Атырауда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) қолдауымен «Ұлт Жоспары: мемлекет дамуының стратегиялық бағыттары» тақырыбында аймақтық сарапшылар форумы өтті.
Форумға отандық және өзге де белгілі сарапшылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдері қатысты. Пікірталас барысында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин, «Jamestown Foundation» (АҚШ) сарапшысы Джейкоб Зенн, «Абай-ақпарат» қорының вице-президенті Айдос Сарым, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев, саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы, «Sayasat.org» интернет-басылымының шеф-редакторы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Алуа Жолдыбалина секілді саясаттанушылар өз пікірлерімен бөлісті.
Ерлан Қариннің айтуынша, соңғы бір айдан бері мұндай форумдар еліміздің Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қызылорда секілді өңірлерінде өткізіліпті. Мұндағы мақсат – біріншіден, аймақтардың даму ерекшеліктерімен, әсіресе, өңірлер экономикасын әртараптандыру мәселелерімен кеңірек танысу. Сонымен бірге, білім беру, денсаулық сақтау салаларының даму, жетілдіру тетіктерін пысықтау да назардан қалған жоқ. Әр өңірде өткен форумда белгілі бір тақырыптар талқыға түсті. Мәселен, Павлодарда кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің дамуына, ал Қызылордада аймақтық экономиканы әртараптандыру жолдарына, Өскеменде аймақтық даму басымдықтарына көңіл аударылыпты. Өйткені, ел экономикасының қарқынды дамуын өңірлердің өркендеуі арқылы білуге болады. Басқаша айтқанда, өңірлер ел экономикасының барометрі секілді.
Мұнайлы өңірдегі форумда осы мәселелерге кәсіпкерліктің өркен жаюына серпін беретін мүмкіндіктер де сараланды. «Барлық өңірлерде де көтерілетін мәселенің ең бастысы – аймақтық экономиканы әртараптандыру. Осыған байланысты біздің елімізде, соның ішінде өңірлерде де әлі толық пайдаланылмай келе жатқан қандай жаңа мүмкіндіктер бар? Өйткені, осы кезге дейін өңірлерде қалыптасқан өзіндік экономикалық ерекшеліктері, маманданған салалары бар ғой. Енді өңірлерде осыдан басқа қандай жаңа бағыттарды ашуға болады? Мәселен, Атырауда соңғы екі жылдан бері жаңашыл индустриялық жобалар, соның ішінде, ауыл шаруашылығы саласында ашылып жатыр. Немесе Қызылордада туристік саланы дамытуды қамтитын жаңа жобалармен таныстық. Міне, осының бәрін сараптап, өз ұсыныстарымызды дайындағымыз келеді. Екіншіден, өңірлерде нақты қандай проблемалар бар? Әсіресе, кәсіпкерлікті дамытуға қатысты проблемалар барлық өңірлерде ұқсас, индустрияландыру жобаларын іске асыруға, сондай-ақ, білім беру, денсаулық сақтау салаларына қатысты кедергі келтіретін мәселелерге қанықтық. Жергілікті өзін-өзі басқару, қоғамдық кеңестердің жұмысын жандандыру тетіктеріне қатысты көптеген мәселе айтылды. Проблемалардың барлығына сараптама жасау көзделіп отыр», – деді Ерлан Қарин.
Пікірталасқа қатысқан сарапшылар Президент Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған реформалардың ел экономикасын өркендетуге оң ықпал еткен маңызды тұстарын әр қырынан талдап берді. Сонымен бірге, сарапшылар елді әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың түрлі аспектілерін саралай келе, алдағы сайлаудың маңыздылығына тоқталды. Олардың пікірінше, сайлауалды үдеріске сайлаушылардың белсенді қатысуы елдегі өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал етеді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
АТЫРАУ.