Қазақстан • 08 Маусым, 2020

Қазақстандық әскерилер Мәскеуде өтетін шеруге дайындалуда

774 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында Құрлық әскерлернің әскери қызметшілері Мәскеуде өтетін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған әскери шеруге қатысуға дайындалуда. Шараға қазақстандық әскери қызметшілер ресейлік тараптың шақыруымен қатысады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстандық әскерилер Мәскеуде өтетін шеруге дайындалуда

Қазіргі уақытта үш жаяу шеру есебі құрылды. Атап айтқанда, олардың екеуі десанттық–шабуылдаушы әскерлер бөлімшелерінің құрамынан, біреуі Құрлық әскерлері Әскери институтының 3-курс курсанттары. 24 маусымда парадқа қандай есептер қатысатыны, 8 маусымда өтетін соңғы дайындықта анықталады.

«Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне 75 жыл толады. Осы себепті Ресей Қорғаныс министрлігі  біздің әскерлерді Қызыл алаңдағы парадқа қатысу үшін шақырды. Құрлық әскерлерінен үш есеп топ бөлінді. Есептер өте жақсы дайындалған. Олар барлық санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтайды. Күніне үш-төрт рет температуралары өлшеніп, басқа да мәселелер шешіледі. Бізге Қызыл алаңдағы парадқа қатысып, елімізді көрсету өте маңызды. Дайындық өте жақсы жүріп жатыр», - дейді Құрлық әскерлері бас қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары генерал-майор Дәулет Оспанов.

Әскери қызметшілер үшін Ұлы Жеңістің құрметіне арналған шеруге  қатысу, бұл жалпы жеңіс үшін қасық қаны қалғанша шайқасқан батырларға алғыс білдіру және құрмет көрсету мүмкіндігі. Дайындыққа қатысушылардың арасында, аталары Ұлы Отан соғысының майдан даласында жеңіс үшін шайқасқандар да, Мәскеудегі Жеңістің алғашқы шеруіне қатысқандар да аз емес.

«Мен Ұлы Отан соғысының ардагері Балғымбаев Айдарбай Наурызбайұлының немересімін. Десанттық-шабуылдаушы әскерлері арасындағы салтанатқа қатысу үшін қатаң іріктеуден өтіп, Мәскеуде өтетін Ұлы Жеңістің 75-жылдығына арналған шеруге қатысатыныма қуаныштымын», – дейді 35-ші гвардиялық десант-шабуылшы бригадасының әскери қызметшісі Серікбек Балғымбаев.

Дайындық карантиндік шараларды қатаң сақтай отырып жүзеге асырылады. Дезинфекциялық-санитарлық режим күшейтілді: күніне кемінде екі рет жеке құрамды медициналық тексеру, сондай-ақ өңдеу, ылғалдандыру және желдету жүргізіледі. Парадқа қатысатын әскери қызметшілер қалған жеке құрамнан оқшауланған, оларға бөгде адамдар мен туысқандарының  баруы шектелген.