Қоғам • 13 Желтоқсан, 2023

Динара Құлыбаева: Білім беру жүйеміздің бірегей қолтаңбасы бар

1949 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Отандық білім ордаларының арасында 25 жылдан бері өзіндік орнын алып,    балабақшадан бастап, жоғары оқу орнына дейін бірегей оқыту моделін құрған «NNEF» қоғамдық қорына қарасты білім беру мекемелерінің  өкілдері Алматыда өткен іс-шарада бас қосты.

Динара Құлыбаева: Білім беру жүйеміздің бірегей қолтаңбасы бар

Айта кетейік, «NNEF» Public Foundation – білім беру саласындағы бірегей  бренд. «NNEF» Public foundation (бұдан әрі – Қор) 1998 жылғы 15 желтоқсанда қоғамдық қор ретінде құрылып, үздіксіз білім беруде «Lifelong learning» жүйесін,  білім берудің барлық деңгейлерін қамтитын «бөбекжай – мектеп – ЖОО» бірегей білім беру үлгісін қалыптастырған.

Қор құрылтайшысы Динара Құлыбаева  «NNEF» қоғамдық қорының ширек ғасырда жеткен жетістіктерін атап, іс-шараға жиналған 700-ден астам мейман алдында ғалымдар, ұстаздар мен тәлімгерлерге, сондай-ақ білім және ғылым саласындағы жетекші сарапшылар мен Қордың серіктестеріне, инвесторларға  алғысын білдірді.

ф

«Біздің педагогтер мен директорларға, мектептегі, балабақшадағы еңбек етіп жүрген оқытушыларға, университеттердің басшыларына, білім беру ұйымдарымызда қызмет етіп жүрген әр саладағы мамандарға ісімізді алға өрлетуге қосқан үлестері үшін алғысымды білдіремін.  Әрине, біздің жобаларымызды қолдап отырған, нағыз істің адамы, меценат Тимур Асқарұлы Құлыбаевқа алғысымды айтқым келеді», деді Динара Құлыбаева.

ф

Қорға қарасты Астана, Алматы және Атырау қалаларында «Мирас» бөбекжайлары; Астана мен Алматыдағы «Мирас» халықаралық мектептері, Алматы қаласындағы халықаралық мектебі (АХМ), «Арыстан» мамандандырылған лицейі орта білім беруде үздіктер қатарында. Ал жоғары білім беру бағытында К.Ә.Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университеті (UIB), Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің (ХАТУ), Astana IT университеті (AITU), Қазақстан-Британ техникалық университеті (ҚБТУ) және Алматы энергетика және байланыс университеті (АЭжБУ) елдегі жетекші техникалық жоғары білім беретін іргелі оқу ордалары атанған.

о

Ауқымды жобаларды қолға алып, тың идеяларды жүзеге асырып отырған Қордың білім беру мекемелерінде бүгінде  31 325  жас өркен білім алуда, ал осы мекемелерде жас ұрпаққа білім беруге 6 000-нан астам білікті педагогтер мен оқытушылар еңбек етуде.

«Халықаралық конференциялар мен семинарларға қатысып, шетелдік мұғалімдерді жалдап, білім берудегі халықаралық стандарттардың ерекшеліктерін зерттедік. Оларды бейімдеуге тырыстық. Осылайша, біздің Қор құрылды. Қазақстанда бірегей инновациялық білім беру бағдарламаларының қалыптасуы оңай болған жоқ. Бүгінгі таңда біздің Қор жоғары оқу орны, орта білім беру және мектепке дейінгі білім беруді қамтыған өз алдына үлкен бір әлем. Балаларға  әртүрлі салада өздерін сынап, қай бағыттың өздеріне лайықты екенін түсінуі үшін барынша қолайлы жағдайды жасап, оны қамтамасыз ету басты мақсатымыз», деді «NNEF» қоғамдық қорының директоры Динара Құлыбаева.

«Біздің білім беру жүйеміздің бірегей қолтаңбасы бар», дей келе Қор басшысы IB School еуропалық ассоциациясының бұрынғы басшысы Майкл Мэйберридің «сіздердің білім беру жүйелеріңіздің халықаралық деңгейде өзіндік қолтаңбасы бар» деген сөзін еске алып, ширек ғасырда Қордың қалыптастырған бағдарламасы халықаралық  ортада жоғары бағаға ие екенін атап өтті.

Айта кетейік, 2012 жылы ел Үкіметінің қаулысымен Қордың үш мектебіне ресми түрде «халықаралық мектеп» мәртебесі берілген. Осы аралықта «Мирас» мектептерінде 45 елден студенттер білім алса, әлемнің 40 елінен мамандар еңбек еткен. Жалпы, Қор 25 жылда білім беру үдерісіне Project-Based Learning (PBL) жобаға бағытталған оқытудың бірегей әдісін сәтті енгізіп, цифрлық және интерактивті технологиялар пайдаланып, икемді оқыту ортаны дамытуға мән беріп, әр оқушының жеке қажеттілігіне бейімделген бағдарламалар әзірлеп, оқушылардың жетістіктерін бағалаудың жүйесін енгізген.

Қорға қарасты білім беру ордаларының барлығы халықаралық ортада өз орнын алып, оны халықаралық аккредитациялар мен жоғары рейтингтерге қол жеткізе отырып дәлелдеп шыққан.

