• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2016

«Мәңгілік Ел» пойызы – Ақсуда

235 рет
көрсетілді

Астанадан 15 ақпанда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай сапарға шыққан «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызы Өскемен мен Семейді аралап, Кереку өңіріне атбасын тіреген еді. Сапарлатып келе жатқан әлеуметтік пойызды әуелі Ақсу қаласының әкімдігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жергілікті жастар бастап, қала тұрғындары қарсы алды. Облыстағы өндірісті Ақсу қаласының өнеркәсіп секторын «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ, «Ферроқорытпа зауы­ты» АҚ құрайды. Қалада 70 мың халық тұрады. Қалалық әкімдікте әлеуметтік пойыз қонақтарының қатысуымен дөңгелек үстел басында ұлтаралық келісім, елдегі тұрақтылық, өр­кен­деу, тәуелсіздік талаптары аясын­да әңгімелесу өтті. Дөңгелек үстел басында еліміздегі Неміс қауым­дастығының төрағасы Алек­сандр Дедерер, «Мәңгілік Ел» ма­мандандырылған әлеу­мет­тік пойызының жетекшісі Рус­лан Барбасов сөз сөйлеп, бұл са­пар­дың мән-мақсатына тоқталды.  Пойыз құрамы бір күн бойы ақсулықтарға қызмет көрсетіп, сұрақ­тарына жауап берді. Қаралған мәселелердің ішінде 5 сұраққа ерекше на­зар аударылып, бақылауға алын­ды. Әлеуметтік, халыққа қыз­мет көрсету мәселелері, ауыл шаруа­шылығы және бизнеске қатысты сұ­рақ­тар бойынша тұрғындарды қабыл­дау жүргізілді. Ақсулықтар дәрігер­лердің қабылдауында болды. Ал ұйым­дастырушылардың айтуынша, құрамында 100-ге жуық мүшесі бар, 9 вагоннан тұратын пойыз­да кәсіп­керлер палатасының маман­дары, әлеу­меттік қорғау және денсау­лық сақ­тау саласының өкілдері, спорт­шылар, өнер адамдары бірге келеді. – Жалпы, пойыз сапары барысында біздің мамандар құрамы ауы­сып, жаңарып отырады. Мақсат – ауылдықтардың, соғыс ардагерлері мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың өтініш-тілектеріне құлақ асып, құқық­тық және медициналық тұрғыда кеңес беру. Жеке кәсібін ашып, бизнесін бастағысы келетін адамдарға да көмек көрсетіледі. Мәдени-спорт­тық шаралар, концерттік бағдар­ламалар ұсынылады, – деді «Мәңгілік Ел» әлеу­меттік пойызының жетекшісі Р.Барбасов. – Біздің қаламызда қоғамдық келі­сім, әділет және мемлекеттік қыз­мет көрсету, бизнес және кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, медициналық мәселелер бойынша кеңестер алу, білім беру, еңбек шарттары мен еңбек­ті қорғау мәселелері жөнінен тұрғын­дарға арналып ашылған арнайы кеңес алаңдарында жалпы 325 сұрақ қойы­лып, 300-ден астам тұрғын дәрі­герлердің қабылдауынан өтті, – деді қалалық ішкі саясат бөлімінің маманы Әлия Омарова. Түстен кейін пойыздың келу құрметіне орай Ақсудың Сәбит Дөнентаев атындағы мәдениет сарайында концерттік бағдарлама көрсетілді. Пойыз сапары әрі қарай облыс орталығы – Павлодарда, Екібастұз қаласында жалғасады. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы.