Спорт • 23 Тамыз, 2019

Головкин шаршы алаңға оралады

160 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен жылы ұйымдастырылмақ болып, бірақ түрлі себептерге байланысты өтпей қалған қазақстандық бокс­шы Геннадий Головкин (39-1-1, 35 КО) мен украиналық Сергей Деревянченко (13-1, 10 КО) арасындағы жекпе-жек ұзақ уақыт келіссөзден соң ақыры ымыраға келіп, араға жыл салып жекпе-жек өткізуге уағдаласты. Бұл туралы кеше екі боксшы да өздерінің әлеуметтік желідегі парақшаларында ресми түрде жариялады.

Головкин шаршы алаңға оралады

5 қазанда (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 6 қазан) АҚШ-тың Нью-Йорк қала­сын­­дағы Madison Square Gar­den­ аренасында өтетін кез­де­суде боксшылар IBF бел­дігінің әлем чемпионы атағын сарапқа салады.

Бокс жанкүйерлерінің есін­­де болса, былтыр Ха­лық­­аралық бокс федерация­сы (IBF) қазақстандық бокс­шыға украиналық Сергей Дере­вянченконы міндетті қар­сылас екенін атап, екі боксшының кез­десуін міндеттеген болатын. Алайда Геннадийдің ко­мандасы IBF ұйымынан белбеуді (сол уақытта отандасымыз IBF белбеуінің иегері еді) қорғау мерзімін кейінге шегеруге рұқсат сұрап, атал­ған ұйымға 20 мың доллар өтемақы төлеген-ді.

Жекпе-жек уақыты бел­гі­ле­­ніп, келісімшартқа қол қойыл­ғ­аннан кейін Головкин де, Дере­вянченко да әдеттегі­дей кездесу туралы өздерінің ал­ғаш­қы пікірлерін білдірді.

Головкин: «Бәрі білетін­дей, өзім­нің екінші үйім саналып кеткен Madison Square Garden аренасына оралатыныма қуаныштымын. 5 қазан күні ол жерде керемет бокс кеші өтеді деген сенімдемін. Мен әрдайым жанкүйерлеріме өздері қалағандай шоу көр­сетіп келемін. Олар да сон­дай жекпе-жек көруге лайық­ты жандар. Бұл жолы да жан­күйерлеріме қызықты бокс кешін ұсынамын. Тез арада DAZN арқылы биг-драма-шоуда кездесеміз. Өткізіп ал­маңыздар».

Деревянченко: «Геннадий Головкинді сыйлаймын және оған құрметпен қараймын. Сон­дай-ақ осындай атақты қар­сыласпен жұдырықтасу мүмкіндігі екінің біріне беріле бермейді, сондықтан алдағы айқаста боксқа келгендегі мақ­сатым – әлем чемпионы атану үшін қолымнан келгенін істеймін. «Мэдисон» мен DAZN көрермендері екі үздік боксшының арасындағы тамаша кездесуге куә болмақ. Сондықтан тезірек рингке кө­терілуге асықпын» деді.

Алдын ала мәлімет бойынша, бұл жекпе-жек үшін отан­дасымыз Геннадий Голов­­кин DAZN стримингтік сер­ви­сімен келісім бойынша 100 миллион доллардың бір бөлігін иеленеді. Орта есепен ол 15 миллион АҚШ доллары көлемінде гонорар алуы мүм­кін. Сондай-ақ жарнама мен трансляциядан түскен қаржыға да иелік етеді.

Ал Деревянченко Голов­кинмен айқасы үшін тек өзінің ғана емес, бүкіл украиналық боксшылар арасында рекорд­тық гонорар алмақ. Яғни, ол бұл жекпе-жектен 5 мил­лион АҚШ долларынан аса табыс таппақ. Деревянченко бұ­ған дейін 500 мың доллар көлемінде гонорар алған болатын.

С.Деревянченконың WSB жобасында еліміздің «Астана арландары» бокс клубында жұдырықтасқаны белгілі.