
Сол келісімге сәйкес, бүгін таң ата қаншама жылдар бойы Петербург қаласында Кунсткамерада тұрған батырдың бас сүйегі Қазақстанға жеткізілді. Бұдан әрі қандай рәсімдер атқарылып, батырдың басын жерлеу жұмыстары қалай ұйымдастырылатынын "Егемен-ақпарат" назарда ұстайтын болады. Әзірге біз Кейкі батырдың басы елге қайтарылатыны туралы ақпаратқа орай туған Серік Ақсұңқарұлының шағын толғауын ұсынып отырмыз. Келе жатыр алтын Басы Кейкінің... Жаудан жалғыз – Шаһид кешкен дейтұғын, Келе жатыр алтын Басы Кейкінің; Масайраған оның мұнда жоғында, Орман жұрты қала барды соңында. Кеудесінде қалып қоймай зар әні, Маңдай, шеке сүйегіне тарады; Ата жаудан көңілі қалған, қайран, Бас Арт жағына қайырыла бір қарады... Белес, белес, белес деп, Айдарынан сипағандай жел иіскеп; Бас келеді тоқсан жылдай көрмеген, Өз денесі Өз көзіне Елестеп! Табанының астында қап тағылық, Қасіретті қара түнді жамылып, Бас... келеді тоқсан жылдай торығып, Өр кеудесін! Өкпе-бауырын сағынып! Улап-шулап әлеуметтік желі кеп, Демін ішке тартқан кезде төңірек, Тоқсан жылдай екі көзі төрт болған, Торғай жұрты қоя берді еңіреп... Бас келеді баса-көктеп ғасырды, Әлихан мен іздеп Қаныш... Қасымды; Қарай бермей жаутаң-жаутаң төменге, Көкке қарай көтер, қазақ, басыңды!
Серік Ақсұңқарұлы