«Мирас» мектебінің түлектері әлемнің ең үздік университеттеріне түсуі – бұл біздің дұрыс жолда екеніміздің көрсеткіші! «NNEF» қоғамдық қорының барлық жоғары оқу орындары Қазақстан университеттері арасында ұлттық рейтингте жоғары орындарға ие. Біздің мектептеріміз бен университеттеріміз халықаралық деңгейде мойындалған – бұл жоғары білім саласындағы IAAR, ABET, AQA, ASIIN халықаралық аккредитациялар мен жоғары рейтингтер», деді Динара Құлыбаева.

Білім сапасына ерекше көңіл бөлетін Қор әлеуметтік қолдауды да қолға алған. «Мирас» халықаралық мектептерінде оқуға  түсу гранттарына жыл сайын байқау өткізіледі. Осы байқауды өткізген 3 жыл ішінде еліміздегі орта білім беретін мектептерден 9-10 сыныптарының 360-тан астам оқушысы қатысқан. «Мирас»  мектептеріне келесі оқу жылына «Халық» қайырымдылық қорының 100% грантын  13 студент иеленсе, «NNEF» қорының 50% және 30% гранттарын 41 оқушы иеленген.

р

Ал «Арыстан» мамандандырылған лицейінде әскери мамандықты таңдаған дарынды балаларға үйірмелер мен спорт секцияларында оқыту,  кадеттердің тұратын жері, тамақтануы, киім-кешегі, жалпы лицейшілердің білім алуы тегін негізде жүзеге асырылады. Лицейге оқуға қабылдау кезінде әлеуметтік жағынан қолдауды қажет ететін отбасылардың және көпбалалы отбасылардың балаларына басымдық беріледі.

Айта кетейік, жастарға жан-жақты қолдау көрсету,  оқу орындарының  техникалық жабдықталуы, халықаралық стандарттарға сай  білім беру бағдарламалары жоғары оқу орындарында да басымдық берілген бағыт.

Айталық, бес жыл бұрын Қор өз алдына еліміздің цифрлық дамуына өз үлесін қосу мақсатын қойған. Осы аралықта Қордың  жоғары оқу орындарын тәмамдаған 2000-нан астам білікті IT-маман ел экономикасындағы әртүрлі салада еңбек етуде.

Еліміздегі білім беру саласына Қордың айтарлықтай үлес қосып отырғанын Қазақстан-Британ техникалық университетінің ректоры Маратбек Габдуллин де атап өтті. 

л

«Қорға қарасты Қазақстан-Британ техникалық университеті - Орталық Азиядағы ең үздік университеттердің бірі. Бүгінгі таңда Қор жоғары оқу орындарының альянсын дамытуға ат салысып отыр. Бірінші кезекте бұл 5 университет – ҚБТУ, МУИТ, Астана IT университеті, UIB және АУЭС. Барлығын біріктірсек, барлық сала, барша мамандық қамтылады. Білім беруді жоғары сатыда дамыту барлық бағыттар бойынша жүріп жатыр», дейді ҚБТУ ректоры Маратбек Габдуллин.

Астана IT-университеті ректорының міндетін атқарушы Серік Өмірбаев «NNEF» қоғамдық қоры мектепке дейінгі  білім беру деңгейінен бастап орта, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді аяқтайтын жобаларды іске асыра отырып, жалпы ұлттық білім беру жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқанын атап өтті.

л

«Жобалардың барлығы сәтті. Мысалы, «Мирас» мектебі халықаралық бакалавриат бағдарламасын жүзеге асырады. Бұл жобаны жүзеге асыратын Қазақстандағы жалғыз жалпы білім беретін мектеп. Ал жоғары білім беруге келетін болсақ, мұнда Қордың үлесі өте маңызды. Атап айтқанда, Қордың қолдауымен бүгінгі таңда түрлі бағыттар бойынша кадрлар даярлайтын 5 университет жұмыс істейді. Қордың біздің университеттің дамуына қосқан үлесі өте маңызды деп санаймыз. Өйткені дамудың бастапқы кезеңінде үлкен инвестициялық қолдау қажет екені белгілі. Қор қабылдаған инвестициялық шешімдердің арқасында біздің университетте Fab-Lab, микроэлектроника, жасанды интеллект, робототехника зертханалары сияқты заманауи зертханалар ашылды. Сонымен қатар, университетте IT-вендорларымыздың мамандандырылған зертханалары жұмыс істейді: Cisco, Huawei, Microsoft - біздің студенттер мен оқытушыларға сертификатталған курстар ұсынады», деді Серік Өмірбаев.

Жалпы ширек ғасыр ішінде бірнеше ірі ғылыми жобалар және инновациялық идеялар жүзеге асты,  Қордың алда атқарар жобалары  баршылық.  «NNEF» қоғамдық қорының стратегиясы бүгінгі таңда әлемдік трендтерге жауап беретін инновациялық білім беру экожүйесін дамытуға бағытталған.  

«NNEF» қоғамдық қорының  25-жылдығына орай өткізілген іс-шарада осы жолда жүзден жүйрік атанған ғалымдар мен ұстаздар, тәлімгерлер 9 номинация бойынша марапатқа ие болды.