Технология • 26 Желтоқсан, 2025

Еліміздің қорғаныс саласында қандай цифрлық шешімдер енгізілген?

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қорғаныс министрлігі әскерге шақыру және азаматтардың мерзімді әскери қызметі жүйесінде цифрлық шешімдерді енгізу ісін белсенді жалғастырып жатыр. Заманауи шешімдер медициналық тексеруден өту, азаматтарды ақпараттандыру, шақыру тізімдерін қалыптастыру және қызметті ұйымдастыру сияқты бағыттарды қамтиды, деп жазады Egemen.kz.

Еліміздің қорғаныс саласында қандай цифрлық шешімдер енгізілген?

Фото: gov.kz

Әскерге шақыру науқанын цифрландыру аясында «e-Медосмотр» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Жүйе Астана, Шымкент қалаларында және Қарағанды облысының Абай қаласында пилоттық режимде сәтті қолданылды. Салалық ведомоство мен денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен жобасы аталған процесті жеделдетіп, әскерге шақырылатын азаматтардың дерегін нақты уақытта алуға мүмкіндік береді.

«e-Медосмотр» ақпараттық жүйесінде әскерге шақырылатын азаматтың цифрлық медициналық картасы жасалып, 100-ден астам медициналық параметр бойынша ақпарат топтастырылады. Онда дәрігер қорытындыларын енгізуге, құжаттарды электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) және QR-код арқылы бекітуге, қосымша тексерілулерге жолдама беруге және олардың нәтижелерін электронды түрде алуға болады. Жүйе зертханалармен, медициналық құрал-жабдықтармен және мемлекеттік ақпараттық ресурстармен қамтылған. Қазіргі уақытта «e-Медосмотр» Астана, Шымкент қалалары, Жетісу және Батыс Қазақстан облыстарында енгізілген. Ақмола облысында жүйені қосу жұмыстары басталды.

Министрлік азаматтарды әскери қызмет өткеру тәртібімен таныстыру мақсатында ARMIA.KZ цифрлық сервисін іске қосты. Бұл сервиске жасанды интеллект енгізілген. Ол пайдаланушылардың сұрақтарына жедел жауап береді. ARMIA.KZ-ке Қорғаныс министрлігінің жалпы цифрлық жүйесі кіріктірілген.

Мемлекеттік кеңесші әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды

Әскерге шақыру жұмысы үшін «Smart военкомат» жүйесі де енгізілді. Жасанды интеллект технологиясына негізделген бұл жүйе әскерге шақырылатын азаматтардың тізімін автоматты түрде жасап, медициналық тексеруден өтуге байланысты хабарламалар жібереді. Тізім жасалған кезде азаматтардың жасы, антропометриялық деректері, денсаулық жағдайы, білім деңгейі, жүргізуші куәлігінің бар-жоғы және шақырудан соң кейінге қалдыру немесе босатылу ақпараты қамтылады.

Цифрлық тәсілдер мерзімді әскери қызмет барысында да қолданылады. Әуе қорғанысы күштерінің 78460 әскери бөлімінде жүзеге асырылып жатқан Sarbaz+ пилоттық жобасы жауынгерлік және арнайы дайындықтың жаңарған тұжырымдамасын, заманауи тұрмыстық және оқу инфрақұрылымын, әскери қызметшілердің фитнес-браслеттер арқылы медициналық мониторингін және қызмет кезінде IT, телекоммуникация және дрондарды басқару саласындағы азаматтық мамандықтарды алу мүмкіндігін қамтиды.

Соңғы жаңалықтар