Аймақтар • 03 Желтоқсан, 2024

«Жаркент–Қорғас» жолы ашылды

84 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Панфилов ауданында ұзындығы 32 шақырым болатын «Жаркент – Қорғас» автомобиль жолының негізгі учаскесі салтанатты түрде ашылды. Бұл бағытта «Нұр жолы» кеден бекетіне, «Қорғас» ХШЫО-ға, Алтынкөл стансасына, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-ға баратын автокөліктер қатынайды.

«Жаркент–Қорғас» жолы ашылды

Қорғас қақпасына баратын жолдың даңғыл болғаны еліміз үшін ерекше маңызды. Себебі екі ел арасында сауда-саттық жасайтын ағайын демалыс сайын Қытай шекарасын күзетеді. Сондықтан автомобиль жолы қай кезде де елдің инфрақұрылымының маңыз­ды бөлігі. Мұндай негізгі артериялар жергілікті тұрғындардың ғана емес, көптеген туристің де кедергісіз қозға­лысына ықпал етіп, сонымен қатар эко­но­миканың дамуына, басқа аймақ­тар­мен байланысты нығайтуға оң әсерін тигізеді. Бұл ретте шекаралас Панфилов ауданы да осы игі үрдістен тыс қалған жоқ.

Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәлі­метінше, ұзындығы 32 км болатын «Жаркент – Қорғас» жолы учаскесі Панфилов ауданының Қырыққұдық, Ақкент, Ават, Атамекен ауылдары арқы­лы өтеді. Бұл жол өткен ғасырдың 60–70-жылдарында салынғандықтан, кейінгі жылдары көлік жүргізушілер мен жергілікті тұрғындарға біршама жай­сыздық туғызған еді. Бұл ретте тұр­ғындар жөндеу жұмыстарының бастал­ғанын қуана құп алып, құрылыс­шыларға барынша қолдау көрсетті. Құрылыс жұмыстары осы жылдың шілде айында басталып, белгіленген мердігер ұйымның жол жөндеушілері Жетісу облысы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ фи­лиалының тапсырысымен жұмыс­тар­ды бес айдың ішінде аяқтады.

«Өңірдің инфрақұрылымын дамыту, жолдардың сапасын көтеру мақсатында биыл Қорғас ауылынан Жаркент қаласына апаратын ескі жолға орташа жөндеу жүргіздік. Жоба аясында жаңа екіқабатты асфальт төсеу есебінен жол төсемінің сапасы жақсарды. Жол бо­­йын­дағы елді мекендерде тро­туар төселді, жарықтандыру, жаңа жол белгілері мен ақпараттық панельдер орна­тылды, жол қозғалысының қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ететін белгілер қойылды», дейді «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалының директоры Нұрхат Ақылтаев.

Жолдың ашылу рәсіміне қатысқан ауыл тұрғындары алғысын білдір­ді. Үлкеншыған ауылдық округі Қоғам­дық кеңесінің төрағасы Тойлыбай Домбағұлов «Жаркент – Қорғас» жолы­ның ұзына бойына тротуар­лар, жаяу жүргіншілер өткелдері, жарық­тан­дыру жасалғаны ауыл тұрғындарына қо­­лай­лы жағдай туғызғанын атап өтті. Оның айтуынша, жол сапасын күн са­йын көлігімен әрлі-берлі сапарлайтын Жаркент жүргізушілері де оң бағалап отыр.

Жалпы, облыс аумағында респуб­лика­лық маңызы бар автожолдарды қайта жаңғыртуға бағытталған ірі жобалар іске асырылып жатыр. Рес­пуб­ликалық маңызы бар «Үшарал – Достық» жолы пайдалануға берілді. Жуырда «Талдықорған – Үшарал» авто­­жолын қайта жаңарту аяқталады, онда­ғы жұмыстар 98%-ға орындалды, ны­санды толық аяқтау 2024 жылдың соңына жоспарланған. Сондай-ақ республикалық маңызы бар «Сарыөзек – Көктал», «Айдарлы – Көктал» автожолдарында жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр.

Биыл облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын дамытуға 24,9 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 29 жоба іске асырылады, оның аясында 193,4 км жол жөнделеді. Осылайша, 2024 жылдың соңына қарай жақсы, қанағат­та­нар­лық жағдайдағы жергілікті автомобиль жолдарының үлесін 94%-ға жеткізу жос­парланып отыр.

 

Жетісу облысы