Қазақстан халқының бірлігі күні мейрамына орай және ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесі қарсаңында Астана қаласында өткен Қазақстан Халқы Ассамблеясы сессиясының «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы Біртұтас Ұлт» атты тақырыпты ту етуі де аса айрықша маңызға ие. Сессияда Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Ассамблея тарихының Тәуелсіздікпен біте қайнасқан ұғым екендігін, оның Тәуелсіздіктің нақты жемісі екендігін айтты. Расында, бұдан 25 жыл бұрын өз егемендігін жариялаған елдің іргесі берік болып, шаңырағын биік көтеруіне осы елде тұратын барлық ұлттардың өкілдері атсалысқан болатын. Осы ауызбіршілік, ынтымақ іргесі еш сөгілген жоқ, Ассамблея халықтың бірлігіне қалай қызмет етсе, осы ширек ғасыр уақыт Ассамблеяның, ұлы достықтың беки түсуіне мүмкіндік берді. Бүгінде біз – Қазақстанды мекен еткен бірнеше ұлт өкілдері қазақ халқымен бірге бірауыздан ең басты құндылық ретінде Тәуелсіздікті, ең қажетті сипат ретінде Келісімді, ең сенімді қамал ретінде Біртұтас болашақты айтамыз.
Сессияда Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметтегі этнос алуандылығы мәселесін қозғады – мұны да Қазақстандағы әртүрлі ұлт өкілдерін «өзге» деп өзектен теппей, ортаға тарта білген ашықтықтың белгісі ретінде қабылдадым. Сондай-ақ, ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу, үштілділікті түсіндіре отырып дамыту, білім беру саласындағы өзгерістерді, тиімділігін ескере отырып, қолға алу қажеттігі, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру бағытындағы қол жеткізілген жұмыстар нәтижесі туралы айтты. Бұл әңгімелер тектен-текке айтылған жоқ, ол тәуелсіз еліміздің бұдан әрі дамуының кепілі және қазақстандықтардың бірлесе отырып мінсіз атқаруы тиіс жұмыстар.
Қазір республикамыздың барлық өңірлерінде, әсіресе, әлеуметтік желілер қолданушылары арасында жер мәселесі басты назарда тұр. Жер әрбір ұлттың, әрбір мемлекеттің ең басты байлығы, тірек-тұрағы. Қазақстан үшін де солай, оның маңыздылығы соншалықты – бірнеше ғасырлар бойы қазақ даласының қайратты ұлдары – кешегі ата-бабалар оны қарудың ұшымен қорғап өткені белгілі. Ал жаңа замандағы тәуелсіз Қазақстанның Президенті Н.Назарбаев шекаралас көрші елдермен 8 жыл бойы тынымсыз келіссөздер жүргізіп, шекара сызығын бекітті. Елбасы сессияда осы мәселеге арнайы тоқталып, ауылшаруашылығы жерлерінің шетелдік азаматтарға және шетелдік компанияларға сатылмайтындығын, жердің тек ауылшаруашылығымен айналысу үшін отандық кәсіпкерлерге жекеменшікке берілетіндігін түсіндірді.
Н.Назарбаев бірлік пен біртектілік ұғымының маңызы мен біздің өміріміздегі басты сипатын айрықша бағалап, Ассамблеяның араласуымен жүзеге асырылған істерге тоқталды. Бұған дейін меценаттар қауымдастығының басты үйлестірушісі, сотқа дейін-ақ даулы мәселелерді шешуші медиатор сынды маңызды шаруалардың іс басынан табылған Ассамблея алдағы кезеңдерде де «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін жүзеге асырушы белсенді күштердің, негізгі тетіктердің бірі болып, Қазақстандағы береке-бірліктің, келісім мен дамудың ұйытқысы бола бермек.
Сергей МАРТЫН,
«Видергебурт» неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы
АҚТАУ