Аймақтар • 14 Қазан, 2020

Сырдағы даярлық саябырлап қалғандай...

229 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл ойда жоқта басталған індет барлық мемлекетті тығырыққа тіреді. Дерегі белгісіз кеселмен күресіп жатқандар қатарында біздің де еліміз бар. Эпидемия ушығып бара жатқан сәтте қатерге халық болып қарсы тұрды. Жер-жердегі еріктілер қиналған жандарға жәрдем берді. Жастарымыз жанталасып ауруханаларға оттегі баллондарын, дәрі-дәрмектер тасыды. Әр жерде қайырымдылық шаралары ұйым­дастырылып, емдеу мекемелеріне қажетті қондырғылар жеткізілді.

Сырдағы даярлық саябырлап қалғандай...

Қиын-қыстау кезеңде Сыр бо­йында кәсіпкерлер мен қарапайым тұрғындар көмегімен ауруханалар мен емханаларда қат болып тұрған аппараттар алынды. Көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылары да қайырымдылықтан құр қалған жоқ. Облыс халқы емі табылмаған кеселге қарсы күресте осылайша елдік танытты. Көп жұмылған жерде қандай қиындықтың да жолы табылатыны белгілі ғой, бірте-бірте індеттің де аясы тарылып, ел есін жиды.

Бірақ дәл қазір өңірде жақынына жанашырлық танытатын осындай үрдіс саябырсып қалғандай. Тіпті кешегі кесел өршіген сәтте тыным таппаған еріктілер командасының да екпіні қазір оншалықты сезілмейді. Жергілікті билік тарапынан волон­терлерді бағыттап отыру да ұмыт қалған сыңайлы.

Соңғы бір-екі ай көлемінде осы бағытта жекелеген аудандардан ғана жылт еткен жақсы жаңалықтар тауып, газетке жарияладық. Жаңа­қорған ауданындағы «Жаңарған Жаңа­­қорған жастары» еріктілер тобы қайырымдылық шараларын үзбепті. Қазалылық жастар да өзара ақылдасып, жағдайы қиын отбасылар үшін 2 үйдің құрылысын бас­тапты. Оның біреуін бітіріп, қи­нал­ған жандарға қуаныш сыйласа, екін­шісінің де құрылысы аяқталып қалды.

Бірақ басқа аудандарда мұн­дай жаңалықтар жоқтың қасы. Бір хабар бола ма деген үмітпен, аудан әкімдік­теріндегі, тиісті басқар­малардағы баспасөз қыз­мет­теріне хабарластық. Басқа жаңа­лықтан мүдірмейтін көпшілігі жа­қы­нына жанашырлық танытатын ша­ра­ларға келгенде күмілжіп қоя береді. Сұраған мәлі­метіміздің соңы сиыр­құй­мы­шақтанып кете беретініне қара­ғанда жергілікті билік еріктілер қи­мы­лын еріккеннің тірлігі санайтын сияқты. Әйтпесе жүздеген жас­тарды игілікті шараға ұйыстыруға болады ғой.

Қазір өңірде күріш орағы қызып тұрған шақ. Жаздайғы еңбектің нәтижесін көрер кезеңнің басқа шаруаға мойын бұрғызбайтыны да рас. Оның үстіне хабары сезіліп тұрған басқа да саяси науқандарға байланысты қарбалас шаруа жүріп жатқан болар. Бірақ бұл Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған Волонтерлер жылына, «Жақыныңа жанашыр бол!» ұраны шеңберіндегі шараларға селқос қарауға себеп болмаса керек. Салыс­тырғандай болмайық, бірақ өзге облыстар бұл бағытта бізден әлдеқайда озық тұр. Ал Сырдағы саябыр тірліктің себебін кімнен сұраймыз?!

 

Қызылорда облысы