Астанада көші-қон заңнамасын бұзған 40-қа жуық адам жауапқа тартылды
<p>«Қылмысты тоқтату» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полицейлер көші-қон қызметі жедел бөлімшелермен бірлесіп қоғамдық тамақтану орындарында, базарларда, көлік жуу бекеттерінде және жолаушылар тасымалы саласында 40-қа жуық құқық бұзушылық анықтады, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>. </p>

Елімізде «Қылмысты тоқтату» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Іс-шараның мақсаты – көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін анықтау.
Екі күн ішінде шамамен 40-қа жуық құқық бұзушылық тіркелген. Оның ішінде:
- елде болу мерзімі аяқталғаннан кейін уақтылы шықпау,
- визада көрсетілген мақсатқа сай келмейтін қызметпен айналысу,
- рұқсатсыз жұмыс істеу деректері анықталды.
Мәселен, жолаушыларды арнайы рұқсатсыз тасымалдаған 32 жастағы шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осындай құқық бұзушылықтар такси жүргізушілері, сондай-ақ көлік жуу бекеттері мен базарларда жұмыс істейтіндердің арасында анықталды.
Анықталған барлық фактілер бойынша заң аясында шаралар қабылданды. Көші-қон полициясы шетелдік азаматтар мен жұмыс берушілерге көші-қон заңнамасының талаптарын түсіндіріп, ел аумағында заңды болу және еңбек қызметін жүзеге асыру тәртібі туралы ақпарат беруде.
Мұндай іс-шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қаладағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған.