Заң • 27 Желтоқсан, 2025

Атырау облысында сталкинг бабы бойынша алғашқы үкім шықты

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау облысының Құрманғазы аудандық сотында Қылмыстық кодекстің 115-1-бабында көзделген заңсыз аңду (сталкинг) дерегі бойынша алғашқы сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырау облысында сталкинг бабы бойынша алғашқы үкім шықты

Фото: Ашық дереккөз

Сот шешімімен айыпталушыға 200 сағат қоғамдық жұмыс жазасы тағайындалды.

Сотта анықталғандай, 5 қыркүйек күні азамат К. жәбірленушінің үйіне келіп, кіреберіс есікті жұлқылап, терезені қаққаннан кейін оқиға орнынан кетіп қалған. Кейін әйелдің қозғалысын бақылау мақсатында ол «2ГИС» қосымшасы арқылы жәбірленушінің кәмелетке толмаған балаларының телефон нөмірлеріне «достық» сұрауын жіберіп, ұлының жүрген жерін бақылауға мүмкіндік алған.

Екі аптадан соң мас күйде айыпталушы жәбірленушінің үйіне қайта келіп, ашық тұрған аулаға кіріп, терезелерге үңілген. Бұл әрекеттер жәбірленушінің еркінен тыс жасалған және күш қолданусыз жүзеге асқан.

Алғашында полиция бұл оқиға бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы («Ұсақ бұзақылық») бойынша хаттама толтырып, сот 60 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындаған. Алайда жәбірленуші тарап қосымша дәлелдер ұсынғаннан кейін іс қылмыстық іс ретінде қайта тіркелген.

Қылмыстық процесте прокурор айыпталушыға 200 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші неғұрлым қатаң жаза қолдануды талап етіп, моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талап-арыз берді. Айыпталушы өз кінәсін ішінара мойындады.

Сот жәбірленуші мен куәлардың айғақтары, оқиға орнынан алынған бейнежазбалар және өзге де материалдар негізінде айыпталушының кінәсі дәлелденді деп таныды. Ер адамның әрекеті елеулі зиян келтірген заңсыз аңду ретінде сараланды.

Нәтижесінде сот азамат К.-ны кінәлі деп танып, 200 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады. Сондай-ақ одан жәбірленушінің моральдық зияны үшін 400 мың теңге және өкіл қызметіне жұмсалған шығынды өтеу үшін 200 мың теңге өндірілді.

Соңғы жаңалықтар