07 Қыркүйек, 2016

Индонезиялық қария 145 жасқа келгенін айтады

326 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
goto Мбах Гото есімді индонезиялық қарт өзінің ең ұзақ өмір сүрген адамдардың бірі екеніне сенімді. BBC News ол тұратын қалаға барып, өзімен, немерелерімен және жергілікті билік өкілдерімен сөйлесе отырып, бейнесюжет дайындаған. Гото төрт рет үйленген екен. Әйелдері және бауырлары түгел қайтыс болған. «Қашанда шыдамды, сабырлы болуға тырыстым, ұзақ жасауымның сыры осында. Және өзімді күтімге алатын адамдардың болатынына сендім. Ондай жақындарым бар. Бұл да жасымды ұзартып жатыр» дейді ол. Бір таңғаларлығы, ақсақал шылымқор болған, қазір де темекіні көп тартады. Жеке куәлігінде Готоның 1870 жылғы 31 желтоқсанда туғаны көрсетілген. Жергілікті билік өкілдері құжаттағы деректер рас дейді. Деректер ресми құжаттар және Готоның өз сөзі негізінде жасалыпты. Алайда, Индонезияда жаңа туылған адамдарды тіркеп құжат беру 1900 жылы басталды. Ал оған дейін дүниеге келгендердің туған жыл деректерінде қателіктер кеткен кездер болған. Дегенмен, жерлестері Готоның 145-ке келгеніне күмәнданбайды. Және оны ерекше құрметтейді. Гото Тәуелсіздік мейрамына байланысты шараларға арнайы шақырумен келіп, өткен замандар туралы қызық әңгімелер айтады. Мысалы, Жапониямен соғыс және голланд отаршылары жайында баяндайды. Немересі Сюрианто «Атам ешқашан кірпияз болған емес, ешкімнің мазасын алмайды, берген тамағымызды жеп, барды қанағат тұтады» дейді. Тек өлмей тұрғанда қабіріне қоятын құлпытас сатып алып қоюды өтініпті. «Бұрынғыдай қуат жоқ, қазір әрең жүріп-тұрам, өмір сүруден шаршадым да. Құлпытас дайындап қойғым келетіні содан. Мен өлгенде бәрі тұрғанын қалаймын. Шынымды айтсам, өлгім де келеді, бірақ уақытым келген жоқ» дейді. Мбах Гото бұрын шаруа болған, балықшылықпен айналысқан адам екен.