Білім • 21 Наурыз, 2020

Әлемдегі озық ЖОО-лардың тегін дәрісі

299 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазір әлемдегі көптеген елдердің жоғары оқу орындары қашықтан оқытуға көшті. Осы орайда екінің бірі тыңдауға мүмкіндік ала бермейтін мықты университеттердің дәрісі интернет қолданушыларына қолжетімді бола бастады. Осы сәтті қазақстандық студенттер де мейлінше өз мүддесіне пайдаланып қалу керек-ақ. Ал таңдаулы тегін дәрістерді қайдан табуға болады?

Әлемдегі озық ЖОО-лардың тегін дәрісі

Стэнфорд университетінің информатика мамандары Эндрю Ыном мен Дафной Коллер құрған «Coursera» онлайн білім беру жобасы карантин кезінде университеттердің студенттерін оқытуды жалғастыруы үшін 400 мамандық бойынша 3 мың 800-ден аса курсты тегін оқуға жол ашты. Бірақ мұнда бір ескеретін маңызды мәселе бар: курстарды студенттердің тегін оқуы үшін жоғары оқу орындары «Coursera for Campusқа» тіркелуі керек. Осы тұрғыда «Coursera» компаниясы Білім және ғылым министрлігімізге қазақстандық ізденушілердің ақпаратқа тегін қол жеткізуін ұсынығанын айта кеткен жөн. Жоғарыда аталған курстардан 12 наурыз бен 31 шілде аралығында ақысыз өтуге болады. Содан кейін курстарды тегін оқудың уақыты жағдайға қарай ұзартыла ма, жоқ па? Әлі белгісіз. Оны компания қосымша хабарлай жатар. Бірақ студенттер мен курс оқушылар 31 шілдеге дейін тіркелген қолданушының биылғы қыркүйек айының 30-на дейін курстарды оқуға рұқсат ала алатынын есте сақтағаны абзал.

«Coursera» курстарының маңызына аз-кем тоқталайық. Осыдан тура 2 ғасыр бұрын негізі қаланған кәрі құрлықтағы Вирджиния университетінің (The University of Virginia) профессоры Герри Уарбург АҚШ пен халықаралық саясаткерлердің алдында тұрған маңызды мәселелер, алда болатын саяси қадамдар, басқарушы институттар және демократиялық процестер туралы «ХХІ ғасырдағы мемлекеттік саясаттың міндеттері» атты https://www.coursera.org/learn/public-policy курсын өткізіп жатыр. Меденджмент, мемлекеттік басқару, саясаттану саласындағы студенттерге таптырмайтын курс. Ал Аустралиядағы Сидней университетінің «Ми және ой» орталығында еңбек ететін доктор Сония Кумар «Позитивті психатрия мен ойдың саулығы» курсын https://www.coursera.org/learn/positive-psychiatry жүргізеді. Күн сайын кішкентай күйзеліске болсын бой алдыратын бүгінгідей қым-қуыт қоғамда барлығымызға берері бардай көрінеді. Өйткені курс, ұйымдастырушылардың сайтта хабарлауынша, кез келген адамның өз психикалық денсаулығын және басқалардың денсаулығын жақсартуы үшін жаттығулар мен релаксация әдістерінен бастап, махаббат, қарым-қатынас және «жемісті» жұмыс түрлеріне дейінгі стратегияларды қолдануына негізделген.

Бұған қоса, ізденген жан, әлемдік білім-ғылым тілі – ағылшынды еркін меңгерген адамға Гарвард, Оксфорд, Стэнфорд секілді беделді университеттердің тегін лекциясын табу қиынға соқпайтынына сенеміз. Әрі 1500 тегін курс пен дәрістің сілтемесін өздеріңізге ұсынамыз.