«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында партия Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовтің қатысуымен партияның Парламент Мәжілісіндегі фракциясының жетекшісі мен мүшелері, өңірлік филиалдар мен барлық деңгейдегі мәслихаттардың партия фракциялары басшыларымен отырыс болып өтті.
Бейне-конференциялық байланыс режімінде партияның өңірлік филиалдарының өкілдері де қатысқан шара барысында Елбасының 24 наурызда өткен Саяси кеңес бюросында барлық деңгейдегі фракциялар мен жалпы партияның алдына қойған 6 нақты қадамды іске асыру мәселелері талқыланды.
А.Мырзахметов партия Саяси кеңесі бюросының және Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясының алғашқы отырысында партия Төрағасы алға қойған міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асырудың маңызды екенін алға тартты. Бес институттық реформа мен «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындауда партияның алатын орны ерекше. Сол себепті партия Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардағы партиялық фракциялардың жұмысын жетілдіріп, олардың өзара байланысын нығайту мәселесіне басымдық беруі тиіс.
Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясының жетекшісі Гүлмира Исімбаева атап өткендей, фракция жұмысы Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді іске асырудың шеңберінде құрылады. Оның айтуынша, бес институттық реформаны іске асыру жөніндегі Ұлт Жоспары аясында қабылданған 59 заңның жүзеге асуына жүйелі түрде партиялық мониторинг жүргізіліп, оларды халыққа жеткізу, түсіндіру жұмыстары іске асады. Фракция жұмысын тиімді ұйымдастыру мақсатында оның құрылымы бекітіліп үлгерген.
Сонымен қатар, «Нұрлы Жол» бағдарламасы мен мемлекеттен бөлінген қаржының тиімді жұмсалуы айрықша бақылауда. Бұл үшін түйткілді мәселелер мен бөлінген қаражаттың жұмсалу тиімділігін арттыру бойынша фракция отырыстары тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
Сондай-ақ, Сайлауалды бағдарламаны уақтылы әрі сапалы іске асыру мақсатында бағдарлама бағыттары бойынша партиялық тәлімгерлер жұмысы ұйымдастырылады. Оған қоса, партия хатшысы Н.Годунованың айтуынша, партия жанындағы сарапшылық топтардың жұмысы жалғасатын болады. Олардың құрамы да Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясы құрамының өзгеруіне байланысты біршама жаңарды.
Партия тұрғындардың өзекті мәселелерін анықтау мен шешу бағытындағы жұмысын, оның ішінде партиялық жобаларды іске асыруды жандандырмақ. Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы, жемқорлыққа қарсы кеңестер мен кәсіпкерлікті қолдау бағыттарындағы жұмыстар да белсенді жүргізіледі.
Партия хатшысы Ф.Қуанғанов өз сөзінде партия үшін аса маңызды бағыттың бірі Қазақстан халқы Ассамблеясымен өзара байланысты орталық және өңірлік деңгейде қамтамасыз ету екендігін атап көрсетті.
Партия аппаратының басшысы Ж.Қожахметовтің айтуынша, бүгінгі таңда фракцияның орталық пен жергілікті жерлердегі жұмысы халықтың ағымдағы мәселелерін шешуге арналуы керек. Яғни, бұл үшін де фракция мүшелерінің қоғамдық кеңестерге қатысуы және екі жақты «кері байланыс» нығайып, қоғамдық қабылдауларда қабылдаулар саны артып, жұртшылықпен тұрақты кездесулер өткізілуі керек.
Осы тақырыпты партия хатшысы Қ.Жұмашев жалғастырып, жергілікті мәслихаттарға жаңадан сайланған депутаттардың алдында ауқымды міндеттер тұрғанын айтты. Сондай-ақ, ол фракция мүшелерінің жұмысы регламент бойынша бағаланып, рейтингісі шығарылатынын жеткізді.
Ал «Жас Отан» ЖҚ төрағасы Ш.Байманов партияның жастар саясатын жүзеге асыру жөніндегі жұмыстарына тоқталды. Әсіресе, осы бағыттағы мемлекеттік бағдарламаларға терең талдау жасалатынын атап өтті.
Сонымен бірге, шара барысында Павлодар облыстық мәслихатындағы партия фракциясының жетекшісі А.Оспанова мен партияның Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары С.Сүлеймен сөз алып, партияның жергілікті құрылымдарындағы жаңа жұмыс бағыттары жайлы баяндады.
Кездесу қорытындысы бойынша партия Төрағасының бірінші орынбасары партияның алдында тұрған мақсат-міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыруға барлық мүмкіншіліктері бар екенін айтып, әріптестеріне сәттілік тіледі.
Сәулебек БІРЖАН