• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Наурыз, 2016

Халық денсаулығы – басты байлығымыз

242 рет
көрсетілді

«Ауыл» халықтық-демократиялық пат­риоттық партиясының сайлау нау­қанындағы үгіт-насихат жұмыстары Қызылжар өңірінде де жалғасып, топ мүшелері атбасын алдымен «Алтын-Арман» әмбебап базарына тіреді. Партия Төрғасының бірінші орынбасары, Парламент Мәжілісі депутаттығынан үміткер Толымбек Ғабділәшімов сайлаушылармен кездесуде саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасының басым қағидаттарын түсіндіріп берді. «Ауыл дәстүрін жаңғыртамыз!» бағдарламасында елді мекенде тұратын адамдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жаңа сапалық деңгейге жеткізу, ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді нығайту, жас ұрпақты аталар дәстүрімен тәрбиелеу жолдары жан-жақты қарастырылған. Республика тұрғындарының жартысына жуығы ауылдарда тұратынын ескерсек, жұмыссыздықты еңсеру, жаңа жұмыс орындарын ашу, шағын және орта бизнесті қолдау, агроөнеркәсіп кешені саласын өркендету мүмкіндіктерін кешенді түрде дамытудың маңызы зор, дей келіп, топ жетекшісі мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сапалы шығару, қайта өңдеу кәсіпорындарын көбейту арқылы экспорттық әлеуетті арттыру жағдайына партия ерекше мән беріп отырғанын атап көрсетті. «Ауыл» партиясы тарапынан атқарылып жатқан тағылымды істер аз емес. Солардың біріне партияның ұйытқы болуымен «Жарамдылық мерзімі өткен тауарларға жол жоқ» атты акцияны атауға болады. Жер-жерлерде кеңінен қолдау тауып, өткен жылдың желтоқсан айынан бері жалғасып келе жатқан іс-шара барысында саяси ұйымның жастар қанаты аймақтардағы қоғамдық штабтармен бірлесе отырып, отандық өнімдердің сапасы мен бәсекелестік қабілетіне мониторинг жүргізген. Нәтижесінде ескірген балалар тағамдарының сауда сөрелеріне қойылғаны анықталған. Бұл деректер жинақталып, жергілікті тұтынушылар құқығын қорғау департаменттеріне жөнелтілген. Дүкен иелеріне ескертіліп, келешекте қайталанбайды деген уәделерін алған. Рейд-тексерулер заң аясында атқарылып, тұрғындардың денсаулығын қамтамасыз етуге, экологиялық талаптарды сақтауға айрықша басымдық берілген. Өзге де кәсіпорындарда өткен жүздесулерде Т.Ғабділәшімов халық денсаулығы ұлт байлығы болып табылатынын, сол себепті денсаулық сақтау, халыққа медициналық қызмет көрсету көрсеткіштерін сапалық деңгейге жеткізу күн тәртібінен түспейтінін алға тартса, сайлаушылар сайлау науқанындағы үгіт-насихат тобы мүшелерінің байыпты әңгімелерін үлкен ыждағатпен тыңдап, «Жарамдылық мерзімі өткен тауарларға жол жоқ» республикалық акцияға белсене қатысатындарын мәлімдеді. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.