Ғылым • 25 Шілде, 2024

Тазының генетикалық құрылымын зерттеді

182 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халқымыз «Ит – жеті қазынаның бірі» деп айтады. Әсіресе оның ішінде жүгірген аңды құр жібермейтін қазақы тазының жөні бөлек. Алайда тазының осы уақытқа дейін генетикалық құрылымы жұмбақ болып келді. Отандық Генетика және физиология институтының ғалымдары соның жауабын заманауи молекулалық-генетикалық әдістерді қолдана отырып шешуді ұйғарған. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

Тазының генетикалық құрылымын зерттеді

2021 жылы институт ғалым­дары қазақы тазының гене­тикалық тұрғыдан зерттеу­ге грант ұтып алып, оған биоло­гия ғылымдарының кандида­ты, аға ғылыми қызметкер Анас­тасия Перфильева жетек­ші­лік етті. Бұл жоба былтыр аяқ­талды. Тазы тұқымының гене­тикалық әртүрлілігі мен по­пу­ляциялық құрылымын анық­тау үшін институт ғалымдары зерттеу кезінде генетикалық маркерлердің екі түрін, микро­сателлиттер мен бір нуклео­тидті нұсқаларды алғаш рет қол­данды.

«Талдау нәтижесі тазының генетикалық әртүрлілігі жо­ғары, ал инбридинг деңгейі тө­мен, бірегей тұқым екенін көр­сетті. Бұл тұқымның генети­калық әлеуеті, әсіресе Оңтүс­тік және Шығыс Қазақстан ай­ма­ғында көп байқалды. Ал Сол­түстік өңірде сәйкесінше аз. Зерттеудің тағы бір жаңалығы – тазы ежелден келе жатқан әрі филогенетикалық тарихта берік орын алған тұқым екені расталды. Сондай-ақ тазының популяциясы 50 шақты ұрпақ бұрын генетикалық тұрғыдан жойылып кету қаупі де болғаны анықталды», дейді биология ғылымдарының кандидаты, про­фессор Бақытжан Бекманов.

Қазір институт ғалымдары тазының аң аулау қабілетіне жауап беретін 18, 22 және 25 хромосомалардағы бес ба­ғыт ерекше қызығушылық туды­рып отырғанын айтады. Осын­дағы 12 геннің ішіндегі «CAB39L» гені тазының жүгіру жылдамдығы мен төзімділігі­не әсер ететін үміткер ген болмақ. Бұл нәтижелер болашақта тазыны одан әрі жетілдіру мен оны сақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ тазыны жеке тұқым ретінде халықаралық деңгейде мойындау туралы ұсынысқа қолдау болмақ. Қысқасы, бұл зерттеулер тазы тұқымының генетикалық құпиясын ғана емес, оның тарихын терең біле түсеміз.