Фото: ҚБТУ
Жастарға қолжетімді әрі сапалы білім берумен қатар, студенттерге жаңа жатақханалар салу – еліміздегі маңызды бағыттардың бірі. Студенттерді заманауи үлгіде салынған, жайлы әрі қауіпсіздік жағы қарастырылған жатақханалармен қамтамасыз етуге басымдық берілген. Қазақстан-Британ техникалық университеті осы бағытта Алматы қаласы әкімдігімен, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігімен етене жұмыс істеп жатыр. Бұл ретте ҚБТУ студенттерге 980 орындық тоғыз қабатты екі жатақхана корпусының құрылысын аяқтап, қолданысқа берді. Салтанатты іс-шараға Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Қайыржан Меңдіғалиев, «NNEF» қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Тимур Құлыбаев, «NNEF» қоғамдық қорының құрылтайшысы Динара Құлыбаева, ҚБТУ ректоры Маратбек Ғабдуллин, BI Group құрылыс компаниясының негізін қалаушы-компанияның Директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев, жоғары оқу орнының қызметкерлері, студенттер мен олардың ата-аналары қатысты.
«Өткен жылы біз студенттерімізге барлық жағдайы жасалған жатақхана ашамыз деп шешім қабылдадық. 10 айдың ішінде біз үлкен жұмыс істедік. Көріп отырғандарыңыздай, жалпы ауданы 14.000 шаршы метрден астам екі жаңа ғимаратта сыйымдылығы 980 орындық жатақхана мен спорт кешенінің құрылысын аяқтадық. Осылайша, Алматы қаласындағы студенттердің тұрғын үй қажеттілігін толығымен шешкен алғашқы университет атанып отырмыз», деді ҚБТУ ректоры Маратбек Ғабдуллин.
Айта кетейік, елде, студенттер жатақханасы тапшы, әсіресе бұл мәселе Алматыда қатты сезіліп жатыр. Мәселенің оң шешімін табу үшін қазіргі уақытта мегаполисте жатақхана құрылысын тиімді үйлестіру мақсатында Жобалық кеңсе де іске қосылған. Жобаны қолдауға 114 әлеуетті инвестор өтініш білдіргені айтылды. Алматы әкімі Ерболат Досаевтың айтуынша, қалада 2025 жылдың соңына дейін 12 мың, 2030 жылдың соңына дейін тағы 20 мың жатақханалық орын ашылады. Бұл жатақхана тапшылығы мәселесін толығымен шешеді. Осы орайда жатақхана тапшылығы мәселесін шешуге Қазақстан-Британ техникалық университеті алғашқылардың бірі болып кіріскен. Ал құрылысты жоғары оқу орны жеке қаражаты есебінен бастаған.
«ҚБТУ 980 орындық екі жатақхананы қолданысқа беріп отыр. Білесіздер, Президент тапсырмасына орай, қалада жаңа жатақхана құрылысы белсенді түрде қолға алынған. Алматыда 35 жоғары оқу орны бар, бұл оқу орындарында жалпы 200 000-ға жуық студент білім алып жатыр, ал оның ішінде 124 000 студент басқа қаладан келгендер. Яғни, барлық студенттердің 62%-ы Алматыға басқа өңірлерден келіп оқып жатқан студенттер. Оқу жылының басында 95 жатақхана болса, онда 32 000 студент жатақханаға орналасқан. Ал жатақханаға 65 000-ға жуық студент тапсырыс берген. Сондықтан жатақхана тапшылығы – 32 700 орын. Қыркүйек айының соңына дейін 1500 орындық 7 нысанды іске қостық. Осы айда 2 500 орындық тағы да 7 нысан іске қосылады. Алматы қаласының даму бағдарламасы бойынша 2030 жылға дейін жатақхана тапшылығын толығымен шешуіміз қажет, яғни 32 000 орынды қамтитын нысандарды қолданысқа беруіміз керек», деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Қайыржан Меңдіғалиев.
ҚБТУ-дың жаңа жатақханалар ескі корпустардың орнында салынған. Осы аралықта магистранттар мен студенттер үйінің қызметкерлері студенттерді жайлы жатақханамен қамтамасыз етумен қатар, барлық қызметтерді көшіріп, инфрақұрылымдардың одан әрі толыққанды жұмыс істеуі жолында үлкен іс атқарған. Айтайық, жаңа ғимараттардың құрылысы 2023 жылғы ақпанда басталып, желтоқсанда толық аяқталған.
«Студенттердің жақсы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасап отырғандарыңызға алғысымызды жеткізгім келеді. Университеттің бізге көрсеткен қолдауын бағалаймыз. Жаңа жатақхана академиялық отбасымыз үшін прогрестің символына айналып, студенттердің құтты үйі атансын», деді Диана Серікбаева.
Жаңадан салынған жатақхана корпустарында демалатын орын, асбөлмелер, оқу бөлмелері, 120 орындық акт залы, 70 орындық асхана, кір жуатын орындар, төсек-орындарды қабылдайтын және тапсыратын бөлмелері қарастырылған. Әр жатақхана корпусында екі лифт, бейнебақылау камералары мен Wi-Fi орнатылған, әр бөлменің жуынатын бөлмесі мен дәретханасы жеке. Айта кетейік, жатақханада мүмкіндігі шектеулі студенттерге арнайы жабдықталған бөлмелер де бар. Аталған ғимараттардың құрылысы ҚБТУ-дың жеке қаражаты есебінен жүргізілген, ал мердігер болып ашық тендер арқылы BI-Group құрылыс компаниясы таңдалған.
«Жастарға осындай форматтағы ғимаратты салып беру біз үшін үлкен қуаныш. ҚБТУ еліміздегі үздік оқу орындарының бірі, техникалық білім беретін үздік оқу орны. Бізге сенім артқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін», деді BI Group құрылыс компаниясының негізін қалаушы-компанияның Директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев.
Жатақханадан бөлек ҚБТУ сыйымдылығы 198 орындық трибунасы бар ойын залынан тұратын үш қабатты спорт кешенінің құрылысын аяқтаған. Жаңадан салынған спорт кешенінде студенттер үстел теннисі, бокс, күрес, футзал, волейбол, баскетбол, гандбол және басқа да спорт түрлерімен айналысуға жағдай жасалған. Одан бөлек хореография сабақтарын өткізуге арналған зал, жаттығу залы да осы спорт кешенінде қарастырылыпты.
Осылайша, Қазақстан-Британ техникалық университеті студенттерді жатақханамен толық қамтамасыз етіп отырған елдегі білім ордаларының бірі атанып отыр.