Аймақтар • 08 Қараша, 2024

Екібастұз ГРЭС-2: қуаттылығы екі есе артады

167 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Екібастұз ГРЭС-2 стансасында» әрқайсысы 500 МВт қуатқа ие екі энергиялық блок бар. Оның алғашқысы 1990 жылы, екіншісі араға үш жыл салып пайдалануға берілген. Бүгінде кәсіпорын еліміздің елеулі бөлігін және Қырғызстанды электр жарығымен қамтамасыз етіп отыр. Екібастұз ГРЭС-2-де «№3 және №4 энергоблоктерін орнатумен, Екібастұз ГРЭС-2-ні кеңейту және қайта құру» инвестициялық жобасы іске асырылып жатыр. Соның негізінде 2030 жылға дейін әрқайсысының қуаты 550 МВт болатын екі энергиялық блокті орнату жоспарланған. Бұл жоба толығымен іске асса, станса қуаты екі есе, қосымша 1 100 МВт-қа артады.

Екібастұз ГРЭС-2: қуаттылығы екі есе артады

«Отандық электр энергиясында көтерме сауда нарығының жаңа моделі қолданыла бастаға­лы «Екібастұз ГРЭС-2 станса­сы» электр энергиясының ор­та­­лық­­тандырылған және тең­­герім­­­­деуші нарығына сатушы ре­тінде қа­ты­сады, сондай-ақ өн­ді­­­ріл­­­ген электр энергиясының бар­­­лық көлемін 2023 жылғы 1 шіл­­­­де­­ден бастап көрсетілген на­рық­­­тар­да өткізеді. Ал стансадан өн­діріліп шығатын жылу Сол­­неч­­­ный кентінің тұрғын үй­лері мен өзге де ғимараттарын, кәсіпорнымыздың өндірістік алаңын жылытуға бағытталған. Ұлттық экономиканың өсуі электр энергетикасы саласының озық дамуын талап етеді. Сектордың тұрақты дамуының негізгі факторлары – елеулі инвестиция мен отандық тұтынушыларды жаб­­дық­тауды тиімді басқару. Мем­лекет басшысы 2023 жылғы Жол­дауын­­да электр энергетикасы сек­­торына баса мән беретінін атап өтті. Мәселені жүйелі шешу үшін жаңа өндіруші қуаттарды енгізу және жұмыс істеп тұрған электр стансаларын жаңғырту, жаңар­ту, техникалық жарақтандыру бо­йынша бірқатар жобаны іске асыру талап етілді», дейді «Екібастұз ГРЭС-2 стансасы» АҚ басқарма төрағасы Болат Қашағанов. 

па

Жобаны іске асыру энерге­ти­калық тәуелсіздікті, энергия қауіпсіздігін, экспорттық әлеуетті, электр энергиясы мен электр қуатына өсіп келе жатқан қажет­ті­лік­терді қамтамасыз етуге ықпал етпек. Бұған қоса, өзгерістер Солнечныйдағы әлеуметтік саланы нығайтуға сеп болады деген сенім зор. Елді мекендегі тұрғындарды жұмыспен қамту бүгінде маңызды мәселенің біріне айналған. Қосымша энергиялық блоктерді салу кезеңінде шамамен 1 500 адам жұмылдырылады. Жобаны іске асырғаннан кейін жаңадан іске қосылған қуаттарды пайдалану үшін 300-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылады.

«Былтыр Ресейдің техноло­гия­лық шешімдеріндегі жабдықты қол­дана отырып, жоба бойын­ша техника-экономикалық негіз­де­ме әзірленген. Биыл мамырда «Мемсараптама» РМК оған бай­ла­нысты оң қорытынды шы­ғар­ды. Тамыз айында отандық «KBI Energy Group» ЖШС, «Стройиндустрия» ЖШС және ресейлік «ОРГРЭС» ЖШС-мен №3 және №4 энергиялық блоктерін жобалауға, жеткізуге және салуға байланысты EPC-шарт жасалды. Осы шарт шеңберінде «П» сатысының жобалау-сме­талық құжаттамасын әзірлеу бас­талды. Қыркүйек айында Энер­гетика министрлігімен 3-энергоблок бойынша инвестиция­ларды қайтару үшін инвес­ти­циялық ке­лісім жасалды. Жоба құры­лы­сын іске асыру жөніндегі іс-шара­лар станса акционерлері бекіт­кен кестеге сәйкес орындалады», деді кәсіпорын басшысы.

