Үкімет • Бүгін, 08:33

Қоғамдық тәртіп қатаң бақылауда

10 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысын өткізді. Жиында мереке күндеріндегі қауіпсіздік шаралары, жаңартылған тиісті заңнама нормаларын енгізу, сондай-ақ 2026 жылға арналған жоспар және Президенттің «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы шеңберінде атқарылған жұмыстардың нәтижелері қаралды.

Қоғамдық тәртіп қатаң бақылауда

Мереке күндері елімізде қо­ғам­дық тәртіпті қорғау және өрт қауіп­сіздігін бақылау күшей­­тіліп, резервтік күштер дайын­дық­қа келтірілді. Ішкі істер ми­нис­трінің орынбасары Игорь Лепе­ха көшелердегі полиция патрульдері тығыздығының артуы және стратегиялық нысандарда, азаматтар көп жиналатын орындарда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыру туралы баяндады.

Ел өңірлерінде барлығы 1 мың­­нан астам бұқаралық іс-шара жос­парланған, олардың ба­сым бөлігі балалардың қаты­суы­­­мен өтеді. Осыған байланысты Премьер-министр Ішкі істер ми­нистрлігіне Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесе отырып, жоспарланған іс-шаралардың қауіпсіз өткізілуін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды және тәу­лік бойы патрульдік және кезек­ші құрамның жұмысын ұйым­дастыруды тапсырды.

«Біздің міндет – іс-шаралар өтетін жерлерде құқық бұзушы­лық­тар мен қылмыстың алдын алу жұмыстарын қамтамасыз ету. Көшелер мен қоғамдық орын­­дарда қылмыстардың про­фи­лактикасының тиімді жүйе­сін құрған жөн. Жағдайды бақы­лауға алып, оның ішінде бей­некамералар арқылы визуал­ды бақылау ұйымдастыру қажет. Қажет болған жағдайда оқиға­ларға шұғыл әре­кет ету шараларын қамтамасыз етіңіздер. Сон­дай-ақ адамдар көп жиналатын нысандарда лаңкестік шабуыл­дардың алдын алу үшін кешен­ді профилактикалық шаралар қабылдансын. ІІМ мен ТЖМ-ға күшейтілген режімде жұмыс істеу тәртібіне көшуді тапсырамын», деді Премьер-министр.

Мереке күндері өрт қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету мәселесіне де көңіл аударылды. Іс-шаралардың басым бөлігі адамдар көп жина­латын нысандарда, сондай-ақ ойын-сауық және қоғамдық орын­­дарда өтеді. Оның ішінде пиро­­техникалық өнімдер де қол­даны­лады. Бүгінде айналымнан 700-ден астам және 97 қорап серти­фикатталмаған пиротехника алын­ды. Мереке қарсаңында тағы бір мәрте «Құқықтық тәртіп» про­фи­лактикалық іс-шараларын өткізу тапсырылды. Оның аясында пиротехникалық өнімдерді сақтау, сату орындарына рейдтер ұйымдастырылатын болады.

Өрт қауіпсіздігінің тиісті дең­гейін қамтамасыз етуге баса назар аударылды. ТЖМ күштерімен адамдар көп жиналатын 7 мыңнан астам нысанға тексеру жүргізілді және өрт қауіпсіздігі бойынша анықталған заңбұзушылықтар жойылды. Жаңажылдық іс-ша­ра­лар өткізілетін орындар тексе­рі­ліп, пайдалануға рұқсат беріл­ді. Халықтың әлеуметтік осал сана­тындағы азаматтар тұратын тұр­ғын үйлерде өртке қарсы дат­чик­терді монтаждау жалға­суда. Қа­зі­ргі уақытта 36 мыңнан астам қор­ғаныс құрылғылары орнатылған.

Премьер-министр іс-шаралар өткізілетін нысандардағы қауіп­сіздіктің тиісті деңгейін қамта­масыз етуді тапсырды. Осы мақ­сат­та нысандарда алдын ала тексе­ру, қызметкерлерге тиісті нұсқаулар беру, оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізу қажеттігіне назар аударды. Әсіресе өрт сөндіру құралдары мен гидранттардың жарамдылы­ғын тексеру қажет. Ауа райына қарамастан, адамдар көп жиналатын нысандарға бара­тын жолдар тәулік бойы ашық болуы керек. ТЖМ мен ІІМ бірлесіп, тиісті шаралар қабылдауға тиіс. Сонымен қатар адамдарды шұғыл эвакуациялау бойынша іс-қимылдарды пысықтап, қажет болса, қосымша оқу-жаттығуларын өткізу қажет.

Мереке күндері қала ішінде де, шығаберіс жолдарында да автомобиль трафигі артуына бай­ланысты автомобиль жолдарында ерекше бақылау орнатылды. Құтқарушылар ауа райының нашарлауына дайын, автожолдарда жылыту пункттері жабдықталған, арнайы техника мен авиация жедел ден қою режіміне ауыстырылды. ІІМ Көлік министрлігімен бір­лесіп, автомобиль жолдарын­дағы қауіп­сіздік шараларын күшей­теді. Жол қозғалысы ережеле­рі­нің сақталуын, автожолдардың жай-күйін, сондай-ақ жүктемесі үлкен және туристік бағыттарда қауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыруды бақылауға алады. Өңірлерде балаларды тасымалдауда міндетті түрде полиция қызметкерлері бірге еріп жүруге тиіс. Әкімдерге бұл мәселені ерекше бақылауға алу тапсырылды.

Қысқы демалыс пен жаңа жыл­­дық мереке күндері мектеп жа­сындағы балалардың бос уа­қы­тын қызықты шаралармен то­лыққанды қамтамасыз ету маңызды. Оқу-ағарту министр­лігіне қауіпсіздік шаралары, соның ішінде қыс мезгіліндегі қауіпсіздік шараларын түсіндіре отырып, қосымша ата-аналар жиналыстарын өткізу тапсырылды.

«Өңір әкімдіктеріне алда­ғы мерекелерді қауіпсіз өткі­зу бо­йынша кешенді профилак­тикалық шараларды қабыл­дау­ды тапсырамын. Энергетика министрлігі әкімдіктермен бір­лесіп, энергети­калық объек­тілер­де қауіпсіздікті және олардың ақау­ларсыз жұмыс істеуін қамта­ма­сыз етсін. Жылыту және сумен жаб­дықтау жүйелерінің бар­­лық параметрлерін сақтап, жедел әрекет ету үшін жөндеу бри­­га­­даларының кезекшілік кес­те­­сін жасау қажет. Жалпы ал­ған­да, барлық мемлекеттік ор­ган­дар мен құрылымдар мереке күн­дерін сәтті және тыныш өткізу үшін жан-жақты шаралар қабылдауы керек», деп атап өтті О.Бектенов.

Сонымен қатар жиын бары­сында тұрмыстық зорлық-зом­былық, балаларды қараусыз қал­дыру және рецидивтік қылмыс­қа қарсы күрес жөніндегі норма­ларды біріктіретін Парла­мент қабылдаған «Құқық бұзушы­лықтардың алдын алу тура­лы» жаңа бірыңғай заңды жүзеге асыруға назар аударылды.

«Жаңа профилактика жүйе­сі Президент мемлекет пен қоғам жұмысының мызғымас ұста­ным­дарының бірі ретінде айқын­даған «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз етуге бағытталған. Заң­ның жаңалықтарының бірі – азаматтар мен жергілікті қоғамдастықты құқық бұзу­шы­лықтардың алдын алу жұмыс­тарына тарту және оларды ынталандыру. Бұл дегеніміз – барлығы профилактиканы жүзеге асырады деген сөз. Мұндай тәжірибе барлық елде тиімді қолданылып келеді. Оны тиімді іске асыру қажет. Сонымен қатар заңда өскелең ұрпақты тәрбиелеу бойын­ша жаңа тәсілдер қарал­ған, бұл – қазіргі уақытта өте өзекті мәселе. Жасанды интел­лектіні пайдалану құқық бұзушы­лықтардың профилактикасы бойынша жедел шараларды алдын ала болжауға және әзірлеуге мүмкіндік береді», деп атап өтті Премьер-министр.

Мемлекеттік органдарға заңды жүзеге асыруға бағыт­тал­ған бар­лық нормативтік құқық­­тық акті­лерді әзірлеу мен қабылдауды жедел­дету тапсы­рылды. Әкім­дер жер­гілікті дең­гейде құқық бұзушы­лық­тардың алдын алу жүйесін құру­ды және оның жұ­мыс істеуін қамтамасыз етуге, азаматтарды құқықтық тәрбиелеуге ерекше назар аударуға тиіс.

Премьер-министр кәмелетке толмағандар жасаған құқық бұзу­шылықтардың санын азайту мақ­сатында бірқатар тапсырма берді. Ішкі істер министрлігіне түнгі уақытта патрульдер мен рейдтер жүргізу шеңберінде кәмелетке толмағандардың ересектердің қарауынсыз болу фактілерінің жолын кесу тапсырылды. Өңірлердің әкімдері – әсіресе ішкі істер органдарында есепте тұрған балаларды бос уақытымен қамтуды ұлғайту қажет.

Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрі Светлана Жа­қыпова әлеуметтік көмек әлеу­меттік тәуелділік пен құқық бұзушылықтың алдын алумен тікелей байланысты екенін айтты. «Бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін 153 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Осы жылдың басынан бері орта­лық мамандары 76 мың азаматқа 111 мыңнан астам қызмет көрсетті, бұл қиын өмірлік жағдайда отбасыларды кешенді сүйемелдеудің тиімділігін көрсетеді.

Бұдан бөлек, бұрын сотталған адамдар тарапынан қылмыстарға жол бермеу жөніндегі шаралар қаралды. Осылайша, жаңа заң барлық босатылған азаматтар үшін ойын-сауық орындарына баруға және түнгі уақытты өткі­зуге шектеулер бар әкімшілік қада­ға­­лауды енгізеді. Елімізде 2 402 төсек­тік орынға арналған 27 әлеу­мет­тік бейімдеу орталығы бар. Желі­ні кеңейту, сондай-ақ жұмыс беру­шілерді азаматтардың осы санатын жұмысқа орналастыруға ынталандыру жөнінде ұсыныстар енгізілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі отбасының цифрлық картасы және FSM Social платформасы арқылы белсенді қызмет көрсету және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша жұмыс жүргізіп отыр.

Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар өңірлік комиссиялардың жұмысына талдау жүргізді. Әкімдіктерге комис­сияның жұмыс тәртібін жаңа тәсілдерді ескере отырып қайта форматтау тапсырылды.

Отырыс қорытындысы бо­йынша қоғамдық қауіпсіздікті, көші-қон жағдайын және тағы басқаларды қамтамасыз ету тұ­жы­­рымдамасын жүзеге асыру мәсе­лелерін қамтитын ведом­ство­аралық комиссияның келесі жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Соңғы жаңалықтар

Egov Chatgpt сияқты жұмыс істейді

Технология • Бүгін, 22:48

Бішкекте бес жүлде бұйырды

Спорт • Бүгін, 19:18