлдыраған ыдыраушылықтың күйзелісті зардаптарын жоюға бағытталған озық та тұғырлы жоба болатын. Сондықтан да заманауи реформатор Нұрсұлтан Назарбаев кешегі кеңестік кеңістіктен шыққан мемлекеттердің экономикалық ортақ кеңістігінің ыдырамауы үшін ерекше күш-жігер жұмсады. Міне, осындай баламасыз бастамалардың нәтижесінде 2000 жылғы 10 қазанда Астана қаласында жаңа экономикалық-интеграциялық ұйым – Еуразиялық экономикалық қоғамдастық (ЕурАзЭҚ) құрылды. Жемісті жұмыс істеп келе жатқанына биыл тура 10 жыл толған ЕурАзЭҚ оған мүше мемлекеттердің экономика, ғылым, қорғаныс және мәдени-әлеуметтік салалардағы ынтымақтастығын нығайтқан, өзара ықпалдастығын қалыптастырған орталыққа айналды.
Бүгінде ЕурАзЭҚ 181 миллион халық қоныстанған 20,374 шаршы шақырым кеңістікті алып жатыр. ЕурАзЭҚ елдерінің әлемдік мұнай қорындағы үлесі 10 пайызды, газ бойынша 29 пайызды, көмір қоры бойынша 20,7 пайызды құрайды. Өнеркәсіптік уран қоры бойынша ол Австралия, АҚШ және Канаданы қоса алғандағы көрсеткіштен алда тұр. ЕурАзЭҚ құрылғаннан бергі еркін сауда көлемі 2000 жылғы 29 млрд. доллардан 2008 жылы 123 млрд. долларға дейін артып, сауда айналымының көлемі 4,1 есе өсті.
Бар мен жоқтың да, бай мен бағланның да қас-қабағына қарамай, жаһанды жалпағынан жайпаған әлемдік дағдарыс осындай бір орталыққа интеграцияланған экономикалық байланыстардың ауадай қажет екендігін нақты дәлелдеді. 2008 жылғы 21 желтоқсанда Қоғамдастыққа мүше мемлекеттер басшыларының Бурабайда өткен бейресми саммиті барысында ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер арасында Дағдарысқа қарсы қор және Жоғары технологиялар орталығын құру туралы шешім қабылданды. Ал 2009 жылдың 4 ақпанында Мәскеуде Дағдарысқа қарсы қордың негізгі қағидалары мен мақсаттары мақұлданып, қор көлемі 10 млрд. доллар көлемінде белгіленді. Ерекше атап өтетін тағы бір мәселе, 2003 жылы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық БҰҰ Бас Ассамблеясы жанындағы бақылаушы ұйым мәртебесіне ие болды. Бұл – Еуразия құрлығындағы интеграциялық құрылым болып табылатын ЕурАзЭҚ-ты әлемдік қауымдастықтың танығандығына басты дәлел.
2006 жылдың 16 тамызында өткен ЕурАзЭҚ-қа мүше елдер мемлекет басшыларының ресми емес басқосуында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен ЕурАзЭҚ шеңберінде Кеден одағын құру туралы шешім қабылданды. Ал 2009 жылдың 27 қарашасында Минск қаласында Беларусь, Қазақстан және Ресей мемлекеттерінің басшылары Кеден одағының Кеден кодексіне қол қойды. Тағы да бұрын-соңды экономикалық интеграция құрылымдарында баламасы болып көрмеген бұл тарихи құжат Қазақстан Республикасының жетекшілігімен жүзеге асырылды. Оқшауланғанды опық жегізетін мынау жаппай жаһандану заманында экономикалық интеграцияға балама жоқ екендігін Елбасы тағы да өзінің өміршең бастамасымен паш етті. Тұңғыш Президентіміз өзінің Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында: “Қазақстан ТМД-дағы интеграциялық үдерістердің белсенді қатысушысы болып табылады. 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген Ресеймен және Беларусьпен Кеден одағының құрылуы – бұл қазақстандық барлық интеграциялық бастамалардың серіппелілігі”, деп атап көрсетті.
Ғасырлар тоғысында төрткүл дүние түгел интеграциялану үрдісіне толық мойын ұсынып, бұл көкейкесті шараны бірте-бірте жүйелі жүзеге асырып келеді. Осыдан тура он алты жыл бұрын реформатор Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Еуразия кеңістігінде де өркениетті интеграция қадамы басталды. Өткен 16 жыл ішінде Елбасының Еуразия идеясы толыққанды нақты нәтижелермен айшықталды. Бүгінде Еуразия кеңістігіндегі интеграцияның үш өлшемі туралы – экономикалық, әскери-саяси және мәдени-гуманитарлық интеграция туралы батыл айтуға болады. ЕурАзЭҚ аясында жүзеге асырылып жатқан нақты экономикалық интеграция шаралары жөнінде жоғарыда атап өттік. Әскери-саяси өлшем тұрғысынан келетін болсақ, ҰҚШҰ, ШЫҰ және АӨСШК құрылымдарын ерекше атап өткен жөн. Осы ретте АӨСШК-нің Азиядағы қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру мақсатында сенімді алғышарт қалыптастырғанын баса айту керек. Кеңеске мүше елдер АӨСШК-ні әртүрлі мәдениеттер мен дәстүрлерді ұстанатын мемлекеттер арасында мәдениеттер мен өркениеттердің өзара түсіністік жолындағы үнқатысуын дамытатын Азиядағы баламасыз форум ретінде бағалап отыр. Еуразия кеңістігі әлемдік кейбір ірі өркениеттер бесігі ғана болып қойған жоқ, сонымен қатар, жаһанның әр бөлігіндегі өркениеттерді байланыстырған алтын көпір болып отырғаны ақиқат. Қазір тұңғыш Президентіміздің тікелей бастамасымен өмірге келген бұл халықаралық ұйымның Азия құрлығында өркениетті өзара ынтымақтастық пен байланыстың бастауы болғандығын бүкіл әлем саясаткерлері бірауыздан мойындады. 1999 жылы Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Қытай мемлекеттерінің Әскери салада өзара сенімді нығайту жөніндегі келісім негізінде құрылған Шанхай ынтымақтастық ұйымы бүгінде тек қауіпсіздік мақсатындағы іс-қимыл алаңы ғана емес, сонымен бірге, білім беру, мәдениет және әлеуметтік салалардағы өзара тиімді жобаларды үйлестіретін трансшекаралық байланыс орталығына айналды.
Сонау бір болашағы болжаусыз тоқсаныншы жылдардың буырқанған толқынды тұстарында ешкімнің өңі түгілі түсіне де кірмеген Мемлекеттердің еуразиялық одағын құру туралы батыл бастама көтере отырып, Нұрсұлтан Назарбаев дүние жүзіндегі ең алып құрлықтың халықтар арасындағы бейбітшілік пен өзара ынтымақтастық кеңістігіне айналуына тұғырлы негіз қалады. Елбасының ерен ерік-жігерінің арқасында бүгінде Қазақстан төрағалық етіп отырған халықаралық мәртебелі Ұйым – ЕҚЫҰ-ның да басты қағидаттары экономикалық интеграция, ынтымақтастық пен қауіпсіздік болса, еліміз ең алғаш тәуелсіздік алған күннен бастап, Еуразия құрлығы елдерін осы көкейкесті мақсатқа жұмылдырған алтын көпір болып келеді. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың соңғы 19 жыл көлемінде халықаралық саясат сахнасында атқарған теңдессіз еңбегінің де темірқазығы барлық халықтар мұраты – бейбітшілік, ынтымақтастық және экономикалық интеграция болды. ЕҚЫҰ ұстанған құндылықтар тәуелсіздік алған жиырма жыл ішінде Елбасымыздың сара басшылығымен елімізде жүзеге асырылып жатқан көкейкесті мақсаттарымен тұтастай тоқайласты.
Бүгінде бүкіл әлем Астана Саммитіне ерекше сенім артып, алдағы жаһандық басқосу барысында жаһандық ынтымақтастық үдерістеріне тың серпін беретін шешімдер күтеді. Әлем алдындағы қазіргі тәуекелді кезеңде ЕҚЫҰ сияқты белді де беделді Ұйымға жүктелер жауапкершілік жүгі де зор болып отыр. Заманында тарихи маңызы зор Хельсинки үдерісінің “бренді” жасалса, енді қазіргі қалыптасқан ахуалдарға байланысты Астана Саммитінің жаңа “бренді” өмірге келмек. Хельсинки Қорытынды актісінің басты тұғыры бейбітшілік болса, Президентіміз атап көрсеткендей, жаңа мазмұнның да негізгі тұғыры бейбітшілік пен өзара ынтымақтастық болуға тиіс.
Иә, мемлекеттер арасындағы интеграциялану үрдісін саясаттағы темірқазыққа айналдырып келе жатқан Елбасы өзінің ресейлік “Известия” газетінде жарияланған “Евразийский экономический союз: теория или реальность” атты мақаласында “Ұзақ мерзімді болашақта Еуразиялық экономикалық одаққа балама жоқ” деп атап көрсетті. Бұл ретте белгілі еуразияшыл ғалым Л.Н.Гумилевтің “пассионарлық” түсінігін атап көрсеткен дұрыс. Яғни, Гумилевше айтқанда, тек пассионарлық тұлғалар ғана бір қарағанда тіпті мүмкін емес идеяларды ілгерілетіп, оны табысты жүзеге асыра алады. Міне, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ақиқатқа айналған Еуразиялық идеясы соның жарқын мысалы болса керек. Ендеше, дәл қазір төрткүл дүниені мойындатып отырған Еуразиялық идеяның отаны – Қазақстан, авторы – Нұрсұлтан Назарбаев.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.