• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Мамыр, 2016

Өңіраралық ынтымақтастық – өркендеу кепілі

265 рет
көрсетілді

Екі күнге созылған Қызылорда облысының Ақтөбедегі күндері табысты өтті. Облыстың өңіраралық кооперация аясында еліміздің оңтүстік аймақтарымен әріптестік байла­нысты нығайту қадамы уақыт өткен сайын қайтарымды бола түсуде. Бұған дейін Оңтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының тауар өндірушілері керуендері атбасын Ақтөбеге бұрып, азық-түлік жәрмеңкелерін өткізген болатын. Енді Ақтөбеде Қызылорда облысының күндері өтті. Мақсат Ақтөбе мен Қызылорда облыс­тары арасында экономикалық-мәдени байланысты нығайту, өз­ара тәжірибе алмасу, өздерінде өндірілетін өнімдерді көршілеріне ұсынып, импорттың үлесін тө­мендету болып табылады. Бұл жолы аймаққа Қызылорда облысынан 200-ге тарта делегат келді. Олардың арасында «Арал тұз», «Сыр маржаны» секілді бел­гілі шаруашылықтардың өкіл­дері бар. Қы­зылордалық делегат­тардың 120-сы өнерпаз­дар. Олар­дың қа­та­рын­да Қызыл­ор­дадағы Тұр­ма­ған­­бет Ізті­леуов атындағы ұлт ас­­пап­тар ор­кестрі, камералық хор және «То­мирис» би ансамблі ұжым­­­­да­­ры, жы­раулар мен әншілер бар. Қызылордалық делегация өкіл­дері сала-салаға бөлініп, аумақтың экономикалық-әлеуметтік және мәдени-спорттық әлеуетімен танысты. Өнеркәсіп саласының өкіл­дері қаладағы барлық инфрақұ­ры­лымы жүргізілген индустрия­лық аймақта, «Ақтөбе мұнай қон­дыр­ғылары және сорғылар дайын­дау», «Эко­тон­Батыс», «Назар Трейлер», «Кас­пий плюс» жауап­кер­шілігі шектеу­лі серік­тестігі сияқты іргелі кәсіп­орындарда бол­ды. Ал ауыл шаруа­шылығы сала­сы маман­дарын «Ақтөбе жылы­жай» ЖШС-нің көкөніс өндірісі мен «АкТЕП»ЖШС-нің мал бор­дақылау алаңы мен ет комбинаты қызықтырды. Серіктестіктің бірігей ет комбинатында жылына 7,5 мың тонна ет қалдықсыз өңделеді. Былтыр еліміз экспортқа шығарған 12 мың тонна еттің тең жартысы Ақтөбенің үлесіне тиесілі. Биыл еліміз бойынша сыртқа шығарылатын 20 мың тонна еттің 12 мың тоннасын ақтөбеліктер өндіреді. Осы заманға медициналық қондырғылармен жабдықталған «Дару» оңалту орталығын, облыс­­тық ересектер аурухана­сын және құрылысы басталған офталь­моло­гиялық аурухана жұмысы­мен та­нысқан қызылордалықтар өңір­­де медициналық кластер және медициналық туризм құру жобасының негізсіз емес еке­ні­не көз жеткізді. Еліміздің батыс өңіріне ғана емес, көршілес облыс­тарға да маман дәрігерлер даяр­лайтын М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті де кадрлармен қамтамасыз етеді. Қонақтар қала құрылысы, спорт, сауда және туризм салалары бойынша тәжірибе алмасып, өзара байланысты нығайтуға, ынтымақтаса жұмыс істеуге болатынына сенім­ділік білдірді. Қызылорда облысының Ақтө­бедегі күндері аясында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалын­да өңір басшысы Бердібек Сапар­баевтың қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған қала және аудандардың әкім­дері мен олардың орынбасарлары, мем­лекеттік органдар мен кәсіп­орын жетекшілері, облыс­тық мәслихат депутаттары мен ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер, сонымен бірге, Қы­зылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов бастаған делегация қатысты. Дөңгелек үстел барысында облыстардың әкімдіктері ара­сында өзара ынтымақтастық және ай­­­мақаралық байланыстарды ны­ғайту жөніндегі меморандумға қол қойылды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақаралық кооперацияны дамыту туралы тапсырмасына сәйкес биыл облыс­та еліміздің оңтүстігінен және Қостанай облыстарымен көкөніс пен өзге де азық-түлік түрлерін тікелей жеткізу жөнінде жұмыстар жолға қойылды. Дөңгелек үстел барысында Қы­зылорда облысы әкімінің орын­басары Серік Қожаниязов пен Ақтөбе облысы әкімінің орын­басары Мұхтар Жұмағазиев екі өңір­дің экономикалық-әлеумет­тік даму бағыттарына тоқталып, алдағы уақытта қандай жобалар­ды бірлесіп жүзеге асыруға бола­тыны туралы ойларын ортаға салды. Қол қойылған меморан­думға сәйкес көршілес облыс­тар­дың арасындағы аймақаралық коопе­рацияның негізгі тұжы­рым­да­ма­лары мен бағыттары көрсетіл­ген. Өз кезегінде, көршілес екі об­лыстың білім басқармалары бір­лесе отырып, ғылым, техни­ка­лық және кәсіптік білім беру, студенттер мен оқытушылар айырбас­тау бойынша жобаларды жүзеге асыру жөнінде келісімге қол жет­кізді. Қазірдің өзінде осындағы жоғары оқу орындарында 1500, колледж­дер мен лицейлерде 2 мың қызылордалық жас білім алуда. Бұл байланыс алда да жалғасын табатын болады.  Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы