Алайда замандастары композитордың әлеуетін тиісті деңгейде бағалай алған жоқ. Бірақ оны өзі де мақсат тұтпады. «Малға кедей болса да, әнге баймын» дегендей, бүкіл өмірін шығармашылыққа арнады, дүние жинамады. Шабытты хәлден туған шалқымалы әуені халықтың жүрегін тербеді. Сол себепті оның есімі тарих тақтасында алтын әріптермен жазылып қалды. Сонымен бүгінгі әңгімеміз Вольфганг Амадей Моцарт хақында болмақ.
Моцарттардың отбасында екі бала болды. Әкесі Леопольд керемет музыкант қана емес, білікті ұстаз және тәлімді тәрбиеші-тұғын. Соның арқасында үлкен қызы Мария мен ұлы Вольфганг аспапты шебер меңгеріп алды. Балалар есейгеннен кейін, нақтырақ айтсақ, қызы онға, ал ұлы алтыға толғанда әкесі Еуропа астаналарында концерт беруге кіріседі. Осылайша, жас Моцарт халыққа таныла бастайды.
Бала Вольфганг нотаны керемет меңгергенімен қоймай, импровизациялық қабілетімен көзге түскен. Ол халықтың қалаған музыкасын көзін таңып қойып тарта беретін. Әйтсе де ол өте алаңғасар еді. Ересектер үшін, әсіресе әкесі үшін аса маңызды концерттер Вольфгангқа қарапайым ойын ретінде қабылданатын. Сондай күннің бірінде сахнаға бір мысық шығып алады. Оны көрген Вольфганг аспабын тастай салып, тыңдарманын әп-сәтте ұмытып, мысықтың артынан қуа жөнеледі. Әкесінің қатты ескертуіне ол бар болғаны: «Әкетай, клавесин ешқайда кетпейді, ал мысық қашып кетеді ғой», деп жауап беріпті.
Ол есейген күннің өзінде мәңгілік бала болып қалды. Өмірдің әрбір мәселесіне баланың көзімен қарайды. Балаша қуанады, балаша жылайды. Ал біреуге көмектесе алса, одан асқан бақытты адам жоқ.
Бірде Вольфганг ұясынан құлап түскен балапанды байқап, оны орнына қоймақшы болады. Әкесі жақындап барса, ағаштың бұтағында әлди жырын ыңылдап отырған баласын көреді. Сөйтсе, балапанды ұясына орналастырғаннан кейін періште пейіл перзенті анасы келгенше балапан қорықпасын деп оған түрлі ән айтып отырған екен. Иә, Моцарт өмірінің соңына дейін осы қалпынан танбайды.
Композитордың ғұмырнамасында мынадай қызық жағдай болған. Оған бір кісі қайыр сұрап келеді. Оның артық ақшасы жоқ еді. Сол кезде Моцарт жақын жердегі дәмханадан қағаз бен қалам алдырып, оған санасындағы әуеннің ноталарын түсіре бастайды. Аяқтағаннан кейін қолжазбаны таныс баспагерге жолдайды. Қайыршы композитордың бұл әрекеті сәтті болатынына аса сенбей тұрған еді. Бірақ көп ұзамай екеуінің қолына бейтаныс кісі бес алтын монетаны ұстатып кетеді. Бұл композитордың қаламақысы болатын.
Байқағанымыздай, Моцарт өзінің мүмкіндігі болмаса да, көмек сұраған кісіден аянбайтын. Сол үшін аз опық жеген жоқ. Театр директорлары оның еңбегін еш, тұзын сор қылып, тиісті ақшасын бермей кететін. Ал композитор оған мойымайтын. Себебі ол халықтың махаббатын бәрінен де жоғары қоя білді. Ешқандай жасандылықтан хабарсыз Моцарт соның «арқасында» дұшпандарын да көбейтіп алды. Даңқы мен дарынын қызғанғандар, оның аяғын үнемі шалумен болды. Ақыры немен аяқталғаны көпшілікке белгілі...
Неге екенін қайдам, Моцартты осы бір қасиетін айтып отырғанда өзіміздің талантты композитор Шәмші Қалдаяқов ойымызға орала берді. Естеліктерді оқи отырып, ол ағамыздың да бойында Моцартқа ұқсас аңғалдық, тазалық болғанын байқаймыз.
Бәлкім, шын таланттар мәңгілік бала көңілін сақтап қалған жандар шығар?