Білім • Кеше

ҰБТ форматы өзгере ме?

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақында әлеуметтік желілердегі пабликтерде «ҰБТ енді болмайды» деген ақпарат тарады. Біз мұның анық-қанығын білу үшін жауапты ұйымға, министрдің өзіне хабарластық. Ғылым және жоғары білім министрлігі бізге берген жауабында бұл тестілеудің отандық университеттерге түсу, грант конкурсына қатысу функциясын атқара беретінін хабарлады.

ҰБТ форматы өзгере ме?

Фото: Ашық дереккөз

Министрліктің хабарламасында жазылғандай, 2023–2029 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасында ҰБТ форматын халықаралық стандартталған форматқа көшіру, тест тапсырмаларын құру және нәтижелерді талдауда психометриялық тәсілдерді қолдану арқылы жетілдіру қарастырылған. Осы шараларды іске асыру мақсатында ETS (Educational Testing Service) жетекші халықаралық ұйымымен ынтымақтастық орнату мәселесі пысықталды. Айта кетейік, ETS (Educational Testing Service) – TOEFL және GRE сияқты халықаралық емтихандарды әзірлейтін жетекші халықаралық ұйым.

Осы жылдың 21 қыркүйегінде Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары барысында ETS компаниясының бас директоры Амит Севакпен кездесу өтті, онда ұлттық білім жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды. Қорытындысында келесі шаралар қабылданды:

Біріншіден: Тестілеу саласындағы ETS халықаралық жетекші сарапшыларының қатысуымен жұмыс тобы құрылды.

Екіншіден: Осы жылдың 31 қазанында Астанада стратегиялық серіктестіктер форумында ETS бас директоры Амит Севактың қатысуымен әрі ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Үшіншіден: Осы жылдың 6 қарашасында ҒЖБМ, ҰТО және ETS арасында өзара түсіністік меморандумына қол қойылды (Вашингтон, АҚШ).

Төртіншіден: Жоғары сапалы тест тапсырмаларын әзірлеуді қамтамасыз ету мақсатында 30 қызметкерді халықаралық «Болашақ» стипендиясы шеңберінде оқыту мәселесі пысықталды.

Бесіншіден: ETS-пен бірлесіп жасанды интеллект, адаптивті тестілеу және халықаралық стандарттарды қолданатын жаңа тест құру тәсілдері анықталды.

«Жаңа тестілеу қанатқақты режімде Қазақстандағы шетелдік университеттердің филиалдарына түсу кезінде енгізу жоспарланып жатыр. Жалпы жаңа тестілеу форматы ҰБТ сапасын арттырып, оны ең үздік әлемдік тәжірибелерге сәйкес стандартталған кіріспе емтихан ретінде танылуын қамтамасыз етеді. Айта кету керек, 2026 жылы қазіргі ҰБТ форматы өзгермейді, жаңа тест форматын кезең-кезеңімен енгізу 2027 жылдан басталады», делінген хабарламада.