Әскер
2 мин оқу 90

Шекарашылар ант қабылдады

<p style="text-align: justify;">Қордай ауданындағы шекара қызметіне әскерге шақырылған сарбаздардың салтанатты түрде ант қабылдау рәсімі ұйымдастырылды. Күзгі шақырылым аясында Отан алдындағы борышын өтеуге келген сарбаздардың жүзінен жауапкершілік табын айқын аңғардық.</p>

Шекарашылар ант қабылдады

Сарбаздар үшін аса ма­ңызды іс-шараға олар­дың туыстары мен дос­тары, әскери бөлім командирлері қатысты. Жас сарбаздардың ант қабылдау рәсіміне еліміздің әр қиырынан арнайы келген ата-аналар да қобалжып жүр. Олар үшін баласының әскери борышын абыроймен өтегені маңызды.

Кезекті шақырылым сарбаздары ел шекарасының күзетін қам­тамасыз ететін Қордай ше­ка­расы басқармасының қата­рын толықтырды. Еліміздің оң­түстігінде орналасқан бұл аймақ шекара қызметін қамтамасыз етуде айрықша маңызға ие екені белгілі. Әскер қатарына қа­былданғандардың мойнына зор міндет пен жауапкершілік жүгі артылған. Ант беру рәсімі осы міндеттің рәміздік бастауы десек те болатын секілді. Бұл күні сарбаздар Отан алдындағы жа­уапкершілігін терең сезініп, тәуелсіздік пен бейбітшілікті, тыныштықты сақтау жолындағы қызметке шын пейілмен дайын екенін жеткізді.

Жанарында от ойнаған жас жауынгерлер ант қабылдаған­нан кейін бірден әскери даярлық бағдарламасына қосылды. Олар әскери бөлімде тактикалық және физикалық дайындықтан өтіп, шекара күзету ісінің қыр-сырын меңгеруге кіріседі.

«Әскери өмірдің әрбір сәті шыдамдылық пен шыңдалуды талап ететіні мәлім. Біз сарбаз ретінде мүмкіндігінше шекара қорғау ісіне қажетті дағдыларды меңгереміз. Әрқашан қырағы болуға машықтанамыз. Мінде­тіміз – ел тыныштығы мен тәуел­сіз­­дігін қорғау. Сондықтан да Отан алдындағы қызметімізді әр­­да­йым адал атқаруға дайынбыз. Ең бастысы – абырой», дейді олар.

Қырғыз Республикасымен шекаралас орналасқан Қордай ауданында өткен ант қабылдау рәсіміне жалпы саны 321 сарбаз қатысты. Күзгі шақырылым аясында Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жо­лында өздерінің алғашқы қада­мын жасаған олардың жүзінен шаттық лебі есіп тұрды.

Ант қабылдау рәсіміне Ұлт­тық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы, полковник Ғани Бек­мырзаев арнайы қатысып, жас сар­баздарға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде әскер қатарына қосыл­ған жауынгерлердің еліміздің шекаралық қауіпсіздігін қамта­ма­сыз етудегі маңызды рөлін атап өтіп, сарбаздардың Отан алдын­дағы борышын абыроймен атқаруына тілектес екенін жеткізді.

Жамбыл облысы,

Қордай ауданы

Бөлісу: