Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында мемлекетті кәсібилендіру мәселесіне жан-жақты тоқталғандығы белгілі. Осы мәселе жөнінде Парламент Мәжілісінің депутаты Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВПЕН әңгімелескен едік.
– Елбасы «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында мемлекетті кәсібилендіруге басымдық беріп отыр. Ендеше, ең алдымен «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заңның қабылдануы туралы айта кетсеңіз?
– Мемлекет басшысының мақаласында мемлекетті кәсібилендірудің алғашқы болып айтылуының өзі оның қаншалықты маңызды екенін аңғартады. Өйткені, Елбасы айтқандай, бірінші реформа – «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заң негізінде мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған. Бейнелеп айтқанда, мемлекетті кәсібилендіру Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың локомотиві іспетті.
Ал «Мемлекеттік қызмет туралы» алғашқы заңның қабылданғанына да жиырмашақты жыл болыпты. «Елу жылда – ел жаңа» демекші, содан бері қоғам өзгерді, мемлекетіміз де өрлеу жолына түсті, экономикалық өсімге қол жеткізілді. Еліміз алдына тағы да асқаралы міндеттер қойып отыр. «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңды қабылдау да «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында айтылған мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруге бағытталады.
– Енді қабылданған заңның ерекшеліктеріне тоқталсаңыз.
– Мемлекеттік қызметке кірудің өзі үш сатыдан тұруы және төменгі лауазымнан басталуы, талапкерлердің сынақ мерзімінің 3 айдан 6 айға дейін ұзартылуы, сонымен қатар, қызметкерлердің қызметте жоғарылау үшін төменгі лауазымдағы жұмыс өтілінің болу керектігі, мансаптық модельге көшуіміз – мемлекеттік қызметтің деңгейін жаңа бір сатыға көтеретіні сөзсіз.
Жаңа үш сатыдан тұратын іріктеу жүйесі, меритократия қағидаттары негізінде қызметтегі жоғарылау мемлекеттік қызметтің сапасын одан әрі арттыра түседі. Заңды қабылдау барысында қоғамдық пікірдің арқауына айналып, бұқаралық ақпарат құралдарында жиі сыналған мәселеге де мән берілді. Яғни, енді басшылар қызмет ауыстырғанда аппараттарда болатын ауыс-түйіс азайып, тұрақсыздыққа жол берілмейді. Заңға сәйкес, жаңа басшы өзімен бірге кеңесшісін, көмекшісін және хатшысын ғана жаңа қызмет орнына ала баруына мүмкіндік берілген.
– Сын демекші, мемлекеттік қызметке «парашютпен түсетіндер» туралы да жиі сын айтылады емес пе?
– Иә, бұрын-соңды тәжірибесіз адамдарды мемлекеттік қызметке әкелді деген сын жиі айтылатын-ды. Осыны жою үшін мансаптық модель енгізіліп отыр. Басқалай айтқанда, жаңа заңға сәйкес мемлекеттік органдардағы босаған лауазымдарға, оның ішінде жоғары қызметке бірінші кезекте сол органдағы қызметшілердің кіру мүмкіндігінің болуы, әртүрлі жолдармен жұмысқа келетіндерге тосқауыл қойып, білікті кадрлардың болашағына сенімділігін арттырып, қызметтік өсуіне жол ашады.
– Мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі қалай реттелмекші?
– Бұл мәселе жөнінде де Елбасының мазмұнды мақаласында жан-жақты айтылады. Мемлекет басшысының айтқанындай, барлық мемлекеттік қызметшілерді толғандыратын, білікті мамандар қабылдауға да тікелей әсер ететін еңбекақы мәселесі де заңда шешімін тапты. Жалақы деңгейі, қызметшінің істейтін жұмыс сипатына, көлеміне және нәтижесіне байланысты болады, материалдық көмекпен қатар, бұрын мемлекеттік қызметте болмаған бонустық төлем енгізілді.
Әр тоқсан сайын мемлекеттік қызметшінің жұмысы бағаланып, жылдың аяғында соның нәтижесі шығарылады. Бір қызметтегілердің өзі еңбегінің бағалануына орай әртүрлі мөлшерде бонус алуы ықтимал. Өйткені, өзіне жүктелген міндетті әрбір қызметші әртүрлі деңгейде орындауы мүмкін ғой. Жаңа заңдағы басты жаңалықтың бірі осы.
– Мемлекеттік қызметшінің мансаптық өсу деңгейіне жаңа талаптар қойылады екен. Бұл қандай талаптар?
– Біздің әңгімеміздің өзегі болып отырған Елбасының мақаласында бұл туралы «Мемлекеттік қызметке орналасу тек кешенді іріктеу мен жұмысты тек төменгі лауазымдардан бастаудың нәтижелері бойынша мүмкін болады», деп нақты айтылған. Сондай-ақ, мақалада мемлекеттік қызметшінің мансаптық өсуінің басты шарты жұмыс тәжірибесі болатындығы да айқын көрсетілген.
Бұрын мемлекеттік қызметшілер әрбір үш жыл сайын тиесілі аттестаттаудан өткізіліп тұратын. Ал жаңа заңға сәйкес мемлекеттік қызметшінің еңбегі жыл сайын жоғары бағаланып отырса, аттестаттаудан өткізілмейді.
Заңға енгізілген талаптың бірі – мемлекеттік қызметшілердің жазу қабілеті эссе жазу арқылы тексеріледі. Бұл халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылады. Кейде тест сұрақтарына толықтай жауап берген талапкердің мәтін жазуға келгенде шорқақ келетіндері де аз емес. Сол себепті эссе жазу да мемлекеттік қызметшінің мәтін жазу қабілетін бағамдауға септігін тигізеді.
– Алдағы уақытта мемлекеттік қызметке орналасу кешенді іріктеу мен жұмысты төменгі лауазымнан бастау нәтижелері бойынша мүмкін болатын көрінеді. Бұл мемлекеттік қызметке тамыр-таныспен орналасудың алдын алады деп ойлайсыз ба?
– «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында Елбасы бұл туралы түйінді пікірін білдірді. «Менің Жарлығыммен Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрлік, оның құрылымында – Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ұлттық бюросы құрылды.
Осылайша, тек мемлекеттік қызмет жүйесі ғана емес, сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл танытатын, яғни жемқорлық көріністерінің барынша алдын алуға бағдарланған жүйе де жаңғыртылып отыр». Қысқасы, бұдан былай тамыр-танысқа иек арту мүмкін емес деген сөз бұл.
– Мемлекеттік емес сектордағы басқарушылар қатарынан азаматтар мен шетелдік менеджерлер мемлекеттік қызметке тартылған күнде «көлденең көк аттылар» еніп кетіп жүрмей ме?
– Заң шеңберінде шетелдік менеджерлерді, жекеменшік секторындағы үміткерлерді, білікті азаматтарды қызметке тарту арқылы мемлекеттік қызметтің ашық та бәсекеге қабілетті жүйе екендігі дәлелденеді. Біз Ұлт Жоспарына сәйкес алдымызға әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену жөнінде мақсат қойып отырмыз ғой. Сол себепті шетелдік менеджерлерді шақырып, солардың біліктілігін, тәжірибесін кеңінен пайдалануға мүмкіндік беріліп отыр. Әрине, олар ашық конкурс арқылы және Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның шешімі бойынша келісімшарттық негізде қабылданады. Ұлттық комиссияның құрамында Президент Әкімшілігінің басшысы, оның орынбасарлары, Парламент палаталары төрағаларының орынбасарлары сияқты лауазымды тұлғалар бар.
– «Б» корпусына кіретін мемлекеттік қызметшілер жөнінде кеңірек айта кетсеңіз.
– Еліміз бойынша 99 899 мемлекеттік қызметші болса, соның мыңға жуығы ғана саяси қызметшілер мен «А» корпусының қатарына енетіндер. Қалған қызметшілердің барлығы «Б» корпусын құрайды. Елбасының аталған корпус санатындағылардың жалақысын 30 пайызға көтеру жөнінде айтқан себебі де сол.
Мемлекет басшысының мақаласында айтылғандай, еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілгеннен кейін «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерін жаңа біліктілік талаптарына сәйкестігі бойынша кешенді аттестаттаудан өткізу жоспарланған.
Тағы бір тілге тиек ететін мәселе – қызметшілердің біліктілігін 3 жылда бір реттен кем болмайтындай етіп міндетті арттырып отыру заң тұрғысынан бекітілді. Мемлекетті кәсібилендіруде біліктілікті арттырып отырудың маңызы жоғары екендігі сөзсіз.
– Жас маманның, яғни жоғары оқу орнын бітіргендердің мемлекеттік қызметке орналасуына қаншалықты мүмкіндігі кеңейді?
– Мемлекеттік қызмет тізбесінде әрбір мемлекеттік қызмет түріне қойылатын талаптар бар. Осы талаптарға орай жоғары оқу орнын бітірген жастардың өзі бітірген мамандығына сәйкес жалпы конкурс негізінде мемлекеттік қызметке орналасуына мүмкіндігі мол.
– Жаңа заңның аясында мемлекеттік қызметшілер үшін қандай да бір жеңілдіктер қарастырылған ба?
– Жеңілдік дегенде алдымен заңдарға жеке-жеке баға берудің алынып тасталғанын айтар едім. Біріншіден, ендігі жерде талапкерлер берілген тест сұрақтарының 60-70 пайызын меңгергендігін дәлелдесе жеткілікті. Екіншіден, мемлекеттік қызметші өзінің ертеңгі мансаптық өсуін алдын ала көріп отырады. Үшіншіден, басқару жүйесіндегі азаматтардың тәжірибесін тиімді пайдалану үшін «А» корпусы сияқты «Б» корпусы ішіндегі басшылық лауазымдары арасында ротациялау жүргізіледі. Мысалы, өңірде жұмыс істейтіндер орталыққа, ал орталықтағылар өңірге барып тәжірибе жинақтай алады. Заң бойынша бекітілген тағы бір үлкен жеңілдік – ротацияланған қызметшілерге қызметтік пәтер беру қарастырылған.
– Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік саясатты жүзеге асыратындар, оның дамуына қалтқысыз қызмет ететіндер болып келеді. Ал солардың мемлекеттік тілді меңгеруі заңда қарастырылған ба?
– Мемлекеттік қызметшілердің тестілеуден өту барысында мемлекеттік тілді меңгеруге қатысты сұрақтар қамтылады. Соған жауап беру керек. Тілге қатысты тағы бір талап, эссе жазу барысында талапкердің мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергендігін сараптауға болады. Комиссияның осыған қарай шешім қабылдауға, мемлекеттік тілді еркін меңгерген талапкерге басымдық беруіне мүмкіндігі бар.
– Елбасы өз мақаласында айтқанындай, мансаптық ілгерілеудің басты шарты жұмыс тәжірибесі болып есептеледі. Ендеше, мемлекеттік қызметшілер еңбегіне қарай бағаланады деп айтуға бола ма?
– Мемлекеттік органдар басшыларының психологиясы да өзгерді. Талап жоғары, аппарат ықшам. Оның үстіне мемлекеттік органның өзінің қызметі де жыл сайын бағаланып отырады. Сол себепті кәсіби аппаратты қалыптастыруға, білікті қызметшілерді қабылдауға басшылардың өздері де мүдделілік танытады.
Мемлекеттік қызметке қатысты бір дерекке тоқтала кетейін. Өткен жылдың желтоқсан айында жарияланған конкурсқа бір орынға 30 талапкер тапсырыпты. Бұрын әрі кеткенде бір орынға 10 адам бәсекеге түсетін еді. Бұдан, жаңа заңның қабылдануына орай азаматтар тарапынан мемлекеттік қызметке деген қызығушылықтың арта түскенін айқын аңғаруға болады. Бәсекелестік бар жерде білікті кадрларды іріктеудің пайдасы мол. Кәсібилерден құралған аппарат мемлекеттің де мәртебесін асқақтататыны анық.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласын оқығаннан кейінгі ойымды төмендегіше түйіндер едім: «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңінде мемлекетті кәсібилендіру қазақстандық арманға жетудің шешуші тетігі болады. Яғни, осы мақсатқа білікті мамандардың еңбегін бағалау арқылы қол жеткіземіз деп ойлаймын.
Әңгімелескен
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».