Оқиға • 16 Маусым, 2022

Атырауда 9 адам тамақтан уланды

471 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырауда екі күнде 9 адам тамақтан уланған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырауда 9 адам тамақтан уланды

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Бекешованың айтуынша, өңірде тамақтан улану дерегі жыл басынан бері алғаш рет тіркелген.

«Кеше облыстық инфекциялық ауруханаға 7 адам улану диагнозымен тіркелді. Ал, бүгін тағы 2 жағдай анықталып отыр. Оқиға С. Датов көшесінде орналасқан жеке меншік «Afisha» дүңгіршегінде болған. Зардап шегушілер тез тағам дайындау орнынан құс етінен жасалған донер жеген. Осы оқиғаға байланысты Атырау қалалық полиция басқармасының қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Қазір тиісті сараптамалар тағайындалды. Дүңгіршек жұмысын уақытша тоқтатты. Ал, зардап шегулер дәрігерлердің жіті қадағалауына алынды», деді Әлия Бекешова.

Департамент басшының орынбасары Гүлназ Ирбатырованың айтуынша, көктем-жаз айларында жедел ішек инфекциясы ауруының қаупі артады.

«Макинск құс фабрикасы» ЖШС-нің бройлер-балапан етінен адам өміріне қауіп төндіретін бактериологиялық көрсеткіші табылды. Осыған байланысты ірі кәсіпкерлік субъектісі – «Метро Кэш энд Керри» ЖШС-ға жоспардан тыс тексеру тағайындалды. Тексеру кезінде өнім сапасының талапқа сәйкес еместігі анықталып, сатылымдағы 1 тонна 597,65 келі бройлер тауық етін жою туралы санитарлық-эпидемиологиялық нұсқама берілген болатын», деді басқарма өкілдігі.