Мереке • 05 Маусым, 2023

«Жыл патриоттары» анықталды

1671 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жыл бойы тынбай жұмыс істеп, көзге түскен ел азаматтарының еңбегі еленді. Оларды Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан патриоттарының дәстүрлі форумында құттықтап, марапаттады. Он екі белсенді «Жыл патриоты» атанды.

«Жыл патриоттары» анықталды

Патриоттар форумы Мемлекет басшысының құттықтауымен басталды. Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Президент Қ.Тоқаевтың құттықтау хатын оқып, жиналғандарды рәміздер күнімен құттықтады.

«Ерекше ерлік істерімен көпшілікке үлгі болып, өз саласында айрықша жетістікке жетіп келе жатқан отандас­тарымыздың еңбегін қоғамға, әсіресе жастарға дәріптеу әрдайым назарымызда болуға тиіс. Біз жаңашыл, батыл, ең бастысы патриот отандастарымызды марапаттап, есімдері мен ерліктерін дәріптейміз. Қоғамды, өскелең ұрпақты бірлікке, татулыққа, Отанға адал қызмет етуге, яғни патриот болуға үндейміз», деді Асхат Оралов.

Министр патриот дегеніміз, ең алдымен білімі мен дарынын елдің даму жолына, халық игілігіне арнау, ерінбей еңбек ету, талмай іздену екенін атап өтті. «Бүгінгі патриотизмнің үлгісі – қарапайым еңбек адамдары: дәрігерлер, ұстаздар, ерікті жастар тағы басқа әлеуметтік топ мүшелерінің күнделікті жұмыстарын абыройлы атқарып, өз ісіне адалдық танытуы. Марапатқа ие болып отырған замандастардың отансүйгіштік еңбегін бағалаумен қатар, өзгеге үлгі ету, сол арқылы патриотизмнің озық образын қалыптастыру – бәріміздің азаматтық парызымыз», деді Асхат Оралов.

Ел патриоттары 6 бағыт бойынша марапатталды. Ғылым және білім бағыты бойынша генетик ғалым, Ұлттық биотехнология орталығының Адам генетикасы зертханасының меңгерушісі Мақсат Жабағин және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова «Жыл патриоты» атанды. Мақсат Жабағин – Орталық Азия халықтары қалыптасуының гене­тикалық әртүрлілігі мен генетикалық тарихын зерттеген ғалым. 75-тен астам ғылыми еңбектің авторы. 2019 жылы «Қазақстанның ең жас ғалымы» атанған. Ал Лаура Қарабасова – еліміздегі ең жас ректор. Елдегі Болон реформасы,  зерттеу жобасы үшін білім берудегі Еуропалық зерттеушілер қауымдастығы грантының жеңімпазы.

Мәдениет және спорт бағыты бо­йынша жүлдеге пианист, музыкант Темірлан Бейсенбай және Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық спорт шебері Мырзағали Айтжанов ие болды. Темірлан Бейсенбай – Миланда, Еуропа көшелері мен қазақ даласы­ның түкпір-түкпірінде Мемлекет­тік гимнді, ұлттық әуендер мен әртүрлі музыкаларды орындап, отан­дастарымызды патриоттық істерге үндеп жүрген музыкант. Мырзағали Айтжанов – әлем чемпионы Біржан Жақыпов, Олимпия ойындарының қола жүлдегері Еркебұлан Шыналиев, әлем чемпионатының қола жүлдегері Қайрат Ералиевтің бапкері.

Медицина және волонтерлік бағытын­дағы аталымды Медицина саласының үздігі, Президент Іс басқармасы меди­циналық орталығы директорының хирургия жөніндегі орынбасары Мыңжылқы Бердіходжаев пен «Kobelek balalar» қайырымдылық қорының президенті Сұлтан Аллабергенов жеңіп алды. Мыңжылқы Бердіходжаев – отандық эндоваскулярлық нейрохирургияның негізін қалаған дәрігер. 2013 жылы ол алғашқы механикалық тромбэктомия жасады. Бүгінде бас-ми тамырларына 6500-ден астам жоғары технологиялық операция жасаған. Ал Сұлтан Аллабергенов сирек кездесетін генетикалық науқастарға көмек көрсететін қайырымдылық қорын ұйымдастырған. Қор құрылған сәттен бастап (2017) 16 жасқа дейінгі 61 балаға, 20 ересек адамның еміне көмек көрсеткен, сондай-ақ 3 баланың шетелдегі, 2 баланың Қазақстандағы операциясын қаржыландырған. Одан бөлек пандемия кезінде 3 мыңнан астам мұқтаж адамды азық-түлікпен қамтамасыз еткен.

Өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы бағыты бойынша жүлде агроөнеркәсіп саласының маманы Алмагүл Айқан мен жас кәсіпкер, ауыл шаруашылығы маманы Вероника Саловаға бұйырды. Алмагүл Айқанның сүтті қайта өңдейтін «Aykan» кәсіпорны 2000 жылдан бастап 8 түрлі ірімшік өндіреді. Бүгінгі таңда зауыт Түркістан облысы бойынша сүт өнімдерін өңдейтін ірі кәсіпорынға айналып отыр. Компания өнімдері еліміздің барлық облысында сұранысқа ие.

Вероника Салова абердин ангус, қазақ ақбас, әулиекөл, дала тұқымдары сияқты жылқы мен ірі қара мал өсірумен айналысады. 2022 жылдың мамыр айында «Бизнес Леди Қазақстан» тізіміне кірген, 2022 жылы «Агро Леди 2022» мүсіншесіне ие болған. Сондай-ақ, өз қаражаты есебінен ауылға су құбырын тартуға жобалық-сметалық құжаттама дайындаған.

Технология және бизнес бағытын­дағы жүлдемен IT саласының маманы, мобильдік қосымша жасаушы Айболат Құлатай және IT кәсіпкер, «EasyTap» компаниясының атқарушы директоры Мағзұм Төлеш марапатталды. Айболат Құлатай мемлекеттік тілді дамыту мақсатында 2022 жылы «Aqyl Battle» мобильдік қосымшасын дайындап шығарған. Ал Мағзұм Төлеш шығарған «EasyTap» қосымшасы – сағаттық жұмыс іздеу бо­йынша онлайн сервис. Оның жаңалығы арқасында  4 мыңнан астам адам қосымша жалақы алып отыр.

Ал соңғы бағыт «Ерекше ерлік көрсеткен азаматтар» деп аталады. Бұл марапатқа «Amanat» партиясының қыз­меткері Бекарыстан Аманжолов пен кинолог, құтқарушы Александр Адамбаев лайықты деп танылды. Бекарыстан Аманжолов Әсия Уәлиханқызына ба­уыр доноры болды. Александр Адамбаев Түркияның Нұрдағы қаласындағы жер сілкінісі салдарын жоюға көмектесіп, үйінді астынан бірнеше адамды аман алып шыққан. Бұл екі батырға аталымды Халық қаhарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев тапсырды.