Екібастұз №2 МАЭС құры­лысы 90-жылдардың басында тоқта­тылып, құрылысы аяқталған екі блокпен жұмыс істеуге рұқсат берілген. Сондықтан кәсіпорынды технологиялық бағытта жетіл­діру, аясын кеңейтудің мүмкін­дігі өте зор. Қазір МАЭС-2 стансасы өндіретін электр қуаты Қыр­ғыз­­станға да экспортталады. Гин­нестің рекордтар кітабына енген жер бетіндегі ең биік 420 метрлік алып мұржа да осында орналасқан. Жыл басынан бері станса энергетиктері 4,1 млрд кВт/сағат қуат өндірді.

«Отын беру трактісі, түтін мұржасы 4 энергиялық блокке шақ­­талса, қосымша құрылыс­тар блогі, ашық таратқыш құрыл­ғылары, компрессорлық, элек­тр­олиздік, кірме темір­жол­дар 8 энергиялық блокке қызмет көр­сете алады. Бұған қоса мазут ша­р­уашылығы, іске қосу қа­зан­дығы, көл-су қой­масы, хи­мия­­лық су тазарту қарас­ты­рыл­ған. Күл үйіндісін 16 энер­гия­лық блок пайдаланады. Тех­никалық су Шандақсор көлі арқылы қамтамасыз етіліп отыр. Күл мен қожды сыртқа шы­ға­ратын жүйе гидравликалық, өзді­гінен ағатын негізде жасал­ған. Гид­ро­күлді кетірудің сыртқы желілері 2 тізбектен тұр­са, олардың бірі үнемі резервте. Күл үйіндісі Қарасор көлінің бассейнінде, стансадан 8 шақырым қашықтықта жиналады. Экологиялық тұрғыдан алғанда бұл Екібастұз қаласы мен Сол­нечный кентінің тұр­ғын­да­рына ешбір қауіп төн­дірмейді», деп түсіндірді «Екі­бастұз ГРЭС-2 стансасы» АҚ басқарма төрағасы Болат Қашағанов.

Жылдың алғашқы 9 айында мұнда 4 млрд 166 млн кВт/сағат электр қуаты өндірілсе, шиналар­дан 3 млрд 931 млн кВт/сағат энер­гия босатылған. 2023 жыл қорытындысында қос блок 5 млрд 659 млн кВт/сағат қуат беріпті. Қуат өндіру үшін мұнда «Бога­тырь Көмір» кенішінің көмірі мен «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-ның мазуты пайдаланылады. Өндіріс технологиясы үшін негізгі су Қ.Сәтбаев атындағы каналдан алынып отыр.

пр

Бүгінде стансада 1 503 адам еңбек етеді. Орташа жалақы 505 мың теңгеден асады. Кәсіпорын өз қызметкерлері үшін әлеуметтік көмектің кең ауқымды түрін әзірлеген. Көпбалалы, 14 жасқа дейінгі мүгедек балаларды тәр­бие­­леп отырған отбасыларға ай сайын жәрдемақы, бала күтімі бойынша 3 жылға дейін жәр­демақы, оқу демалысына ақы тө­леу, зейнеткерлерге дотация төлеу және тағы басқа ма­те­риал­­дық көмек түрлері қарас­ты­рылған.

Кәсіпорын басшылығы 4, 5, 6-разрядты электр-газбен дәнекерлеуші, 5-разрядты тур­биналық/қазандық жаб­дық­­­тарындағы машинист-тек­серуші мамандықтары бойынша тапшылық бар екенін жасырмады. Осыған орай колледж және жоғары оқу орындарымен тұрақ­ты негізде кәсіптік бағдар беру жұмыстары қолға алынды.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы