Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Әлем климаттың дегеніне көнуге мәжбүр
Бүгінде ауылшаруашылық жерлердің «амандығы» мәселесі, әсіресе жайылымдардың жоғары сапалы болуы маңызды мемлекеттік шешімдерден бөлек, халықаралық саясатта да тиімді ұсыныспен шығуға мәжбүрлеп отыр.
Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық қауіпсіздік сөз болған іргелі әлемдік жиындарда да, жекелеген мемлекет басшыларымен кездескенде де климаттық өзгерістерге қатысты мәселені жиі айтып жүр. Әсіресе былтырғы 1 желтоқсанда Дубайда өткен Климат жөніндегі дүниежүзілік саммитте сөз сөйлеп, бүгінде Жер шарындағы халықтың тең жартысы климаттың өзгеруі жоғары дәрежеде әсер ететін өңірлерде өмір сүріп жатқанын атап өтті.
«Халықаралық қоғамдастық климат бағытындағы бағдарламаларға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтуға қатысты өз міндеттемелерін күшейтеді деп үміттенеміз. Бірақ қаржыландыру – тек кедергілердің басы ғана. 2050 жылға қарай жаһандық температураның 1,5 градусқа дейін көтерілуін шектей алғанымызбен, Орталық Азия елдері бәрібір температураның 2,5 градусқа дейін жоғарылау мәселесімен бетпе-бет келеді. Бұл су тапшылығына, қатты ыстыққа, шөлге және экстремальды гидрологиялық құбылыстарға әкеп соқтырады. Сондықтан мұндай қиын жағдайдан қашып құтыла алмаймыз және оған бейімделуге мәжбүрміз», деді Президент.
Мониторинг қорытындысы мәз емес
Әлем картасында тоғызыншы территорияны алатын еліміздің ауылшаруашылық жерлері халықаралық рейтингте алтыншы орында тұр. Дегенмен жер сапасы мен өнімділік, азық-түлік қауіпсіздігі жағынан кері тартып тұрған факторлар да жоқ емес. Соның салдарынан еліміз жайылымдардың қолайлығы жөнінен көшбасшылық орындардың шаңына да ілесе алмай келеді.
Бұған пайдаланылатын жерлердің сапасының жыл өткен сайын төмендеуі, олардың тозу деңгейі, шөлейттену, шабындықтардың төмен өнімділігі және т.б. факторлар себеп болып отыр. Мұндай қорытындыны жақында Energyprom.kz мониторинг агенттігі жариялады.
Агенттік «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ жүргізген ғарыштық мониторинг деректерін алға тартып отыр. Яғни зерттеу қортындысына зер салсақ, 2023 жылы еліміздегі барлық жайылымдық жерлердің 87,2%-ы нашар және өте нашар жағдайда екен. Тіпті кей аймақтарда өсімдік мүлде жоқ. Қысқасы, 80,8 миллион гектар жер көлемінің 70,5 миллион гектары нашар күйде жатыр. Бұл цифрлар Ұлттық статистика бюросы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің тәжірибелік статистикалық деректерінен алынды.
Жалпы, аталған мониторинг барысында еліміз аймақтарының басым бөлігінде жайылымдардың сапасы қанағаттанарлықсыз жағдайда екені белгілі болып отыр. Әсіресе ең нашар жағдай Маңғыстау облысында қалыптасқан. Анықтап айтсақ, аймақтың барлық ауыл шаруашылығы жерлерінің 99,4%-ы нашар күйде. Бұл дегеніміз мұнда мал шаруашылығын дамыту мүмкіндігі өте төмен деген сөз.
Ауыл шаруашылығы министрінің бұрынғы орынбасары Төлеутай Рахымбековтың сөзіне сүйенсек, біраз өңірдегі фермерлер жайылымның «кедейлігінен» малдың қызығын көре алмай отыр. Негізі жердің тозуы, шабындықтардың төмен өнімділігі климаттың өзгеруіне тікелей байланысты. Экс-министрдің айтуынша, алдағы жылдары ахуал одан әрі күрделенуі бек мүмкін. Яғни құрғақшылық қаупі артады деген сөз.
«Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым алдағы 20-30 жылда ел аумағындағы климаттың өзгеру үдерісі үдей түсетінін болжап отыр. Яғни жердің деградациясына және шөлейттенуге ықпал ететін құрғақшылық қаупі артпақ. Қазірдің өзінде Қазақстан жерінің 70%-ға жуығына құрғақшылық қаупі төніп тұр. Одан бөлек, ел халқының төрттен бір бөлігі тозған жерлерде тұрып жатыр», дейді Т.Рахымбеков.
Биылғы ақпан айында жайылымдық жерлерді пайдалануды реттейтін арнайы заң қабылданды. Ол мал жаюға арналған жер тапшылығы мәселелерін шешуге бағытталған.
Егер бұрын мал ұстаушы жайылымдағы жүктемені кем дегенде 20 пайызға қамтамасыз етуге міндеттелсе, қазір бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін артты. Өткен жылы жердің тозу проблемаларын шешу мақсатында елімізде «ГИПРОСЕМ» РМК жеке институты құрылған. Бұл қызметтің мамандары ауылшаруашылық жерлері туралы деректерді цифрлаумен ғана емес, олардың құнарлылығын арттырумен де айналысады. Өткен жылы пайдаланымдағы ауыл шаруашылығы жерлерінің 77 пайызы цифрландырылған. Бұл жұмыс тек келесі жылы аяқталады.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, мал шаруашылығына қарағанда егістік жерлердің жағдайы әлдеқайда жақсы.
Экономикаға төнген қауіп
Жердің жай-күйі өзге де экономикалық факторлармен бірге ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының тиімділігіне де әсер етеді. Яғни «Талдау» ақпараттық-сараптамалық жүйесінің мәліметінше, өткен жылы ауыл шаруашылығындағы компаниялардың табыстылығы айтарлықтай төмендеп кеткен. 2022 жылы бұл көрсеткіш 31,7%-ды құраса, өткен жылы ол 8,7%-ға ғана төмендеген.
Өткен жылы табыстылықтың ең жоғары деңгейі Ұлытау, Абай (бұл облыстарда 28,1%) және Шығыс Қазақстан (23,1%) облысында байқалды. Бірақ бұл көрсеткішті өткен жылғымен салыстырсақ, еліміздің шығыс өңірлері үшін мұндай қаржылық-экономикалық көрсеткіштер жақсылықтың нышаны емес. Өйткені 2022 жылы Шығыс Қазақстан облысында шаруа қожалықтарының табыстылығы (рентабельділік) 65,6 пайызды, ал көршілес Абай ауданында тіпті 83 пайызды құраған болатын.
Ал Маңғыстау облысында жағдай мәз емес. Бұл өңір шаруашылық жүргізуге экономикалық тұрғыдан ең тиімсіз аймақ саналып отыр. Ондағы жайылымдардың барлығында дерлік мал шаруашылығында үлкен мәселе туғызып отыр. Былтыр мұндағы шаруа субъектілерінің рентабельділігі минус 23,8 пайызды көрсеткен екен.
Жайылымдар күтімді қажет етеді
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Жәңгір хан университетінің профессоры, Ұлттық ғылым академиясының мүше-корреспонденті Бейбіт Насиев 2050 жылға қарай әлемде халық санының тоғыз миллиардқа дейін болжамды өсуі экожүйелік қызметтер мен биоәртүрлілікті қолдау арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жайылымдардың тұрақтылығын арттыруды талап ететінін айтты.
– Қазіргі уақытта жаһандық экологиялық және әлеуметтік-экономикалық проблемалардың бірі – шөлейттену және деградация немесе тозу, күйзелу үдерісі. Бұл жаһандық проблема планета халқының шамамен 1/5 бөлігіне әсер етеді және 100-ден астам елге қатысы бар, әлемдегі жайылымдардың жалпы аумағының 49%-ы деградацияға ұшыраған, – дейді ғалым.
Өкінішке қарай, Б.Насиевтің айтуынша, еліміз де осы проблемаға тап болып отыр. Аймақтарға қарай жайылымдық жерлердің 20-60% шамасы әртүрлі дәрежедегі деградацияға немесе күйзелу мен тозуға ұшыраған.
– Жайылымдардың күйзелуі мен тозуына әсер ететін факторларға климаттық және антропогендік немесе адами факторларды атауға болады. Ең басты фактор – ол адамзат баласын дүрліктіріп отырған, соңғы жылдары әлемде белең алып келе жатқан климаттың жылыну үрдісі. Орташа алғанда, жаһандық температура алдағы 20 жылда 1,5°C жылынуға жетеді немесе одан жоғары болады деп күтіліп отыр және климаттың өзгеруі жаһандық азық-түлік қауіпсіздігінің тұрақтылығына қауіп төндіруі мүмкін. Негізінен қуаңшыл, шөлді және шөлейтті аймақтарда орналасқандықтан, болашақта еліміздің мал азықтық танаптарының өнімділігінің төмендеуі мен жай-күйінің нашарлауы одан әрі қарқын алары сөзсіз, – дейді пофессор Б.Насиев.
Демек аграрлық ғылым алдында климаттың өзгеру бағытында ауыл шаруашылығы дақылдарының өндірісін бейімдеу, мал азықтық танаптардың сапа көрсеткіштерін жақсарту өзекті мәселесі тұр.
Екінші маңызды фактор ретінде ғалым жайылымдарға адами тұрғыда берілетін теріс әсерлерді атады. Жайылымдардың тозуы көбіне малды қарқынды жаю арқылы шамадан тыс пайдаланудың салдарынан болып отыр.
– «Жайылымдар туралы» заңға сәйкес, жайылым пайдаланушылары мал санын қалыптастырғанда жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормасын ескерулері тиіс. Ол Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі № 3-3/332 бұйрығына сәйкес еліміздің әрбір облысының табиғи-климаттық аймақтары мен жайылым типтері үшін нақтыланған.
Өкінішке қарай, фермерлер бұл бұйрықты толық орындамай отыр. Тіпті көптеген жайылым пайдаланушылар бұл норманың бар екендігін де білмейді. Соның салдарынан жайылымда мал қарқынды түрде жайылып келеді, – деген Б.Насиев өсімдіктердің тынығуын қамтамасыз ететін жайылым айналымын пайдаланудың маңызы зор екенін де атап өтті. Яғни ғалым малды бір жерге иіріп жая бермей, жерді де демалдырып тұру керек деген заңдылықты дұрыс көріп отыр.
Сондай-ақ ғалым басты да маңызды факторлар қатарына ата кәсіпті жанына серік, күнкөрісіне кәсіп етіп отырған малдың соңында жүрген ағайынның аграрлық білімімінің төмен болуын да қоса кетті.
Ал «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС басқарма төрағасы, профессор Айбын Төреханов «Жайылымдарды орнықты басқару мен оларды пайдаланудың жаспарларын бекітіп, нақты іс шараларды жүзеге асыру керек», дейді.
– Ақиқатына жүгінсек, көбіне жоспарда ауыл немесе аудан көлеміндегі жайылымдық жерлер, малдың саны, қора-қопсы, суат көздері туралы статистикалық мәліметтер ғана келтірілген. Немқұрайдылықпен жасалған жобаларда жайылымдардың тозуына ықпал еткен жағдайлар сарапталмаған және оларды пайдаланудың тәсілдері де еш өзгеріссіз сол қалпында қалған, – дейді профессор А.Төреханов.
Қазіргі таңда қуаңшылықпен күрес, әсіресе экожүйенің қалыпты қызметін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынып жатқан кешенді шара жоқтың қасы. Дегенмен түрлі министрліктер тарапынан жүзеге асырылып жатқан жобалар баршылық. Әсіресе су ресурстарын тиімді басқару шараларын әзірлеп, оны қолданысқа енгізу көптеген елдермен қатар, дәл қазір біздің еліміз үшін де аса маңызды болып отыр. Бұл тұрғыда Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен әзірленген жаңа Су кодексі жобасының маңызы ерекше. Мәжіліс қарауында жатқан бұл құжат қабылданса, су тасқыны мен құрғақшылық сияқты төтенше жағдайларды болжау, жоспарлау және оларға уақтылы ден қоюды қамтамасыз ете отырып, заманауи су ресурстарын пайдаланудың маңызды құралына айналуы тиіс.